А.Алсейітов: МАҚСАТЫМЫЗ САПАЛЫ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҮЛЕС ҚОСУ

0
53

«Алем Бетон» – асфальт-бетон өндірісі еліміздің оңтүстік аймағында нарықта (2014 жылдан) ондаған жылдардан бері танымал, қуатты техникалық өндірістік базасы қалыптасқан ірі кәсіпорын. Бас кеңсе Шымкент қаласында орналасқан.

2019 жылы осы компанияның еншілес мекемесі ретінде Түркістанда «Алем Бетон-1» ЖШС құрылған болатын. Біз бүгін оқырмандарымызды «Алем Бетон-1» ЖШС асфальт-бетон өндірісі зауытының тыныс-тіршілігінен хабардар етпекпіз. Осы ретте өндіріс басшысы Алсейітов Асан Махмуджанұлымен сұхбаттасқан едік.

— Асан Махмуджанұлы, «Алем Бетон-1» ЖШС өндіріс мекемесі қай кезден жұмысын бастады?

— «Алем Бетон-1» ЖШС 2019 жылы 24 қаңтарда мемлекеттік тіркеуден өткенннен кейін бізге Аймақтық үйлестіру кеңесінің №1 хаттамасымен Түркістан индустриалды аймағынан инвистициалық жоба ретінде бекітіп, жер бөлініп берілді. Жеріміздің көлемі 3 гектарды құрайды. Сонымен, 2020 жылдан бастап асфальт-бетон өндірісі зауытының құрылысын бастадық. Өндіріс орнын құру оңай емес: құрылғыларды орнату, техникалық жабдықтарды шетелдерден жеткізу, оларды техникалық тексерістен, сынақтан өткізу т.б. ұйымдастыру процестері біршама уақыт алды. 2020 жылдың аяғында зауыт құрылысын толық аяқтадық. Алғашында бетон шығару құрылғысын орнаттық.

 

— Зауыт қандай өнімдер өндіреді?

— Зауыт бүгінде 14 түрлі асфальт-бетон өнімдерін нарыққа шығаруда. Атап айтқанда: асфальт құрамы бойынша ұсақ түйіршікті асфальт, ірі түйіршікті асфальт (крупнозернистый), ЩМА-15, ЩМА-20 т.б. жалпы 10 түрлі маркілерін шығарамыз. Екінші бағыт бетон құрамдары бойынша: жоғары сапалы бетон құрамдарының Марка -50-ден бастап, Марка-200, Марка-300, Марка-400 т.б. түрлерін шығарамыз. Қысқасы, зауыт 2022 жылдан бері санағанда асфальт-бетон өнімдерінің асортименті 18 түрін шығарып келдік. Соңғы кезде нарықтағы сұранысқа қарай 14 түрлі өнім түрін шығарып, клиенттерімізге ұсынып жатырмыз.

 

— Зауытта қанша адам жұмыс істейді?

— Зауытта бүгінгі таңда жалпы 20 адам жұмыс жасайды. Зауыт толыққанды автоматтандырылған, сондықтан аса көп қол күшін қажет етпейді. Мысалы, бетон және асфальт құрылғыларында 9 адам, операторлар бар, техника көлік-тасымал жағындағы жұмысшыларды қосқанда жалпы 20 адам жұмыс істейді.

 

— Жұмысшылардың жағдайы қалай? Жалақылары көңілден шыға ма?

— Зауыт, өндіріс орны болғандықтан. Біршама техникаларымыз бар. Құрылыс материалдарының барлық түрлерін өндіруге және жеткізуге арналған «Арнайы техника құралдары» дейміз. Оларды күтіп ұстау үшін гараж керек болды. Әуелі гараж соқтық, 2022 жылы кеңсемізді соғып бітірдік. Әрине, сонымен қатар, жұмысшылардың жағдайын жақсартуға басымдық берілді. Жұмысшылардың көбі аудандардан келіп жұмыс істейді. Сондықтан біз оларға жатақхана салуды жоспарлағанбыз.

Биыл міне, жақында жұмысшыларға арнап барлық жағдайы бар жатақхананы салып бітірдік. Жұмысшыларымыз осында ақы-пұлсыз тегін тұрып жатыр. Жатақхана ғимараты 2 қабатты, 35 орынға арналған: барлық жағдайы жасалған: душ бөлмесі, ас дайындау бөлмелері, демалыс бөлмесі т.б. қарастырылған. Одан тыс екі 2 мезгіл компания есебінен тамақ беріледі. Жұмысшының жағдайы неғұрлым жақсы болса, еңбек өнімділігі де соғұрлым жоғары болатыны сөзсіз. Сондықтан біз мейлінше жұмысшының жағдайын жақсартуға тырысып жатырмыз.

Жалақылары: 150-200 мың аралығында, жұмысшыларды қанағаттандырады.

 

— Өнімдеріңіз қай жақтарға сатылады? Асфальт-бетон өнімдеріне нарықта сұраныс бар ма?

— Өнімдерімізді тұтынатын, сатып алатын клиенттер базасы қалыптасқан. Ол бойынша арнайы маркетингтік жоспар түзілген. Жол құрылысымен айналысатын компаниялар біздің тікелей клиенттеріміз. Сол мекемелер бізге тапсырыс береді. Тапсырысқа қарай өнімдерді шығарып береміз. Клиенттердің көбі осы Түркістан қаласынан: мемлекеттік сатып алу конкурсынан ұтып алған «Әлемтрансжол» ЖШС, «Жаңа арна құрылыс» ЖШС т.б. жол құрылысы бойынша орташа жөндеу жұмыстарын жүргізетін серіктестіктер бізден асфальт құрамдарын қала ішінде абаттандыру жұмысымен айналысатын мердігер мекемелер бордюрлер, аяқжолдарының қаптамаларын орнатуға бетон құрамына тапсырыс береді. Яғни, Марка-150, Марка-200 т.б. сатып алып жатады. Ішінара іргелес аудандардан клиенттер бар.

 

— Шикізат жағы қалай жолға қойылған?

— Шикізат жағы бізде құм-тас карьерлерден келеді. Олармен де келісімшарттарымыз бар. Цементті «Шымкент цемент» зауытынан алдырамыз. Суды жерасты суларын пайдаланамыз. Индустриалды аймақта арнайы техникалық суға ұңғымалар орнатылған. Өндіріс болғандықтан суды көп пайдаланамыз, яғни техникалық суды. Бұл жөнінде «Жер асты суларын пайдалану жөнінде үкімет бекіткен Ереже бар. Ережеге сәйкес «Арал-Сырдария бассейні инспекциясы» мекемесімен ұзақжылдық келісімшарт жасасқанбыз. Техникалық су ұңғымасының тәулігіне 50м3 су алуға мүмкіндігі бар, 20м3 суды сақтауға арналған су резервуары бар, оған суесептегіш орнатылған, аталған мекемеге ақшасын уақытылы аударып отырамыз.

 

— Өндіріс көлемі қалай? Өнімдеріңіздің сапасы көңілден шыға ма?

— Өндіріс көлемі көңілден шығады, жаман емес. Өз басым жол құрылысы материалдары өндірісінде 10 жылға жуық еңбек тәжірибем бар. Асфальт құрамын, бетон құрамын сапалы өндіру үшін өнімдерімізді зертханаға жіберіп әр 3 жыл сайын сынамадан өткізіп, стандартқа сәйкестігі жөнінде сертификат алып отырамыз. CT KZ формасындағы тауар сапасы туралы сертификаттарымыз бар. Өнімді нақты 2021 жылдан нарыққа шығардық. Асфальт-бетон зауыт сағатына 130 тонна өнім береді, ал бетон құрылғысы сағатына 50 куб өндіріледі. Жылына сұранысқа қарай 80-100 мың тонна аралығында өнім өндіреміз.

 

— Техникаларыңыз бен технологиялық құрылғыларыңыздың жай-күйі қалай?

— Асфальт-бетон зауытына бөлшектері Қытайда шығарылып, өзімізде Қостанайда жиналатын «Луде-Каз» ЖШС-ның сағатына 130 тонна өнімділік қуаты бар РD-130 маркілі құрылғысын орнатқанбыз. Ал, бетон шығаратын зауытымызға орысша айтқанда Бетонно-раздаточны узел (БРУ) дейміз сағатына 60 тоннаға дейін өнімділік қуаты бар Түркияның ELKON бренді құрылғысын алдыртып, орнаттық.

 

— Өндірісті ашу барысында мемлекеттен қолдау болды ма?

— Жоғарыда айттым ғой, 2019 жылы алғаш зауыт ашқан кезде инвестициялық жоба ретінде ұсынғанбыз. Сол жобаға сәйкес Аймақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен зауытты ашуға рұқсат етілді, жер бөлініп берілді. Осы кезде әкімдік тарапынан зауытты құру бастамамызға қолдау болды, осыған да рахмет. Ал, шығындардың барлығы құрылтайшы мекеме тарапынан болды, былайша айтқанда өз қаражатымызбен аяққа тұрдық. Бұл әлбетте нарықтың заңы. Қазір беталысымыз жаман емес, перспективалық жоспарлар бар.

Компанияның басты миссиясы – жол құрылысы мекемелер үшін сапалы өнімдер шығарып, сенімді серіктеске айналу. Қаламыздың, өңірдің сапалы жолдармен қамтылуына үлес қосу.

 

— Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңізге береке тілеймін.

Сұхбаттасқан:

Әтіргүл ТӘШІМ,

«Түркістан».

Leave a reply