«Мені мұратқа жеткізген адал еңбек»

0
46
Еңбекке бейім жастардың азайып, ауадан ақша жасағысы келіп, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді ойлайтын жасөспірімдердің көбеюінің жазырын түбінде бір тартатын шығармыз. Бүгінгі қоғамда табысқа тез кенелгісі келіп, оңай жерден ақша іздеп жүргендердің артуын рухани дерттің белгілері деп түсінуіміз қажет. Мемлекет азаматтарды еңбекке тарту, кәсіпке үйрету мақсатында бағдарламалар әзірлегені белгілі. Сондай бағдарламаны әжетіне жаратып, кәсібін бастап, шаруасын дөңгелетіп отырған жандардың бірі – отырарлық Мақсат Арқабаев.
Мақсат арбаға таңылғанына қарамастан осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіп бастауға бел буған екен. Нәтижесінде 2019 жылы «Бизнес – бастау» курсынан өтіп, қолына сертификатын да алған.
– Бизнес-коучтарымның нұсқауымен өзімнің бизнес-идеямды дүниеге әкелдім, оны арнайы құрылған комиссия алдында сәтті қорғап шықтым. Соның арқасында мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа ие болдым. Ол грант жеке бизнесімді бастауға сеп болды, – дейді кейіпкеріміз Мақсат Арқабаев.
Мемлекеттік грантқа ие болған соң Мақсат бірден тігін шеберханасын ашуға тәуекел еткен. Нәтижесі жаман емес, қазір Мақсаттың кәсібі өрге домалап тұр. Үйде отырып-ақ түрлі бұйымдарға, киімдерге тапсырыс қабылдайды.
– Кәсібімді қалай бастадым тапсырыстар солай үйіліп түсті. Тұтынушылар мен жасаған бұйымдардың сапалы әрі қолжетімді бағада екендігін айтады. Тапсырыстар күн сайын артып келеді. Осының барлығы адал еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесіндегі жетістіктер деп білемін. Сондықтан өзім секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға қай істе болмасын табандылық таныту қажет дер едім,– дейді Мақсат Құралбайұлы.
Кешегі бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезінде бетперде тігіп, халыққа тегін ұсынған кәсіпкер тігін тігуден бөлек, ұқыптылық пен асқан төзімділік, сыр алдырмас сабырды қажет ететін қолөнер бұйымдарын жасаумен де айналысады. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе өз кәсібін кеңейтіп, осы бағыттағы жұмыстарын әлі де дамытқысы келетінін айтады.

Leave a reply