ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШҚА ҚОЛДАУ БАР

0
49
Әлеуметтік желіде ақсукенттік 19 жастағы өнертапқыш Мұхамеджан Кеңесбектің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап протез жасап шығарып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев Мұхамеджан-ның үйіне арнайы барып, жас кәсіпкердің протез
жасау жұмысымен танысты. Жас өнертапқыш протездің ересектерге және балаларға арналған түрлерін жасап шығаруда. Протездер шетелдікіне қарағанда арзан және көпфункционалды. Жаңа технологияларды жетік меңгерген Мұхамеджанның бастамасын көпшілік қолдап жатыр.
Протездер сенсорлық, телефон құрылғысы және ЭМГ арқылы, яғни бұлшықет арқылы жұмыс істейді. Қолға киетін протездермен 10 келіге дейін жүкті көтеруге болады.
Шымкент аграрлық колледжінде инженер мамандығы бойынша білім алған Мұхамеджан Кеңесбектің осындай жасанды қол жасау идеясы шетелдік басылымдарды оқу кезінде туған.
Аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев Мұхамеджанға мемлекет тарапынан қолдау көрсету шараларын қарастыру назарға алынатынын атап айтты.
Осыған орай жас кәсіпкер (ЖК «Кеңесбек») Мұхамеджан Кеңесбек «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына шақыртылды.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға болады.
Палатаның кеңесші-менеджері Қайрат Асылболатов М.Кеңесбекке Ұлттық жоба аясында облыс деңгейінде 5 млн. теңгеге дейін мемлекеттік грант алу және аудан әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы арқылы қайтарымсыз мемле-кеттік грант алу бойынша кеңес берді. Жас кәсіпкерге протез жасау үшін қажетті құрал-жабдықтар алу мақсатында бизнес-жоспар дайындауға онлайн өтінім жолданды.

Leave a reply