Ресейлік өзінің бас сүйегін бұрғылап, миына чип орнатқан

0
50

40 жастағы ресейлік Михаил Радуга ешкімнің көмегінсіз бұрғыны пайдаланып, өз ұйқысын бақылау үшін миына чип салды. Алайда әдеттен тыс эксперимент оның өмірін қиып кете жаздады. Бұл туралы Infonews.kz сайты хабарлайды. 

Оқиға 17 мамырда орын алған. Ер адам таңғаларлық эксперимент туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Жазба авторының айтуынша, оның ерекше эксперименті туралы батыстық БАҚ-та бұрыннан жазылған. Ол өмірде мұндай тәжірибені жасауға болады екен деген сенімді сейілту үшін өз жазбасын суреттерімен жариялаған.

«REM ұйқы фазасында (ұйықтап кеткенде мидың белсенді жұмыс істеуі) миды ынталандыру эксперименті менің басты мақсатым болды. Алғашында басыма имплантты нейрохирургтер орнатады деп жоспарлағанмын, қылмыстық қауіптерге және басқа да белгілі жағдайға байланысты бұл тұрғыда зерттеудің болашағын көрмедім. Қолайлы кезеңді күту немесе кез келген жағдайда нәтиже алу дегенде өзім үшін жалғыз нұсқаны таңдадым. Адамның мүмкіндіктері туралы идеяны сәл кеңейту қажет болды» — деді ол.

Радуганың айтуынша, операция төрт сағатқа созылған.

«Алайда мұндай экспериментті қайталамаңыз! Бұл сіз ойлағаннан әлдеқайда қиын әрі қауіпті. Операция болған 4 сағаттық видеодан бұл анық көрінеді. Маған операция жасаудың тәжірибесі жетіспеді, бұл көп қан жоғалтуға және басқа да асқынуларға әкелді. Алғашқы 30 минутта мен бірнеше рет бас тартқым келді. Өйткені мен шамамен бір литрдей қан жоғалттым. Тірі қалғаныма қуаныштымын. Бірақ өлуге де дайын болдым», – деді ол.

Радуга «операцияға» бір жарым жыл дайындалған. Нейрохирургия бойынша YouTube арнасынан түрлі эксперименттер қарап, өлген қойлардың басына тәжірибе жасап көрген.

Ал оның бұл әрекетін Оксфорд университетінің нейрохирург-кеңесшісі Алекс Грин «өте қауіпті әрекет» деп атады.

«Нейрохирургияда тек тәжірибелі және білікті нейрохирургтер жұмыс жасауы керек. Әйтпесе инсультке немесе өлімге дейін алып баратын түрлі асқынулар пайда болуы мүмкін», – дейді маман.

Ал Радуга қауіп-қатерге қарамастан өзінің қорқынышты тәжірибесін тоқтатпайтынын жеткізді.

Leave a reply