Сайрам ауданында жеміс-жидек өндіру жақсы дамыған

0
43

Әсіресе 2126 гектар баудың 475 гектары қарқынды. Атап айтқанда, «DalaFruit. kz» ЖШС, «DalaFruit. kz» АШӨК, «Алмалы S» АШӨК, «Food production LTD» ЖШС.

Былтыр 2126 гектар жеміс-жидек бауларындағы әр гектардан 83 центнерден, жалпы 17623 тонна өнім жиналған. Қарқынды баулардан алынатын өнімнің орташа түсімі гектарына 250-260 центнерді құрап отыр. Ауданда алманың «Золотой Превосход», «Семеренко», «Бес жұлдыз», «Кандил», «Мельба», «Старкрипсон» және аудандық жергілікті сорттар егіледі. Қарқынды бауларда егілетін сорттар Түркия, Италия сияқты шет елдерге шығарылады.

Биыл ауа райының қолайлы болуына байланысты жеміс-жидек өнімі мол болуы мүмкін. Жыл соңына қарай жалпы 30 мың тонна өнім алу жоспарлануда.

Осы күнге дейін шие және алхорының, ерте пісетін алманың «Мельба», «Белый налив», шиенің «Багратион», «Revna», алхорының «Богатырский», «Усурский» сорттарынан 4800 тонна өнім Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Тараз, Қостанай, Павлодар, Түркістан және Шымкент қалаларының базарларына шығарылды.

ЕКІНШІ ӨНІМГЕ КІРІСТІ

Қарабұлақ ауылының диқандары 1 келі картопты 108 теңгеден сатылымға шығарып жатыр. Өткен аптада бұл баға 90 теңгеге дейін түсті.

30 соттық жерге картоптың Коломбо сортын еккен диқан Фазылжан Ибрагимов 9 тонна өнімін жинап алды. Енді ол егін алқабын екінші өнім алуға дайындайды.

– Биыл ағын су тапшылығын көрмедік. Жылда әр ауылға кезекпен су беріп, соның өзінде егін суалып, біраз шығынға ұшырайтын едік. Биыл жақсы жетті. Енді тәуекел деп екінші өнімді егіп көреміз, – дейді ол.

Жылда өнімін Ресей асыратын сайрамдық шаруалар биыл алған өнімнің басым бөлігін Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтіп жатыр.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

ТАМШЫЛАТУДЫҢ ПАЙДАСЫ КӨП

Аудандағы Қарабұлақ ауылының диқандары картоп, қызанақ, қияр сынды көкөніске басымдық беретін. Соңғы екі жылда олар қауын-қарбыз егуді қолға ала бастады. Шағын жерден көп өнім алуға тамшылатып суғару технологиясы себеп болған.

Қазіргі таңда «Ибадулла» шаруа қожалығы 2 гектар жерге жоңышқа мен қарбыз егіп, өз ісін дөңгелетіп отыр. 1 гектар жоңышқасы малға азық, тағы 1 гектар жерден жылына 40 тоннадан 55 тоннаға дейін қарбыз алады.

Бұған дейін 583 мың теңгеден грант алған отбасылар соңғы 2-3 жылда тамшылатып суғару әдісіне үйреніп алды.

– Аудан бойынша жеке үйлерде 45 адам грант алды. Биыл грантқа бөлінетін қаражат – 1 миллион 255 мың теңге болып белгіленді. Бұл жағдайы төмен отбасыларына беріледі, — деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерболат Серікбаев.

Өткен жылы ауданда тамшылатып суғару әдісімен 600 гектар жер игерілсе, биылғы мақсат бұл межені 700 гектарға жеткізу. Органикалық табиғи дәрілеу әдісін осы тамшылатып суғару барысында пайдаланатын шаруалар қазір ағын суды ғана емес, дәрілеуге жұмсалатын шығындарын да үнемдеп отыр.

Leave a reply