«Shymkent Temir» өнімдері елімізден бөлек Өзбекстан мен Қытайға да экспортталуда
Мегаполисте отандық өнімдерді насихаттау жұмысы қарқынды жүргізілуде. Соның бірі -«Shymkent temir» зауыты. Аталған зауыт Оңтүстік индустриалды аймағында орналасқан. Аумағы – 21 га. Өндіріс ошағы 2017 жылы 15 ақпанда іске қосылған.
Небәрі 4 жыл өтсе де, зауыт алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың біріне айналды. Өнімнің сапасы жоғары болғандықтан соңғы уақытта шет мемлекеттерден сұраныс көлемі артқан. Оның ішінде Өзбекстан мен Қытай елі бар. Және Қазақстанның барлық аумағын қамтып отыр.
Зауытта темір-терсек қабылдайтын арнайы орын бар. Ондағы темірлерді реттеп, керектілерін зауытқа жібереді. Содан кейін 1600 градус ыстықта арнайы пеште ерітіп, керек формадағы болаттарды шығарады. Әрі қарай металлургияның кез келген өнімдерін: арматура, металл құрылымдар жəне түрлі металл бөлшектер жасауға дайын. Зауыт аумағында тұйықталған теміржол бар, газ құбыры, электр желісі мен су құбыры тартылған. Осылайша өндіріс алаңында жобаның толық жүзеге асырылуына бар жағдай жасалған.
Айта кетейік, бүгінде өндіріс ошағында 350 адам жұмыспен қамтылған. Мұндай қызметкерлерге міндеттелген жұмыстың жүгі ауыр. Десе де, мұндағы мамандар өз ісінің шебері болғандықтан жұмысын белсене істейді. Оның үстіне жалақысы да жоғары. Бұл ретте «Shymkent Temir» ЖШС-де қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында зауыт басшысы шетелден тəжірибелі мамандарды тұрақты түрде шақырып тұрады. Олардан түрлі дәріс алып, соңғы үлгідегі озық технологиялармен танысуға мүмкіндік алады.