Көліктен табылған қазына немесе маңдай термен тапқан адал ақшаға ештеңе жетпейді

0
111

Бұл 1994 жылы болған оқиға. Сайрам ауданы, Бадам елді мекенінің тұрғыны Жолдыбай Ибрагимов ағасымен бірге «Жигули» автокөлігімен келе жатты. Кенет алдарынан тағы бір жеңіл автокөлік оқыстан шыға келді де ойламаған жерден екі автокөлік соқтығысып қалды. Жолдыбайдың ағасының мінгені «Жигули» екенін айттық, ал, бұлармен соқтығысқан көлік шетелдік көлік болып шықты. Ол кезде мұндай көлікті қолы жеткендер ғана мінетін. Ал, бұлар сол көлікті соғып, кінәлі болып тұр ғой. Мойындары салбырады. Әрине, жәбірленушінікі жөн. Шетелдік көлік иесі «машинамды жөндеттіріп бер немесе кететін шығынды алақаныма сал» деген біреуден. Барлық жерде жұмыс қысқарып, жұрттың сандалып қалған кезі. Жәбірленуші сұраған теңгені қайдан тауып бере қояды? Әрі-бері ойланды. Ақырында соғылған көлікті үйлеріне сүйреп әкетті. «Мына күні көлігімді  жаңа күйінде қолыма ұстатасыңдар» деп жәбірленуші ол кетті.

Ағалы-інілі екеуі зыр жүгіріп соғылған көлікті жөндейтін шебер іздестіріп көріп еді, ешкімді таппады. Барының қолы бос емес. Келіп көргендер «біз әлі шетелдік көлік жөндеп көрмегенбіз» дегенді айтады. Не істеу керек? Ақыры ағалы-інілі екеуі білекті сыбанып жіберіп соғылған көлікті өздері жөндеуге кірісіп кетті. Әуелі шеберлерге барып, ақыл-кеңес сұрады, олардың қалай жұмыс істеп жатқандарын көрді. Сөйтіп жүріп алғашқы шетелдік көлікті қалпына келтірді-ау, әйтеуір.

Сол күні Жолдыбай ойға шомды. «Алып бара жатқан жұмыс жоқ, неге мен де «костоправ» болмаймын?» деген ой маза бермей қойды. Ақыры бір шешімге келді. Сөйтіп, өмірі қолына ұстап көрмеген кілт, балға, басқа да құралдарды сатып алды.

Сол жылдары ауыл адамдарында қаржы бола бермейтін. Көліктерін соғып алған, әлдебір тетігі кеткен жүргізушілер Жолдыбайды іздеді. Ол кезде жергілікті тұрғындарда отандық «Москвич», «Жигули», «Волга» сияқты автокөліктер ғана болатын. «Көлік жөндейтіндер бар ма екен?» деп сұрастырып жүріп, іздеп келеді. Жолдыбай жата қалып машина жөндейді. Қолы май-май, алақаны күс-күс. Сонда да жұмысын тоқтатпайды. Келушілердің көпшілігінде ақша да болмайды. Машина жөндеудің қыр-сырына терең бойлау үшін Жолдыбай кей көлікті ақысыз-пұлсыз да жөндеп бере салады. Сөйтіп жүріп ол шетелдік автокөліктерді де жөндеуді бір кісідей меңгеріп алды. Үйінен шеберхана ашты. Бұрынғыдай жалғыз өзі емес, енді жанына көмекшілер алды.

Төккен тердің есесі қайта бастады. Оған шәкірт болғандар енді өз алдарына шеберхана ашатын болды.

Бірде алдына жас жігіт келді. Бір басшының көлігін жүргізеді екен. Бастықты үйіне жеткізіп салып еркіндік алып құйғытып келе жатқанда «Волгасын» жарға соғады. Ал, таңертең сағат 8.00-де бастығын үйінен алып кетуі тиіс. Ол Жолдыбайдың шеберлігін естіп, жанұшырып жеткен бойы екен. Жас жігіт ертең бастығына уақтылы бармаса, үлкен дауға қалмақ. Тіпті, жұмыстан қуып жібермесіне кім кепіл?

Мұндайда адамгершілік танытпаса бола ма?! Жолдыбай сол түні ұйықтаған жоқ. Ал, таңалакеуімде ешқандай бүлінген белгісі жоқ автокөлік ауладан сырғып шығып бара жатты.

Бұдан да өткен бір «қызық» оқиға естен кетпейді. Күндердің күнінде оған бір соғылған көлікті сүйреп келді. Сыртта бірнеше көлік жөнделу кезегін күтіп тұр еді. Соғылған көлік солардың қатарына қойылды. Арада біршама уақыт өткенде бір кісі келіп, есік қақты.

– Мына көлік автобусқа соғылғанда ішінде менің келінім бар еді. Көліктер соқтығысқанда келінімнің бір сырғасы түсіп қалыпты. Сіз оны көрмедіңіз бе? – дейді ол.

Екеулеп көлікті аударып-төңкеріп қарады. Сырғаның сыңары көрінбейді. Аулада бірнеше күн жатты емес пе, жылтырап жатқан нәрсе болған соң ойнап жүрген балалардың бірі қалтасына салып кетуі де мүмкін ғой.

– Келініме енесі салған алтын сырға болатын. Оны енесінің енесі зергерлерге арнайы жасатқан екен. Біздің үйдегі жеңгең осы алтын сырғаны келінінің құлағына салады. Сыңарын тап деп күнде құлақ етімді жейді, – деді қонақ.

Бір күні көлік иесі қоңырау шалды.

– Жолдыбай, ұмытып кетіппін. Машинаның аккумуляторы жаңа еді. Босатып алып бөлек қоя салшы, – деді ол.

Жолдыбай аккумуляторды орнынан шешіп алды. Міне, қызық! Аккумулятордың астынан алтын сырғаның сыңары жарқырап шыға келмесі бар ма? Жолдыбай дереу сырға жоғалтып жүрген кісіге телефон соқты. Ол айтқан заматта-ақ жетіп келіп, сыңар сырғаны алып қуанып кетті. Сөйтсе, бұл сырға сол кездің өзінде 500 мың теңге тұрады екен ғой.

Тағы бірде оған «Волга» автокөлігін сүйреп кезекті клиенті келді. Атасының көлігі екен. Ол кісі қайтыс боп кеткен соң ұзақ уақыт тұрып қалыпты. «Әкеміздің көзі ғой. Мініп жүрейік» деп балалары «Волганы» сүйреп, көлік жөндеушілерге келеді.

Кезегі келгенде Жолдыбай бұл көліктің де «ішек-қарнын» ақтара бастады. Кенет жүргізуші отыратын орындық астынан газетке оралған әлдене шыға келгені. Орауын жазып қараса, бір дорба теңге. Сөйтсе, қарт кісі зейнетақысын «әлденеге керек болып қалар» деп осы жерге әкеп тыға берген екен ғой.

– Сүйінші! Көлігіңізден қазына табылды! – деп Жолдыбай көлік иесіне қоңырау шалады.

Көлік иесі түк түсінбей, аң-таң қалады.

– Әзілдеп тұрсыз ғой. Көлікке тағы қандай қосалқы бөлшек керек? – деп сұрады сосын.

– Рас айтамын. Келіп қазынаңызды алып кетіңіз, – деді бұл.

Көлік иесі таң қалды.

– Неге өзіңіз алмадыңыз? Бұл бізге белгісіз дүние еді ғой, – деді көлік иесі.

– Оңай олжа опа бермейді. Тегін ақша бүйір теседі. Маңдай термен тапқан адал ақшаға ештеңе жетпейді, – деп Жолдыбай көлік иесіне әкесінен қалған аманатты ұстатты.

…Сол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еді. Бір топ кавказдық жігіт көлік жөндетуге келді. Ол жүк салғышты ашқанда өз көзіне өзі сенбеді. Онда қару-жарақтың неше түрі жатыр еді. Содан кейін жөндеттіруге әкелген көліктің жүк салғышын, қуыс-қуысын қарайтын әдет тапты.

Иә, Жолдыбай Сманұлының осы салада еңбек етіп келе жатқанына отыз жылдан асыпты. Таяуда қолы алтын шеберге арнайы барып жолықтық.

– Мамандықтың жаманы жоқ. Мәселе, өз кәсібіңді сүюде. Мен де өз кәсібімді жақсы көремін. Жақсы көріп атқаратындықтан да ешкімнен нан сұрамаймын. Балаларымды да жастайынан осы кәсіпке баулып келемін. Жастарға айтарым, бастық боламын деп жоғары оқу орындарына білімің болса да, болмаса да түсуге ұмтыла бермеңдер. Қазіргі табыс – кәсіпте. Сол кәсіпті меңгерсең, мамандығыңды сүйсең, мына өмірде қиналмайсың, – дейді

Жолдыбай Сманұлы.

Ал, біз Сайрам ауданынан «Жолдыбайдың жолы болғыш екен ғой» деп қайттық.

Сабырбек Олжабай,

«Ońtústik Qazaqstan».

Leave a reply