ИРРИГАЦИЯЛЫҚ АРЫҚТАР – СУДЫ ҮНЕМДЕУДІҢ КӨЗІ

0
62

Бүгінде Түркістан өңірінде жалпы саны екі жүзден астам көше ирригациялық арықтар арқылы суарылады. Ал қарқынды суару өрісіне өңірде айтарлықтай басымдық берілген. Айта кетейік, соңғы бес жылда қаланы жасыл желекпен көмкеру жұмыстары қарқынды атқарылып келеді. Оған дәлел, облыс орталығында 400 гектар жерде орналасқан саябақ пен жасыл желекті демалыс аймақтары қарастырылған.

Ал осы аталған саябақтар мен демалыс алаңқайларына себілетін су қайдан алынады деген сұрақ туындауы ғажап емес. Демек қолдан арықшалар жасаудың өзіндік себебі бары анық. Түркістан климаты құрғақ өңір болғандықтан, табиғатты сақтап қалу үшін керек дүниені қолдан жасауға тура келеді. Міне соның бірі, гидрантты суару жүйесін айтуға болады. Қаланы жасыл аймаққа айналдыру мен қолдан ағынды су арықтарын ойлап табудың бірден бір себебі, көгалды аумақтарды гидрантты жүйе арқылы суару. Сонымен, Түркістан өңіріндегі ирригациялық арықтардың көлемі 22,5 шақырымға дейінгі аралықты қамтиды. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда аталған арықтардан секундына 100 литрге дейін су алынады екен.

Ал қолдан жасалған ирригациялық арықтардың бастауы Арыс каналымен байланысты. Қазіргі таңда жерасты суларын пайдаланудың түрлі тәсілдері жолға қойылған. Яғни гидрантты суару жүйесі арқылы қаланың орталығы мен бірнеше секторлары ағын сумен қамтылып келеді. Мұндай жүйені іске қосудағы мақсат қала ішінен гидрантты су жүргізу жүйесінің көмегімен ағаштар мен гүлдерді суару болып табылады. Аталмыш жүйенің әсерінен өңірдегі саябақтар мен гүлзарлар саны 60-қа жуықтаған. Сондай-ақ, дәл осы жүйе 6 кезең бойынша атқарылады. Оның бірі ботаникалық бақтың 611 гектары болса, енді бірі Бекзат Саттарханов даңғылы мен Майкотов көшесінің бойындағы 620 гектар жасыл желекке гидрантты суару жүйесі қосылған. Ал қалған 4 бөлік яғни Қазыбек би мен Жарылқапов көшесі аралығы, «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» жолының бойы және Кентау тас жолы мен Оралман аумағы бойынша атқарылатын жұмыстар арнайы мамандар тарапынан зерделенуде. Сондай-ақ, аталған алты бағыт бойынша қолдан қарқынды суару жүйесі өңірдегі «Қотырбұлақ» су қоймасы арқылы іске асады.

Түркістан қаласы нағыз экологиялық аймақ болғандықтан, бірінші кезекте мекенді көгалдандыру жұмыстарын жолға қою маңызды. Айта кететіні бүгінде Түркістанды көгалдандыру жұмыстарынан бөлек жасанды көлшіктерді орнату және қала маңынан су қоймаларын іске қосу мамандардың басты назарында.

Шаһарды абаттандырудағы басты мақсат киелі мекеннің туризм саласын қанаттандыру болып табылады. Себебі жыл сайын қалаға келетін туристер саны артуда. Бұл игі бастама қала тұрғындары мен келген туристерге барынша ыңғайлы жағдай жасау мақсатында іске асып келеді. Мәліметтерге сүйенсек, биыл туризм саласына 69 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Қазіргі таңда жалпы саны он тоғыз туристік жоба пайдалануға беріліп үлгерген. Сонымен қатар, биыл 35 млрд. теңгеге тағы 10 жоба іске қосылмақ. Ал осы аталған жобалардың барлығы дерлік Түркістан туризмін дамытуға арналған жүйелер екендігі белгілі. Себебі, туризм саласы ел экономикасына айтарлықтай әсер ете алатын маңызды бөлік. Ағаштарды тамшылатып суару арнайы уақыттарға жіктелген. Мәселен, гидрантты құбырлар арқылы суару араға бір күн салып жүргізілсе, көгал көбірек егілген аумақтарда суару автоматтандырылған жаңбырлатқыштар арқылы күнде таңғы және кешкі уақыттарда қайталанады. Бүгінде тамшылатып суару жүйесі көгал жұмыстарына таптырмас мүмкіндік болып отыр.

Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған