AMANAT: АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН КҮТЕДІ

0
117

«AMANAT» партиясын қайта жаңғырту бағдарламасы аясында бірқатар бастамалар сәтті іске асырылып келеді. Ауыл-аймақтағы ағайынның мұң-мұқтажын тыңдауға бағытталған мобильді қоғамдық қабылдау жобасы 14 наурызда басталған болатын. Бүгін Түркістан облысына «AMANAT» партиясының Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері арнайы келіп, Отырар және Ордабасы аудандарының тұрғындарымен кездесті. Оған Облыстық партия филиалынң Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев пен Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев та қатысты.

Әуелі олар Ордабасы ауданына қарасты Жеңіс ауылдық округіне, кейін Отырар ауданындағы Ақтөбе ауылдық округіне барды. Екі ауылдық округтегі қабылдауларға жалпы саны 100-ден астам азамат өздерін алаңдатқан мәселелеріне жауап іздеп келді. Мұнан бөлек тағы 3 шалғайдағы ел өтінішіне назар салынды.

Қабылдауларда тұрғындардың басым бөлігі жаңа мектептер мен спорт алаңшаларын салу, ішшкі жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру, ауыл шаруашылығы, субсидия алу, ағын су, жайылым жер, ұялы байланыс пен интернет сапасының нашарлауы, тұрғын үй-коммуналдық, жұмыссыздық және әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Мәселен Жеңіс ауылдық округінің тұрғыны Усманов Әділбек шаруа қожалықтарына су жетіспеушілік ең өзекті проблема екенін айтты.

– Бүгін халыққа ортақ мәселе ағын су тапшылығын көтердім. “Р-6” каналы 1967 жылы құрылып, су сыйымдылығы секундына 2000 куб текше метр болған. Қазіргі таңда 1400 метрге азайған. Арықтың бойында 113 шаруа қожалық бар. Жаңа жайылым жерлерге су жеткізу қиын. Бүгін қабылдауда айтқан талабым арықты заңға сәйкес күрделі жөндеуден өткізу керек. Сапасыз болмауын қадағалап, комиссия мүшелігіне халықтың ішінен бір азаматты сайлағанымыз әділ болар еді. Мәселе шешіледі деп сенім артамыз, – деді өтініш иесі.

Партияның Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау өкілдері бұған дейін 4 облыста болып, халықтың арыз-шағымына құлақ асты. Ал, Түркістан облыстық филиалы мобильді қабылдауларын Қазығұрт, Созақ, Сарыағаш және Келес аудандарында өткізді. 20 ауылдық округ қамтылған қабылдауларға жалпы 786 азамат келіп, өз өтініштерін білдірді. Тіпті кейбірі ашық аспан астында ұйымдастырылып, ерекшеленді.

– Осы таңға дейін Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі 120-ға жуық қабылдауларды өткізіп, оған 1300-ден астам азаматтар келді. 1 айға жетпей өтініштердің 25%-ы оң шешімін тапты. Бүгін Ордабасы ауданы, Жеңіс ауылына келіп мобильді қоғамдық қабылдау өткіздік. Түркістан облысының басқарма басшылары, партияның депутаттық фракция мүшелері қатысып, азаматтарды қабылдады. Жеңіс ауылын сараптайтын болсақ, көп көтерілген мәселе суармалы егістік пен жайылым жерлері жайлы болды. Яғни екі қолға бір күрек табатын, жұмыс жасайтын азаматтар бар. Ең бастысы су жеткізу мәселесі республикалық деңгейде шешілуі керек. Осы тектес жайылым жер мен газдандыру мәселесі де өзекті. Сұрақтар жинақталып, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы Министрлікке хат жолданады. Әр мәселеге тиянақты жауап беруін қадағалаймыз, – дейді Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Азамат Біржанов.

Партияның Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаевтың айтуынша өңірлік филиалдың қабылдау бөлмелеріне 2021 жылы 22 600-ден астам өтініш келіп түскен. Қарау нәтижелері бойынша 70%-ы оң шешілді. Ал, биылғы жылдың 3 айында 4400-ге жуық шағым қабылданып, оның 48,8%-ы оңтайлы шешімін тапқан.

Leave a reply