«АЛТЫН ДОМБЫРА» — «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЭКСПОЗИЯСЫНДА

0
54

Айтыс – қазақ руханиятының алтын қазынасы, мәдени мұрасы, ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан асыл мұра, өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр ретінде жас ақын-жыршылардың тәжірибе мектебі, киелі мұраны насихаттап, талантты жастарымыздың шеберлігін шыңдауға ықпал етеді. Жыл сайынғы айтыскер ақындардың басын біріктіріп, «Алтын домбыра» аламанын ұйымдастыру дәстүрге айналған.

Республикалық айтыстың жеңімпазына «Алтын домбыра» ақынның туған өңірінде келесі жылғы жеңімпаз анықталғанша сақталады. Ал, егер «Алтын домбыраны» үш рет ұтып алған айтыскер, сол домбыраның иегері болады. Домбыра ұтып алған айтыскердің туған өлкесінде мәңгілікке қалдырылады. Осы ретте «Алтын домбыраның» бір жыл бойы қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, сақталуын қадағалау облыс немесе қала әкімдігіне ұсынылып, аталған өңірде «Алтын домбыра» аясында түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар өткізіп, бірегей тарихи және мәдени мұрамызды дәріптеу құндылықтарын арттыру бойынша жүргізіледі.

2021жылдың 11-12 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы, Qazaqstan орталық концерт залында Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік қасиетім, қастерлім!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Осы 10-шы рет өткізіліп отырған «Алтын домбыра» сайысының жеңімпазы Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», ҚР Мәдениет қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков атанды.

Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын қазақпыз. Біздің басты міндетіміз – халқымыздың қасиетті айтыс өнерін құрметтеу және қайта жаңғырту, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру. «Алтын домбыраны» Түркістан облыстық мәдениет басқармасының «Ұлы Дала Елі Орталығына» салтанатты түрде орналасу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Халықаралық айтыс ақындарымен жыршы термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман, айтыстың әділқазылар алқалары, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков және Министрліктің өкілдері қатысты.

Бекарыс ағамызға «Алтын домбыраның» мәңгі иегері болуына тілектеспіз! Түркістан төріндегі «Ұлы Дала Елі Орталығының» экспозициясындағы алтынмен апталған, брилианттармен безендірілген «Алтын домбыраны» тамашалауға шақырамыз.

Домбыра халқымыздың мұңымен қайғысын, қуанышымен күйінішін, тұрмыс — тіршілігін, арман — тілегін, батырлардың ерлігін, салт — дәстүрін, қазақтың кең сахара даласын сұлу табиғатын, тарихи аңыз күйлер арқылы суреттеген, атадан балаға, ұрпақтан — ұрпаққа осы заманымызға дейін мұра болып қалған, қазақтың киелі аспабы, қасиетті қара домбыра, десек қателеспейміз. Домбыра бұл қазақ халқының төлқұжаты!

З.ТАДЖИБАЕВА,

Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Ұлы Дала Елі Орталығы» ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі.

Leave a reply