Елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында жұмыстар атқарылуда

0
56

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» деп аталатын сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға басымдық берген еді. Алдағы жеті жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін 1 трлн. теңге бөлу көзделген. Бұл қаражат ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. ҚР Парламентінің VIII шақырылымдағы алғашқы сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін мәлімдеді. «AMANAT» партиясы аталған жобаны Үкіметпен бірлесіп жүзеге асыруда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов мәлім етті.

Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы өңірімізден орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатыса алады деп жоспарланып отыр.

– Аталған жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар, – деді Нұрбол Бекмұратов.

Сондай-ақ, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Нұрлыбек Исаев несие шарттарымен таныстырды.

– Бұл бағдарлама негізінен ауыл шарушылығын өркендетуге басымдық береді. Несие алу үшін ауыл тұрғындары ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Ауыл әкімдіктері тұрғындар несие алғанша толық сүйемелдеу жүргізеді. Несие алушылар – ауылдық елдімекен тұрғындары және зейнет жасынан аспауы тиіс. Кәсіпті ашуға оқыту жұмыстары тегін жүргізіледі. Әрі несиесін толық жауып, кәсібін дамытатын болса, жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізуге болады, – деді Нұрлыбек Исаев.

Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін. Жауапты сала өкілдері несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігудің пайдасы көп екенін атап өтті. Себебі бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды пайдалануға мүмкіндік береді.

«AMANAT»-тың Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, жоба аясында шаруалар өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несие рәсімдей алады; лизингке ауыл шаруашылығы техникасын ала алады, ал техника құнының 50%-ын мемлекет субсидиялайды; сервистік-өткізу кооперативтерін құра алады және тағы басқа.

– «АМАNАТ» партиясы ауылдың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығын қолдау – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі екеніне сенімді. Жеке қосалқы және шаруа қожалықтары, фермалар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары әрдайым түсінікті және тұрақты ережелер бойынша қолдауға ие болуы тиіс. Сондықтан біз Үкімет мүшелерімен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасы аясында Президент тапсырмаларын орындау мақсатында жергілікті жерлерде қабылданатын шаралармен танысып жатырмыз. Бұл жоба ауыл тұрғындарына өз ісін ашуға мүмкіндік бере отырып, халықтың табысын арттыруға ықпал етеді. Партия тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, жобаға қатысушыларды оқытамыз», — деді Эльдар Жұмағазиев.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде «Ауыл аманаты» жобасы ауылдағы жұмыспен қамту мәселесін шешуге септігін тигізетінін жеткізді.

–Көктем – бастаманы өз қолыңызға алу, өз бизнесіңізді бастау уақыты. Оның үстіне мемлекет жеке қосалқы шаруашылықты немесе кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қолайлы жағдайлар, несиелік демалыстар және басқа да мүмкіндіктер береді. Облыс әкімдігінің тапсырысына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Атырау облысына 1 млрд 504 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 188 несие беріп, 200-ге жуық жеке қосалқы шаруашылық құру жоспарлануда, — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Өз кезегінде, кездесуге қатысқан шаруа қожалығының басшысы Асқар Тасқалиев дайын өнімді халыққа қолжетімді бағамен жеткізу үшін мемлекет қолдауы қажет екенін атап өтті.

–Өнім өткізуге қатысты бірқатар мәселе бар. Себебі жанармай, тыңайтқыш, жұмысшыларға төленетін жалақы құны өсіп жатыр. Алайда барлық шығынды түпкі өнім құнына қосатын болсақ, шаруалар тұтынушысыз қалады, – деді ол.

Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қалаларды аралап, тұрғындармен кездесу барысында «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыру керектігін айтқан болатын. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. Бүгінде аталған бастаманы жан-жақты насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.
«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп отыр. Несиелендіру 6 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, балық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашу.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбековтың айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру барысында несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Жоба шеңберінде кәсібін дөңгелетуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 27 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар.
–Халық игілігіне жасалған әрбір жоба өз жемісін береді. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады және бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Себебі бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады, – дейді Нұрбол Рысбеков.
Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс әкімдігімен бірлесе отырып, өңір бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды түсіндіріп, бизнес жоспар дайындап, құжаттарды жинақтауға көмек береді.
Еске сала кетсек, жобаға қызығушылық танытқан ауыл тұрғындары толық ақпаратты аудандық «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына» жүгініп, нақтылай алады.
Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру үшін Үкімет Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітіп, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойған болатын. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында ҚР Президенті лауазымына кіріскеннен кейін осы Тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойды.

Құжатта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90% өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Негізгі мақсаттардың бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.

Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасады. Бұл ретте ауылдық елді мекендерде өз қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілердің шығындары жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидияланатын болады. Ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Оған қоса шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңарту мен негізгі қызметтерді қамтамасыз етудің арқасында халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланып отыр. Ал еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы қосу мүмкіндігі қаралатын болады. Сонымен қатар тұжырымдама аясында топырақ құнарын жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жаңа суармалы учаскелерді айналымға енгізу, су қоймаларын реконструкциялау және салу, өнімділікті арттыру, дақылдарды әртараптандыру және т.б. бойынша жүйелі шаралар көзделген.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін агроөнеркәсіп өндірісін жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы шешу жоспарланып отыр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жем-шөп, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ делдалдарсыз тұрақты түрде тауар өткізіп отыруға мүмкіндік береді. Жалпы мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарық, көлік және логистика инфрақұрылымын қалыптастыруға ықпал етпек. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары ашылып, жас кадрлардың тұрақтап қалуына жағдай жасалады.

«Ауыл аманаты» жобасы осындай құралдардың бірі болмақ, оның аясында жеке қосалқы шаруашылықтарға жылдық 2,5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен шағын несие беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техника, жабдық лизингі және т.б. қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ ауылда азық-түліктің негізгі түрлері бойынша импортты алмастыратын инвестициялық жобаларды қолдау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша тәжірибесі қолданылмақ.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы басқа да бірқатар іс-шараны көздейді, оның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.б. бар. Бұл туралы толығырақ Тұжырымдаманың өзінен оқуға болады.

Оны іске асыру нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8% дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2% дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100, интернетпен 97% қамтылады, сондай-ақ нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95% жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың басында республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда ел халқының 38,2% немесе 7,5 млн адам тұрады. Жобаның міндеттері:ауыл халқын агробизнеске тарту,ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді жан-жақты қолдау, азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді шешу,азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру,ауылдардың экономикалық әлеуеті мен мамандану бағыттарын анықтау.

13-22 маусым және 11-20 шілде аралығындағы кезеңде Саяси менеджмент академиясы жоба аясында «Табыстарды көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі саласында басшының құзыреттілігін арттыру» тақырыбы бойынша еліміздің барлық ауыл әкімдерін оқытты. Барлығы 2135 ауыл әкімі мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшысы оқытылды.

Жоба аясында «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Ауыл Аманаты» жобасының мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру бойынша 40 күндік ақпараттық марафон іске қосылды. Мобильді топтар республикамыздың барлық облыстары бойынша 175 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округін аралады.

Кездесу барысында мобильді топ мүшелері ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие берудің, лизингтің жаңа мүмкіндіктері және халықтың табысын арттыруға бағытталған басқа да құралдар туралы ақпарат берді, сондай-ақ ауыл азаматтарының сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, оларға нақты жауаптар берді. Бағдарлама аясында жыл сайын еліміздің барлық облыстарына жобаны іске асыруға бюджеттік кредиттер берілетін болады. Жоба 2023 жылы басталып, 2025 жылға дейін жалғасады.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған