ЛУВРДАҒЫ ШЫРАҒДАН

0
120

Адамзат тарихына үңілсеңіз есепсіз соғыстар, қақтығыстар барысында жеңуші жақтың тонаушылық әрекеттері, контрибуция есебінде қымбат заттарды тартып алуы негізінде небір адам қолынан туындаған асыл заттар бір елден бір елге көшіп отырғанын байқайсыз. Мұнан басқа контрабандалық жолмен де, авантюрист қазына іздеушілер мен қазіргі күнгі «қара археологтар» деп аталатындардың тапқанын шет елдерге сатуы арқылы да ежелгі Мысыр мен Таяу Шығыс елдерінен, Үндістан мен Қытайдан, Орталық Азия қалалары мен далаларынан есепсіз жәдігерлер қолды болып, дамыған елдердің музейлерінен немесе бай коллекционерлердің жеке қорларынан орын тапты.

Түркістандағы Ясауи кесенесінен қолды болған құндылықтардың ең бір ардақтысы туралы «Әзірет сұлтан» қорық мұражайының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат ТҰЯҚБАЕВ пен кездесіп осы Луврдағы шырағданның онда қалай барып қалғаны және оны елге қайтараудың қандай қисынды жолдары бар сұрақ төңірегінде пікір алысқан едік.

 

-Мәке, Сіздің шашыңыз осы Ясауи кесенесінің құндылықтарын зерттеу және жинаумен ағарғанын білеміз. Білдей бір мемелкеттің қазынасын ұрлау, тонаудың тарихына тоқталсаңыз. Әңгімемізді осыдан бастасақ.

-Иә,екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Германия бүкіл Еуропа елдері мен Ресейден есепсіз көп жәдігерлерді арнайы вагондармен тасып әкетті. Мұндай әрекеттен Кеңес Одағы да бас тартқан жоқ, өз мәдени құндылықтарын қайтарып қана қоймай контрибуция есебінде көптеген дүниелерді қоса әкетті.

Қазақстаннан жәдігерлеріміздің сыртқа тасылуы ХІХ ғасырдың аяғынан бастап белең алды. Алғашқы дерек В.В.Луниннің «Из истории русского востоковедения и археологии в Туркестане» деген еңбегінде келтірілген.

– Құдайға шүкір ең үлкен қазынамыз Тайқазанды 54 жылдан кейін маңдайымызға берген асылымыз Өзбекәлі Жәнібековтің жанкештілігінің арқасында елімізге қайтардық. Онан кейінгі керемет жәдігеріміз Ясауи кесенесінің шырағданы Луврға қалай барып қалған?

– Кесенедегі басты да құнды жәдігер деп Әмір Темір кесенеге сыйға тартқан тайқазан мен алты шырағдандарды айтамыз. Бұлардың да тағдыры әбден талқыға түсіп бүгіндері Ресей мен Францияға дейін жеткендері бар. Үш үлкен, үш кіші шырағдандардан бүгіндері кесенеде бір үлкен, екі кіші шырағдан ғана сақталған. Бір үлкен шырағданның үстіңгі бөлігі 1905 ж. 11 ақпанында ұрланып, ақыры, 1910 жылы Франциядан табылды. Сол жылы Археологиялық комиссияға үсті ұрланған шырағданның төменгі бөлігі салыстырылып көру үшін жіберіледі де Эрмитажда қалып қояды.

– Енді оны ұрлаған адам кім деген сұрақ туындайды?

– Ұры дейтіндей қолымда дәйегім жоқ. Айта алмаймын. Дегенмен Франциядағы үстіңгі бөлігі Жорж Марто  деген коллекционердің қолында болған. Ол қайтыс болған соң өз өсиеті бойынша 1916 жылы Луврға 7079, 7080 нөмірлермен өткізілген. Шырағдан бір-біріне киілетін үш бөліктен тұрады. Сондықтан, екі нөмірмен үстіңгі екі бөлігі белгіленген. Астыңғы үшінші бөлігі Қабірхана бөлмесінің еденіне бекітіліп тасталғандықтан ұрылар алып кете алмай қалып қойған. Бірақ, бұл да 1910 жылы Санкт-Петербургқа Франциядан алынған фотосуретімен салыстыру үшін жіберіледі.

Тарихи отанына қайтпай қалған бұл жәдігер қазіргі кезде Эрмитажда сақтаулы, тап осындай тағдыр кесенедегі тайқазан мен бір үлкен, бір кіші шырағданды да күтіп тұрды.

– Тайқазанның Эрмитаждағы тағдыры белгілі. Сонда осындағы шырағданның тағы біреуі Эрмитажда тұр ма? Оған қалай барған?

–  Иран өнері мен архитектурасы, тарихы мен мәдениеті, діні мен әдебиеті ертеден-ақ әлем ғалымдарының қызығушылығын туғызып келгені мәлім. 1935 жылы 11-16 қыркүйек аралығында «Иран өнері мен археологиясы» тақырыбымен үшінші халықаралық Конгресс Ленинградта Эрмитаж театрында жұмыс істеп, 18-қыркүйекте КСРО Халық комиссарлары Советінің төрағасы В.М.Молотовтың Конгресс делегаттарын Москвада қабылдауымен аяқталды.

Мұнан бұрынғы 1926 жылы Филадельфия, 1931 жылы Лондон Конгрестері де Иран әдебиеті, өнері, тарихы мен архитектурасына арналған болатын. Ал, үшінші Ленинград Конгресінің өтуіне Эрмитажда жинақталған Иран өнері мен археология табыстары ықпал етті.

Сонау І Петр заманынан бастап, онан соң ІІ Екатерина мен ХІХ ғасырлары Ресей императорлары тұсында жүргізілген саясат барысында Эрмитажға Иран өнеріне қатысты өте көп құнды заттар жинақталған болатын.

– Сонда алпауыт мемлекеттер құзғын қарға секілді өзге елдің жәдігерлеріне көз сүзген болып тұр ғой.

– Мұндай саясатты Кеңес үкіметі де қолдағанын осы Конгреске арналып ашылған, Эрмитаждың 83 залына орналасқан орасан көп көрме эспонаттарынан-ақ байқаймыз. 1931 жылы екінші Конгрестен соң-ақ бүкіл Орта Азия, Қазақстан мен Кавказ республикаларындағы Иран өнеріне қатысты жәдігерлер есепке алынып, 1934 жылы қаңтарынан бастап Ленинградқа тасыла бастады.

– Ясауи кесенесінен яғни Әзірет Сұлтаннан осы көрмеге Тайқазаннан басқа қандай жәдігерлер апарылды?

– Әзірет Сұлтан кесенесінен тайқазан мен бір үлкен, бір кіші шырағдан алып кетілді. Конгресте бұл жәдігерлер жайлы А.Ю. Якубовскийдің «Темір тұсындағы Иран шеберлері Орта Азияда» атты баяндамасында айтылды. Мұнан басқа да 16 елден келген 170 ғалым жасаған баяндамаларында өз зерттеулерінің нәтижелері жайлы әңгімеледі.

Эрмитаж директоры И.А. Орбелидің Қазақ АССР-і үкіметіне жіберген жеделхатында бұл жәдігерлер «… уақытша, көрмеге қою үшін» алынады делінген, осы құжат 1989 жылы қазанның қайтарылуына көп жәрдемі тиді. Бірақ, шырағдандар сол күйі Эрмитажда қалып қойды.

– Өзіңіз осы салада өмір бойы қызмет етіп келесіз. Ағалық ақылыңызды айтыңызшы. Осы жәдігерлерді қалай қайтара аламыз?

– Ендігі жерде, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Луврдағы, Эрмитаждағы шырағдандарды қайтаруға әрекет жасап жатырмыз. Өткен жолы Түркістанға Дәурен Абаев келген кезде де қаланың зиялы қауым өкілдері мұны айтты. Әсіресе, Түркістан облысының Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен ғалым Құлбек Ергөбек мұны Дәурен Абаевқа аманаттады. Аржағын білмеймін. Жалпы мұны ертеңгі сайлау қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолына алып, тиісті министрліктерге нақты тапсырма берсе, орындауға болатын нәрсе.

Ал, оның аржағында қазақтың соңғы ханы Кенесарының басы әкелініп, Түркістанға жерлеуін ұйымдастырсақ, еліміздің еңсесі бір көтеріліп қалар еді.

Сұқбаттасқан:

Ескендір ЕРТАЙ.

 

Leave a reply