Thursday, November 21

«AMANAT»: ШАЛҒАЙДАҒЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ КӨЗДЕЛУДЕ

0
141

 

Бәйдібек ауданының тұрғындары өзен арналарын су алу қаупі бар деп дабыл қағуда. Ағыбет ауылдық округіне қарасты Кіші және Шаян өзендерінің арналары мен көпірлері күрделі жөндеуді қажет етеді. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауына келген азаматтардың басым бөлігі аталған мәселенің шешілуіне көмек сұрады.

Қабылдау барысында облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев және облыстық мәслихат депутаты Ғабиден Қапалбаев тұрғындармен бірге проблеманы зерделеуге арнайы барды.

Ауыл жанашырларының уәжін тыңдаған Б.Тәжібаев:

– Бұл мәселелер облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралып, қажетті қаражат яғни 106 млн.теңге бөлінсе биыл тұрғындардың талабы орындалады,- дейді. Ал өзен арналарын қалпына келтіру жұмыстары Ғ.Қапалбаевтың демеушілігімен жүзеге асып, мәселе оң шешілмек.

Бәйдібек ауданында өткен кезекті мобильді қоғамдық қабылдауларда 210 азамат партияға сенім білдіріп, белсенділік танытты. Атап айтқанда, Борлысай, Алмалы, Бөген, Боралдай, Ағыбет, Жамбыл ауылдық округтерінен келген тұрғындар мұң-мұқтаждарын жеткізді.

Шалғайдағы 6 ауылға да ортақ мәселелер келесідей: жайылым және егістік жерлерді үлестіру, ауыз су және газбен қамту, ағын су және каналдарды тазалау, көшелерді жарықтандыру, асфальт жолдар салу, қоғамдық көліктерді көбейту, жаңа спорт залдар мен алаңшалар салу және ескілеріне күрделі жөндеу жасау, зейнет жасын қысқарту, субсидия алу, халықты құжаттандыру, интернет сапасының нашарлауы.

Мәселен, Бөген ауылдық округі, Шалдар ауылының тұрғыны Қ.Күздеуов дәрігерлік амбулаторияға жөндеу жұмыстарының жасалу уақытын анықтауға келген. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәлімдеуінше алдағы мамыр айында жөндеу жұмыстары аяқталып, қолданысқа беріледі.

Осы сынды өтініштерден бөлек жеке талап-тілектердің қатарында дәрігерлік және әлеуметтік көмек алу, жұмыссыздық, балаларды қамқоршылыққа алу жайлы өтініштер қабылданды. Жауапты басқармалар мен жергілікті бөлімдер тарапынан мәселе аясына қарай түсіндірмелер жүргізіліп, кеңестер берілді. М.Тілеубердиев зейнетақысын ҰОС ардагерлерімен теңестіруге өтініш жасады. Облыстық жауапты басқарма ҚР Еңбек және халықты қорғау Министрлігіне хат жолдайтындарын хабарлады.

Шешілуі уақытты қажет ететін өтініштер де жиі кездесті. Мәселен, Теректі мектебіне қосымша 10 сыныптық орын салу қажеттілігі туындап отыр. Себебі білім ордасында 332 оқушы бар. Бұл мәселе шешілмесе үш ауысымды мектептер қатарына ену қаупі тұрғындарды мазалауда. Б.Тәжібаев өз атынан депутаттық сауал жолдап, оңтайлы жолдарды қарастыратынын айтты. Аудандық мәслихат депутаттары да бірқатар шағымдарды жеке бақылауларына алды.

Тіркелген барлық өтініш заң аясында қаралады. Облыстық партия филиалының араласуымен шешілген мәселелер алдағы уақытта қосымша жарияланатын болады. Келесі қабылдауларды Төлеби ауданында өткізу жоспарлануда.

Leave a reply