ТҮРКІСТАНДА ТӨРТ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

0
53

Қанат Ұзақбайұлы, «Turkistan» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы ЖШС бас директоры:

— ҚХР мен Түркістан облысы тауар өндірушілерінің бірлескен көрмесін өткізудегі басты мақсат – екі ел арасындағы инвестициялық климатты жақсарту. Мамыр айында өңір басшысы Дархан Сатыбалды Қытайға жұмыс сапарымен барып қайтқан болатын. Сол сапар барысында екі елдің, оның ішінде Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі, автомобильдер жасау, пластмассадан бұйымдар жасау, робототехника т. б өндірісті дамытуда бірқатар ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізген болатын.

Бұл кездесулер нәтижесін беріп, қазіргі кезде 4 компаниямен келісімшарт жасалды. Таяу күндері Түркістан қаласының Индустриалды аймағындағы дайын өндіріс алаңында (brownfield) қазақ-қытай бірлесуімен бірнеше өндіріс орны ашылатын болады. Бірінші – ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, екінші – электр көліктерін қуаттағыштар шығару, үшінші – кабель желісін жасау, төртінші бағыт текстиль, яғни – шұлық және ерлер костюмін шығаратын фабрикалар құрылады. Жобалар келесі жылдың алғашқы тоқсанында жүзеге аспақ, ал текстиль бағыты бойынша жұмыстар басталып кетті деуге толық негіз бар.

Мұндай ірі кәсіпорындар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарға алынған. Бұл тарапта біздің тәжірибеміз бар. Бұған дейін де бізде Өзбекстанмен бірлескен тігін фабрикасы ашылып нәтижелі жұмыс жасап жатыр. Жалпы, бірлескен жобалардың тиімділігі көп. Қай елден инвестиция тартылып, бизнес ашқан жағдайда да жергілікті халықты жұмысқа тарту шартта көрсетіледі. Сондықтан мұның Түркістан өңіріне әлеуметтік-экономикалық жағынан оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Біз Индустриалды аймақ басшысына осыдан біраз жыл бұрын «Golden Camel» деген Қытаймен бірлескен тәулігіне 100 тоннадан астам түйе сүтін өңдеп құрғақ қоспалар шығаратын зауыт ашылып, бірақ көпке бармай жабылып қалу себебін сұраған едік. Қанат Ұзақбайұлы бұл сұрағымызға: «иә, ол да кезінде үлкен қаржы құйылған ірі жоба болды. Алайда өндіріс Әлемдік індетке байланысты тоқырауға ұшырап тоқтап қалды. Алдағы уақытта инвестор жұмысты қайта қолға алып жатыр және де осы жылдың соңғы тоқсанында зауытта жұмыс басталуы мүмкін», деп жауап берді. Кей жобалардың жарнамасы жер жарып, басы дардай, аяғы қылдай болып кететін, нақты өмірде басқа, есептер мен баяндамаларда басқаша болатынын көзіміз көріп жүр. Сала басшысына жоғарыдағыдай сауалымызды қоюмыздың сыры да өндірістің өміршең болуына тілектестіктен туған еді.

 

ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ӨРІСІ

Жоғарыда айтып өттік көрмеде жалпы саны 60-қа жуық тауар өндірушінің өнімдері қойылды. Олардың басым көбі отандық тауар өндіруші кәсіпорындар. Олардың арасында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Ленгір балмұздағы» зауыты, «Бөрте милка» ЖШС, «Эмир» брендімен танымал «Айқан» ЖШС, «Маяқұм шұбатын» өндіретін «Отырар сүт-ет» АШӨК, «Майлыкент–сүт» АШӨК, Келестен келген тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын «Саф» ЖШС, «Батсу» Бадам кірпіш зауыты сынды брендтерден бастап, кішігірім жеке кәсіпкерлер мен қарапайым өндірістік кооперативтер де бар. Солардың бірі – интенсивті бау шаруашылығымен айналысатын, жеміс шырындарын өндіретін «Dala – fruit» компаниясының өкілімен әңгіме өрбіткен едік.

Жеміскүл Қалиева, «Dala – fruit kz» ЖШС, жеміс сақтау қоймасының меңгерушісі :

–Біздің компания жемістерді өсіру, сақтау және жеміс шырындарын шығарумен айналысады. Кәсіпорын 2012 жылы құрылған, Сайрам ауданы , Әйтеке би ауылында «Дала фрукт» деген 135 гектар жерге егілген бауымыз бар. Онда алманың 15-тен астам сорттары өсіріледі. «Голден», «Айдарег», «Дала» т.б. алма түрлері бар, кәсіпорынның иелігінде жемістер мен көкөністерді сақтайтын 185 тонна сыйымдылығындағы 49 мұздатқыш-қоймалары бар. Сонымен қатар, сағатына 2000 литр жеміс шырынын сығу мүмкіндігі бар табиғи шырын өндіретін зауытымыз бар. Зауыттан 0,8л, 3,0 л , 10,0 л, 15,0-20,0 литр көлеміндегі шырындар шығады. Біздің кәсіпорынның елімізді жыл бойы балғын жемістермен қамту мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, Сарыарық ауылында 200 гектар бауымызда: алма, қара өрік, жүзім өсірілуде. Қара өріктің «Анжелика», «Даймонд» деген жаңа сорттарын өсіріп жатырмыз. Компания, сонымен қатар былтырдан бастап Түркістанда 400 гектар жерге бау егіп, «Түркістан фрукт» деп аталатын еншілес фирма құрды. Мұнда агрономдарымыз жер жағдайын климатты ескере отырып, өнімділігі жоғары қараша өрік түрлерін еккен болатын. Бау биылғы жылы жеміс беру керек еді, ауа райына байланысты (ерте көктемде үсік шалып) аздап алғашқы нышандарын байқатты. Десе де, келер жылдары жақсы өнім аламыз деген жоспар бар. Түркиялық сұрыптар өнімділігі өте жоғары. Бұл жаңа сұрыптар ерекше: көлемі жағынан алма пішіндес, етті.

Соңғы 3 жылды қарастыратын болсақ өзіміздің жинап алған (5500 тоннаға дейін жиналған) өнімдеріміз жылдық айналымға толық жетті. Алма жеткілікті болды. Бірақ, биылғы жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты алмалар жақсы болмады, сондықтан алманы сырттан алып келу мәселесі қарастырылып жатыр. Қалай болғанда жеміс шырыны өндірісін тоқтатпайтынымыз анық.

Компания өнімдері қыркүйек айынан бастап ішкі нарыққа жол тартады. Әуелі жергілікті нарыққа арзандау түрлері сатылады. Қазақстанның барлық қалаларына сұранысқа қарай түрлі сұрыпты алмаларымыз жеткізіледі. Логистика: жүк көліктері паркіміз бар. Қыс айларында Ресейге кетеді. Ресейден сұраныс жоғары болуда. Еліміздің «Магнум», «Галмарт», «Метро» секілді ірі сауда желілерімен келісімшарттарымыз бар. Астана, Ақтау, Батыс Қазақстан өңірлерінен сұраныс жоғары болды. Алманың жоғары сұрыптарын нарыққа алма күйінде шығарамыз, 2-3 сұрыптарынан шырын сығып өнім ретінде ұсынамыз. Шырындарымыз табиғи, таза экологиялық өнім ретінде нарықта орныққан, тұтынушыдан бағасын алған. Даму Қоры ұйымдастырған «Ұлттық өнім» жәрмеңкесі, ауылшарушылығы байқауларының сертификаттарын иеленген. Өткен жылы өнімдеріміздің 80 пайызын экспортқа шығардық.

Технологияға келетін болсақ, құрылғылардың барлығы Италиядан алынған, технологтарымыз да сол жақта оқып, біліктіліктерін жетілдірген мамандар. Өткен жылы Ресейден көп сұраныс болды дедім ғой. Сонда клиенттің сұранысына орай қаптама (упаковка) жасалып отырды. Клиент 50-55 немесе 60-65, 75-50 колибрлі (колибр – алманың өлшемі) алманы талап етсе соған қарай аппарат өзі сұрыптап береді, жұмысшылар тек қораптарға салып отырады. Компанияда 79 адам жұмыс істейді.

ТҮЙІН

Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі – әлемдік нарыққа шығудың ірі көзі. Облыстың экономикасын дамытудың басым бағыттарын ескере отырып, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, туризм, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оған бүгінгі өткен мына көрмеге қатысқандар анық аңғарғандаймыз.

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

«Түркістан».

Leave a reply