КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНДЕ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
66

Түркістан қаласын толықтай кәріз жүйесімен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны баршаға аян. Жыл басынан бері қала аумағында аталған жұмыстар бойынша жоспар жасалып, жұмыстар айтарлықтай нәтиже беруде. Шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбековтің қала тұрғындарымен кездесулерінде көтерілетін мәселелердің дені кәріз жүйелеріне байланысты болғандықтан, қалаға қосымша жаңа жүйе құрылыстарын жүргізу назарға алынғанын аңғару қиын емес. Тұрғындардың талап-тілегін орындау мақсаты да сапалы жүргізіледі деген сенім бар. Түркістандықтардың жіті бақылауындағы бұл жұмыстар бойынша жауапты мамандар да тапсырмалардың уақытылы орындалуын қадағалап жатқандарын жеткізді.

Айта кетейік, сарқынды сумен қамтамасыз ету жүйелері бойынша қалада сарқынды су желісі — 127,25 шақырымды құрап отыр. Оның ішінде – магистральдық – 39 км, көшедегілер желісі – 40 км, ішкі орамдағы және ішкі ауладағы желілер – 48.2 км құраған. Сондай-ақ, 27 КНС және сарқынды су тазалау ғимараты /КОС/ жұмыс істеп келеді. Оның қуаттылығы тәулігіне — 20000 м³. Жыл сайын «Жаңа қала», «Отырар» шағын аудандарында салынып жатқан көпқабатты үйлерді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары толықтай іске асып келеді. Қазіргі таңда қаладағы 7 нысанда кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, «Тұран – 2», «Отырар – 2», «Яссы – Ыждыхат» шағын аудандары, «Бекзат» және «Бірлік» секторларында және «Ортақ» мөлтек аудандарында, сонымен қатар 5 нысан қаржыландыруға ұсынылып, 4 нысанға жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Аталған жұмыстар аяқталғанда қаланың кәрізбен қамтылған бөлігін көбейту жоспарлануда. Нәтижесінде, 34 177 абонентке кәріз жүйесі қолжетімді болады. Естеріңізге сала кетейік, бұл көрсеткіш 2022 жылы 32% болған еді. Жауапты мамандар жұмыстардың биылға жоспарланған межесін толығымен орындауға күш салып жатқандықтарын айтады. Жоспарлы жұмыстар нәтижесінде аталған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағы 90%-ға дейін кәріз жүйесімен қамтылады. Ал биылғы межеге сәйкес, жылдың соңына дейін шырайлы шаһар 40% сарқынды су желісімен қамтамасыз етілетін болады. Дәлірек айтсақ, кәріз жүйесі жұмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға артады. Бұл қайырымды қала тұрғындарының қауіпсіз және салауатты өмір сүруіне арналған ауқымды жұмыстар деуге болады.

Осы орайда, қаламыздағы мөлтекаудандардағы кәріз жүйесі жұмыстарының жай-күйін Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің сектор меңгерушісі Смадияр Сабировтан сұраған болатынбыз. Айтуынша, қала бойынша жүргізілген сарқынды су желілерінің басым бөлігі магистралдық құбырлар болғандықтан, қала көлемін сарқынды су жүйесімен және абоненттік қосылымдармен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Жерасты суларының салдарынан қаламызда толық кәріз жүйелеріне арнап 15 жоба жасалған. Оның 11-і орындалып, 7 нысан бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр.

— Қазір абоненттік қосылымдарға жобалық-сметалық құжаттамалар жасалып, республикаға қаржыландыру бойынша ұсынылуда. Толық мемлекеттік қабылдаудан өткен аумақтарда қазіргі таңда жұмыстар толықтай аяқталуға жақын. Қаланың әрбір мөлтекаудандарында, одан бөлек Баянауыл аймағында да жұмыстар айтарлықтай жақсы жасалуда. Кейбір қазба жұмыстарының салдарынан және ауа райының қолайсыздығынан тұрғындардан арыз-шағымдар түскен еді. Бірақ ондай келеңсіздіктер туындаған көшелердің бәріне белгіленген жобаны орындайтын мердігер компаниялардың есебінен тас төселді. Толық кәріз жүйесі аяқталғаннан кейін Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімі көшелерге асфальт төсейтін болады. Нысандар толық пайдалануға беріліп, жер табиғи қалпына келгенше тас төсеу арқылы халыққа уақытша жағдай жасайтын боламыз, — дейді С.Сабиров.

Сонымен қатар, кәріз жүйесі жұмыстары барысындағы мердігерлердің немқұрайлы жұмыстарына тұрғындардың шағымын жеткізген болатынбыз. Жауапты мамандар бұл олқылықтардың орны толтырылатын болатынын жеткізді. Мамандардың айтуынша, қазірге дейін 5 мердігерге шара қолданылып, бақылау басқармасына берілген. Қазіргі таңда сәйкессіздіктер анықталған мердігерлерге акт толтырылып, заң аясында шара жасалады. Қалалар мен ірі елді мекендерде кәріз суының қоршаған орта мен тұрғындар денсаулығына айтарлықтай зияны бары жасырын емес. Алдағы уақытта қаланың әр нүктесінде жүргізіліп жатқан кәріз құбырларын сапалы әрі қауіпсіз орнату басшылар мен жауапты бөлімнің жіті бақылауында болмақ.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

 

Leave a reply