ҚАЛДЫҚСЫЗ ӨҢДЕУ – ҚИЫНШЫЛЫҚТАН ҚҰТҚАРАДЫ

0
59

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент алдындағы баяндамасында ауыл шаруашылығы саласындағы бағаны тұрақтандыру мәселесіне ерекше көңіл аударды.

«Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен жəне жемшөппен қамтамасыз ету ісіне əсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жемшөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мəселелерін жəне егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауға тиіс.

Субсидияны тұрақты беруге қатысты мəселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тəсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын жəне ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз.

Жуырда болған заң бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу маңызды. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мəселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен əкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді»,- деп атап өтті.

Статистикалық мәліметке көз салсақ, елімізде жалпы ішкі өнімнің құрамындағы отандық тауар өндірушілердің үлесі шамамен 30 пайызды құрайды. Ал азық-түліктің 70%-ы елге импортталады. Бұл бағаның өсуіне ықпал етпей қоймайды. Ұлттық статистика бюросының 2021 жылдың басынан бастап сәбіз 45%-ға, картоп 38,5%-ға, күнбағыс майы 16,7%-ға, пияз 10,9%-ға және қант 9,2%-ға қымбаттағаны туралы деректері көзге ұрып тұр.

Үкімет бағаны екі тәсілмен тұрақтандыруға тырысып жатыр. Бірақ айтарлықтай нәтиже жоқ. Біріншісі – 6 пайызбен кәсіпкерлерге несие беру арқылы. Бірақ оған көп кәсіпкерлердің және шаруа қожалықтарының қолы жетпей отыр.

Екіншісі – азық-түлікті төмендетілген бағамен сататын әлеуметтік дүкендер арқылы. Бұл дүкендердің саны аз, ішкі нарықты толығымен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан да бұл тәсілдер нарықтағы бағаға көп әсерін тигізе алмай отыр. Сондықтан Үкімет ең алдымен әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатысты шекті бағаны бекітіп, өкілетті орган бағаның өзгеруін қатаң түрде бақылауы тиіс екендігі айдан анық.

Жақында ғана Үкімет еліміздегі азық-түлік өнімдерін шетке шығаруға алты айға мораторий жариялады. Алайда, Түркістан дихандары «көктемнің әр күні жылға азық» дегендей, қазірдің өзінде жерді өңдеп, бірқатары көкөністерді пленканың астына егуді де бастады. Үлкен көлемдегі егіспен айналысушылардың енді бірер айда алғашқы өнімдері базарға шыға бастағанда, тауарын өткізе алмай, ысырапқа ұшырап қалмай ма деген орынды сұрақ туады. Себебі, өткен жылдың жазында сарыағаштық дихандар Үкіметтен көмек сұрағанымен, қайран болмай, соңында 600 тоннадан астам қырыққабатты халыққа тегін таратып, белшеден шығынға батты. Осындай жағдайлар алдағы уақытта қайталанбауы үшін Үкіметтің және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімін өткізуіне көмектесіп қана қоймай, оны ұқсата пайдаланып, қалдықсыз өңдеу кәсіпорындарын ашуы тиіс.Тез бұзылатын қырыққабат, қызанақ, қиярдан, ет өнімдерінен  түрлі консервілер, тосаптар жасауға мүмкіндік бар.  Өйткені, қазірдің өзінде Түркістанда жылыжай шаруашылығы жоғары қарқынмен дамуда.   Оның барлығын өткізу қиындығы ертең алдымыздан шығады.

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру туралы пікірінде айтып өтті.

«Экономиканы əртараптандыру – күрделі міндет. Əртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың əл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркəсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнеркəсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді»,- деді.

Ендеше, ерте күнді кеш қылмай ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсата пайдаланып, ұзақ мерзімге сақталатындай етіп қалбырлап, неғұрлым қалдықсыз өнім шығару арқылы қандай қиыншылықтан болса да, қысылмай шығуға болатындығын өмір көрсетіп отыр.

Иса БЕРКІМБАЙ.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған