Табысқа кенелген, алғысқа бөленген Алтынай

0
62
Түркістандық Алтынай Башарқызы кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаның көмегімен өз үйінен кондитерлік цех ашқан. 
Балабақшада 10 жылдай тәрбиеші болып жұмыс істеген Алтынай бағын бизнестен де байқап көруге байлам жасап,  2019 жылы   кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы курс бітіріп, «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы 555 мың теңге мемлекеттік грант ұтып алған. Сол қаржыға пеш және ас үйге арналған жабдықтар сатып алып, үйінде түрлі тәтті өнімдер дайындауды қолға алады. Уақыт өте келе өз өнімдеріне деген сұраныс артып келе жатқанын байқаған кәсіпкер халық көп шоғырланған орталық жерден «Алтынай тәттілері» атты дүкен ашады.
– Бұл кәсіппен айналысып жүргеніме бес жылға жуықтады. Төртінші қызыма декреттік демалысқа шыққанда үйде отырып торт пісіріп, тапсырыс қабылдап жүрдім. Осылай тәттілер пісіруге деген қызығушылығым ояна бастады. Өзімнің машықтанған кәсібім болған соң мемлекеттік бағдарламаны пайдалана отырып, осы істі түбегейлі қолға алғанды жөн көрдім. Содан балабақшадан заңды түрде жұмыстан шығып, үйдің жанынан цех аштым. Осыдан бір жыл бұрын кәсіпкерлерді қолдау қорынан көпбалалы ана ретінде 4 пайызбен 4 млн. теңге несие алдым. Ол ақшаға «Алтынай тәттілері» кондитерлік өнімдер  дүкенін ашып,  қажетті құрал-жабдықтар мен техника сатып алдым, – дейді Алтынай Башарқызы.
Цехта торт, тәтті нан, кекс, тоқаш, самса сияқты кондитерлік өнімнің түр-түрі шығарылады. Тапсырысқа қарай өнім түрлері де көбейіп отырады. Кәсіпкер әзірше 12-15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта аудан орталығынан тағы бір дүкен ашуды жоспарлануда.
– Ыстық жерде тұрып, ыстық пеште торт пісіру  оңай емес.  Алайда, бізді тұтынушылардың алғысы шабыттандырады. Біздің өнімге деген сұраныс жоғары болуының себебі, өнім дайындауда тек қана таза қосындыларды қолданамыз. Және бағасы да қолжетімді, –  дейді кәсіпкер.
Алтынай кәсіпкер болғысы келетін қыз-келіншектерге  тәуекелге барудан қорықпау керек екенін айтады. «Жаның қалаған іспен айналысу адамға бақыт сыйлайды. Ісің де алға басады. Әрекетке – берекет. Бастапқыда кедергілер өте көп болады. Қиыншылыққа мойынсұнбай, бастаған істі соңына дейін апару керек» деген ол осылайша өзінің сүйген кәсібінің арқасында алғыс та алып, табысқа да кенеліп отыр. Тәттілері тіл үйірген көп балалы ананың жұмысына біз де сәттілік тілеп қайттық.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған