ТҮРКІСТАНДА ВЕЛОСИПЕД  ЖОЛДАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

0
44

Велосипед – адам күшімен қозғалатын көлік түрі. Көбінесе екі доңғалақты, кейбір кездерде үш доңғалақты түрлері де кездеседі. Ең алғашқы бұл көлік жайында ХІХ ғасырдан бастап сөз бола бастағанын байқауға болады. Бүгінгі таңда саны 1 миллиардтан астам азамат аталған қозғалыс көлігін пайдаланатын көрінеді. Біздің елде «шайтанарба» деген атты еншілеген велосипед спортта ғана емес, серуендеуге, тіпті негізгі транспорт түрі болып табылады. Облыс орталығы атанғанына 5 жыл толған Түркістан қаласында да бұл көлік түріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы 3 жыл ішінде қос дөңгелекті көлікті пайдаланушылар саны едәуір артқанына көрер көз куә. Бұл бағытта қаланың инфраструктурасы да біршама өзгеріске ұшырап жатқанын айтпай кетуге болмайды.

Негізінен, қарт қаламыз өңір орталығы болмай тұрып бұл көлікті ешкім пайдаланбады деуге болмайды. Сауданың сырын біліп, жолын тапқан түркістандықтар бұл көлік түрін өз пайдасына қолдана білгені айтпаса да түсінікті. Бірақ, шайтанарбаның шапағатын көргендер қала көшелеріндегі қозғалысқа кедергісін тигізіп, автокөлік жүргізушілерімен жол бойына таласып, жол қауіпсіздігінің бұзылуына себепші болған жәйттар жиі кездесетін. Ал, соңғы үш жыл көлемінде салынған арнайы веложолақтар бұл түйіткілдің шешілуіне бастар даңғыл жол болып келеді.

Қазіргі таңда Түркістан қаласының басты 22 көшесінде 72,3 шақырым веложол төселген. Олардың ішінде шаһар үшін маңызды Б. Саттарханов даңғылы, Түркістан-Шәуілдір бағытындағы тас жол бойы, Жібек Жолы көшесі, Тәуке хан мен Қожанов, сонымен қатар, Кентау бағытындағы тас жол бойында веложолдар төселіп, облыс орталығының ажарын аша түскен. Бұл жолдардың салынуы қос дөңгелекті көлікті пайдаланушыларға үлкен мүмкіндік ашып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанатын спортшыларға да көмегін тигізген. Бүгінгі күні, қала көшелерінде біз сөз етіп отырған көлікті тізгіндеген түрлі жастағы азаматтарды кезіктіру қиын емес. Олардың бірі — Нұрбол Амангелді. Ол бала күнінен велосипед айдағанды жақсы көретінін айтып, веложолдар ашылғалы бері бұл іспен айналысу жан рақатына айналғанын жасырмады.

«Сөздің шыны керек, велосипед айдау арқылы барлық проблемамды ұмытамын. Таңғы салқынмен жаңарған қаланы аралау арқылы күйзелістен арылғандай күй кешемін. Біз секілді велоспортты жаны сүйетіндерге соңғы жылдары жақсы жағдай жасалып жатыр. Бұқаралық спорттың дамуына да түрткі болды десем қателеспеймін»- дейді Нұрбол Жалғасұлы.

Қала көркін ашып, сәніне сән қосатын веложолдар саны алдағы уақытта да арта бермек. Бүгінгі күні шаһардағы Жангелдин көшесінде, Қазыбек би мен Жарылқапов аралығындағы жолда, Қожабаев көшесінде және Бектұрсын-Қалаби көшелерінде автокөлік жолдарымен қатар, веложолақтардың да құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр. Жалпы аумағы 37,8 шақырымды құрайтын веложолдар 2024 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Қаладағы велосипед тебушілердің санының артуына веложолдар ғана түрткі болды деуге болмайды. Бұқаралық спорттың дамуы үшін жағдай жасауды көздеген қала басшылары 2020 жылы «TurkistanBike» автоматтандырылған велопрокат жүйесінің іске қосылуына мұрындық болған еді. Қаржысы қала халқының қалтасын қақпайтын бұл жоба арқылы да қос дөңгелекті көліктің шарапатына бөленіп, рақатына пайдаланып жүргендер жетерлік. Соңғы мәліметтерге сәйкес, қала көлемінде бүгінгі таңда 40-қа жуық жоба аясында жұмыс жасайтын велосипед бар. Олар кез-келген уақытта қала тұрғындары мен қонақтарының қозғалысын қолайлы етуге әзір. Сонымен қатар, ағымдағы жылы ғана қолданысқа енген электросамокаттар жайында да айтпай кетуге болмайды. Қазіргі таңда қала көлемінде 130-ға жуық самокат JET қосымшасы арқылы қызмет етуге әзір. Аталған қосымша арқылы электросамокатты жалға алып қана қоймай, алдын ала броньдау мүмкіндігі де бар.

Жалпы, велосипед айдаудың пайдасы орасан. Ғалымдар қос дөңгелекті шайтанарбаны тізгіндеу арқылы біршама аурудың алдын алуға болатынын айтады. Мәселен, велосипед айдау арқылы күйзелістен арылуға, жүрек пен тамырлардың жұмысын реттеуге, ағзадағы зат алмасу құбылысының жылдам жүруіне, артық салмақтан арылуға, варикозды емдеп, тіпті көздің көру қабілетін жақсартуға да тигізер әсерінің мол екенін алға тартады. Демек, қасиетті Түркістан қаласындағы ауқымы кеңейіп, саны артқан веложолдар шаһар тұрғындарының денсаулығы үшін де қажеттілігі күн санап артып келе жатқан дүние. Жасалған жағдайдың арқасында біздің қаламыздан да өз Александр Винокуровымыз шығарына сенім мол.

 

Досхан ТӨЛЕГЕНОВ.

Leave a reply