ЖОЛДАУ — НАҚТЫ ІСКЕ КӨШУДІҢ ЖОЛЫН КӨРСЕТТІ

0
62
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауы өзі басқарып отырған мемлекеттің дамуын жан-жақты зерделеген, халқының әл-аухатын арттыруын көздеген жолдау болды деп білемін.Халық үніне құлақ асатын Президентіміздің бұл Жолдауы қоғамның, мемлекеттің сан саласын қамтыған, әбден таразыланған салмақты әрі тарихи мәні зор құжат деп қабылдадым.
«Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы күрделі кезеңде басталып отыр.Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төн­дірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін жә­не денсаулығын қорғау үшін бар күш-жіге­рімізді біріктірдік. Осындай сын сағат­та ынтымағы жарасқан халқымыз жұ­дырықтай жұмылды.  Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге ас­ты. Өзгеге қолұшын созып, тілеулес бо­лу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру ма­ңызды екені анық байқалды.  Дәрігерлерге, құқық қорғау орган­­да­рының қызметкерлеріне, әскери қыз­­метшілерге, еріктілерге, кәсіп­кер­­лерге және осындай шақта бейжай қал­маған барша азаматтарға шын жүрек­тен алғыс айтамын. Сіздер айрық­ша табан­дылықтың және зор жауап­кер­шіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер.Бұл Отанға деген шынайы сүйіс­пен­шіліктің көрінісі деп санаймын.Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-эконо­ми­калық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу.Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ.Миллионнан астам адамға азық-тү­лік және тұрмыстық заттар қоржыны бе­рілді. Елбасы – Nur Otan партиясы Төрағасының бастамасымен 550 мың­нан аса отбасы «Біргеміз!» қорының қол­дауы­мен біржолғы қаржылай көмекке ие болды.Пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналды. Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткеруде. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда.Үкімет жіберілген қателіктерден сабақ алып, жұмысты жедел жолға қоя білді. Ең бастысы – біз азаматтардан еш нәрсені жасырмай, індеттен қайтыс болғандар туралы ақпараттың барлығын ашық жарияладық. Қаншалықты ащы болса да, шындықты айтып отырмыз. Бұл – кейбір мемлекеттерге қарағанда Қазақстанның ұтымды тұсы.Алайда ахуалдың жақсаруы босаң­суға себеп болмауға тиіс. Күрес әлі жал­­­ға­суда. Дүниежүзілік денсаулық сақ­­тау ұйымының болжамы бойынша пан­­демия­ны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажет.Алдағы айларда күш-жігерімізді барынша жұмылдыра жұмыс істейтін боламыз. Осыған дайын болуымыз ке­рек. Мәселе туындаған кезде ғана шұ­ғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қа­былдап, барлығын жан-жақты ойлас­тырып жұмыс істеуіміз керек. Бар­лық шешімдер мұқият тексерілген бол­жам­дарға негізделуге тиіс.Үкімет нақты шектеулер мен бейімді карантин әдісін енгізуде. Пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді.Мемлекет тарапынан әлеуметтік сала­дағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орын­далатын болады. Бұл мақсатқа Ұлт­тық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Әлеу­мет­тік төлемдерді индексациялау жұмы­сы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жыл­ға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.Біз қазіргі қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Дегенмен, еліміздің жаңа геосаяси ахуалдағы ұзақ мерзімді дамуын естен шығармауымыз керек.Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет.Дей тұрғанмен, болашақта көш бас­тайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс», деді президент.
Өзіндік жолы айқын, әр қадамы нық, нақты жоспары бар тұлғаның әрбір лебізінен санамдағы әрбір сауалға жауап алғандай болдым. Бұл Жолдау, еліміздің тарихи құндылықтары мен осы кезеңнің күрделі тұстарын қабыстыра отырып қабылданған шешімдерге толы болды деп санаймын.
«Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі. Бұл саладағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет.Ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйе­сіне және оларды орындау жауап­кер­шілі­гіне деген көзқарасты өзгертуден бас­тауымыз керек.Пандемия және дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқару жүйесі бар күш-жігерін жұмылдырып жұмыс істеуде. Жедел шешімдер қабылдау айтарлықтай уақыт пен қаражатты талап етеді. Бірақ алдағы жоспарларды назардан тыс қал­дырмауымыз қажет. Сондықтан мен тікелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым. Бұрын мұндай орган болды және өз жұмысын ойдағыдай атқарды. Енді осы агенттік қайтадан тұтас мем­лекеттік жос­парлау жүйесінің негізгі орта­лығы­на айналады. Агенттік ұсынған реформалар нақты, іске асатын және ең бас­тысы, бар­лық мемле­кет­тік органдар үшін орын­дауға міндетті болуға тиіс.Реформалар жөніндегі жоғары прези­денттік кеңес құрылады. Бұл кеңестің шешімдері түпкілікті болады. Тез өзгеріп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшін Статистика комитеті Агенттік құрамына беріледі.Дәстүрге сай, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жоспарлау, орындау және бағалау қызметін негізінен мемлекеттік аппарат атқарады. Бұл – дұрыс емес.Мемлекеттік жоспарлау жүйесі адам ресурстарын барынша жұмылдыруға тиіс, яғни жеке сектор мен қоғам өкіл­дерін толыққанды серіктестер ретін­де жұмыстың барлық кезеңіне – жоспар­лауға, орындауға және бағалауға тартуы керек. Сан алуан көрсеткіштер мен индика­т­ор­лардан тұратын мемлекеттік бағдар­ламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Барша аза­матқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негіз­гі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәти­жесі болуға тиіс.Осындай түбегейлі реформаны жүр­гізу үшін мемлекеттік аппараттың қыз­ме­тін қайта қарау керек. Бұл мәселе бойынша реформаларды жоспарлау мен жүзеге асырудың үйлесімділігі аса маңызды.Мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құру керек. Пандемия ке­зінде мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуі мемлекеттік аппаратты қысқарту керектігін және бұған толық мүмкіндік бар екенін көрсетті.Мемлекеттік аппарат және квази-мемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқартқан жөн. Осылайша біз 2021 жылы шенеуніктердің санын 25 пайызға қысқарту мәселесін шешетін боламыз. Соның нәтижесінде және цифрландыру үдерісін ескере отырып, одан әрі қысқарту туралы шешім қабылдаймыз.Үнемделген қаражаттың есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көбейтетін боламыз. Еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп. Бұл мәселеге жете назар аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан  айырылуға, сондай-ақ ең сорақысы, жемқорлыққа әкеп соқтырады. Сондықтан 2021 жылғы 1 шілдеден бастап балдық-факторлық жүйе енгізілуге  тиіс. Мұндай жоба мем­лекеттік қызметшілердің құлшы­ны­сын арттырып, жауапкершілігін нығай­та түседі.Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби бі­лікті, озық ойлы және бастамашыл ма­ман­­дар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жет­пейтін жабық кастаға айналмауға тиіс.Сонымен қатар кәсіби және этикалық нормалардың құлдырауына жол бермей, сабақтастық пен институционалдық дәс­түрдің сақталуын қамтамасыз ету маңыз­ды. Осы тұста жауапты хатшылар институтына арнайы тоқталғым келеді.Бұл институтты енгізген кезінде жа­уапты хатшылардың жиі ауыспай жұмыс істеуі министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстардан босатып, аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етеді деген ой болған. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Тіпті министрлер мен жауапты хатшылардың арасында түсініспеушілік туындап жатады. Мұның салдары ортақ жұмысқа зиянын тигізеді.Негізгі жауапкершілік бір адамға, яғни Президент тағайындайтын министрге жүктелуі тиіс. Сондықтан жауапты хатшылар институтын жойып, олардың міндеттерін министрліктің аппарат басшыларына жүктеген жөн.Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру үшін осы жылдың соңына дейін мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді тапсырамын», деді президент.
Сонымен қатар, Тағы бір маңызды міндет – квази­мем­лекеттік компанияларды корпоративтік басқару ісін жақсарту мәселесін шешу екендігін айтты.Елімізде ондаған ұлттық компания және он мыңдаған мемлекеттік кәсіпорын бар. Бұл ретте ірі квазимемлекеттік мекемелер акционерлік қоғам ретінде жұмыс жүргізеді, яғни олардың мақсаты – пайда табу. Егер мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі оларға берілсе, мұндай ком­па­ниялардың жұмысы азаматтарға және экономикаға нақты қызмет көрсетуге арналып, қосымша сипатқа ие болуы тиіс.Көптеген акционерлік қоғамда қа­лып­ты түсініктер ауысып кеткен. Корпо­ративтік басқару қосымша бюро­кра­тиялық рәсімге айналып отыр.  Тұтас квазимемлекеттік секторды реформалау ісін жалғастыру қажет. Кей­бір шешімдер бүгін жарияланады, ал қал­ған мәселелер бойынша Үкімет маған ұсыныс береді.Жаңа жағдайдағы экономикалық даму.Ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқ­талған сияқты. Әлемдік нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керек.Әртараптандырылған және техно­ло­гияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ.Сонымен қатар экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек. Ұлт­тық табыстың өсімінен түсетін игілік­тер­ді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифті­лер­ді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өт­кір талабы міндетті түрде орындалуы тиіс.

Сондықтан еліміздің жаңа эконо­ми­калық бағдары басты жеті қағидатқа негізделуі керек:

  1. Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлі­нісі.
  2. Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі.
  3. Әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарық ашу.
  4. Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру.
  5. Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту.
  6. «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау.
  7. Мемлекет тарапынан дәйекті ше­шім­дер қабылдау және сол үшін қоғам ал­дында жауапты болу.

Бұл ретте біз бәсекеге қабілеттігімізді көр­­сететін артықшылығымызға және нақ­­ты мүмкіндіктерімізге сүйенуіміз керек.

«Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуе­тімізді толық пайдалану.Осы саладағы табыстарымызға қара­мастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінеді.Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды.Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет.Өнеркәсіпті реттеу және оған қолдау көрсету мәселелері түрлі заңнамалық актілерде көрініс тапқан. Бірақ ортақ мақсат көрсетілмеген, жүзеге асырылатын саясат пен шаралардың арасында өзара байланыс жоқ. Сондай-ақ жекелеген секторларды не­ме­се салаларды реттейтін көптеген заң бар.Мысалы, «Электр энергетикасы туралы» заң, «Көлік туралы» заң.Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағи­дат­тарын, мақсаттары мен міндеттерін бел­гілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуге тиіс.   Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз.  Әрине, өнеркәсіпке қолдау көрсетудің кең көлемді қамтитын ауқымды шараларын сақтап қаламыз. Сонымен бірге Үкімет стратегиялық тұрғыдан маңыз­ды өндірістерді, негізгі экспорттық басым­дықтарды айқындап, қолдау шара­ларының аясын кеңейту керек.Стратегиялық жобалар үшін заттай грантты, қаржыландыру жеңілдігін, жекелей кепілдікті, экспорттық қол­дау тәсілдерін топтап ұсыну жолын қарас­тыру керек. Инвесторлардың қаржы­лық шығынының бір бөлігін салық төлеуден босату арқылы өтеуге болады.Мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлар және жер қойнауын пайдаланушылар үшін кепілді сатып алу талабын қарастыру қажет.    Ең басты нәрсе – жобаның жүзеге асырылатын бүкіл кезеңінде заңнамалық шарттардың тұрақты болуы.   Әрине, тек бұл шаралармен ғана шектелмейміз. Нақты қолдау деңгейі жо­баға салынған қаражаттың көлеміне және оның басымдығына байланысты болады.  Мемлекет пен инвесторлар арасын­дағы уағдаластықтарды бекіту үшін стра­тегиялық инвестициялық келісім жасалады. Бұл – жаңа тәсіл.Осы бастаманы жыл соңына дейін эко­номикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі заң жобасы аясында жүзеге асыр­ған жөн. Үкімет стратегиялық келі­сім­дерге енетін жобалардың топтамасын 2021 жылдың сәуір айына дейін әзірлейді. Өңдеуші кәсіпорындардың отандық ши­кізатқа қолайлы бағамен толық қол жет­кізу мәселесі де жүйелі түрде шеші­луге тиіс. Үкіметке жыл соңына дейін еліміздің өңдеуші өндіріс орындарын шикізатпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бере­тін реттеу тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын.Өнеркәсіптің дамуына реттелетін сатып алу жүйесі тікелей әсер етеді. Оның көлемі 15 триллион теңгеге жуық немесе жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігін құ­райды. Үкімет пен әкімдердің міндеті – осы әлеуетті барынша пайдалану.Менің тапсырмам бойынша мем­лекеттік органдардың сатып алу жүйесін жақсарта түсетін жаңа заң қабылданды. Бірақ ұлттық компаниялардың сатып алу жүйесі әлі де болса ашық емес және оған қатардағы кәсіпкерлердің қолы жете бермейді. Жыл соңына дейін квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алу жұмыстарын реттейтін біртұтас заң қабылдауды тапсырамын. Реттелетін барлық сатып алулар барынша ашық және «Бір терезе» арқылы ғана жүзеге асырылуға тиіс.Егер тиісті құқық қолдану тәжірибесі болмаса, заңнаманы жетілдіргеннен ешқандай пайда жоқ.Шетелдің арзан әрі сапасыз тауарлары отандық өнім ретінде ұсынылып, сатып алу конкурстарында жеңіп шығатын кездері жиі болып тұрады. Отандық өнім өндірушілердің тізімі де, индустриалды сертификаттар да жалған өндірушілерге нақты тосқауыл қоя алмай отыр.Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін Қазақстанның қамту үлесін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлейді.Осы салаға қатысты ортақ міндет – өңдеу өнеркәсібінің өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде 1,5 есе арттыру.Алайда бір ғана өнеркәсіп саяса­ты арқылы индустриаландыру ісін айтар­лықтай ілгерілетуге қол жеткізе алмаймыз. Ақша-несие, салық және басқа да негізгі салалардағы саясаттың нақты сектор сұранысынан алшақтап кетпеуінің ма­ңызы зор. Бұған әлі толығырақ тоқта­ла­мын», деді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екендігін түсіндірді. Бұл салада шешімін таппай келе жат­қан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндіру­мен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қой­ма және көлік инфрақұрылымын дамы­ту мақсатында шұғыл шаралар қабыл­дау керек.

«Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, би­дай, майлы дақылдар, сүт өнім­дерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі эко­жүйе қа­лыптастыруға болады. Балық ша­руа­шы­лығына да ерекше мән берген жөн. Қо­сымша құн қалыптастырудың өзегі сана­латын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс.Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңір­лік азық-түлік хабтарын құруға жұ­мыл­дыру керек.Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында.Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет.     Тағы бір маңызды мәселе. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвес­тиция тарту ауадай қажет.Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы – бұл саладағы қордаланған мәселелер. Осы бағытта атқарушы билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керек.Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет.Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі қолданыстағы мемлекеттік бағдарлама келесі жылы аяқталады. Үкіметке бизнес өкілдерімен бірлесіп, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуге кірісуді тапсырамын», деді президент.

Негізгі міндеттеріміз:

– әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету;

– миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру;

– еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту;

– агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру.

Орынбаев Аманбай,
«Екпінді» шаруа қожалығының төрағасы.

Leave a reply