Сайрамда кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған шаралар түсіндірілді

0
48
Сайрам аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Р.Есполай мен Мансап орталығының директоры А. Казанкапов Жастарға арналған жеңілдетілген несие және «Ауыл аманаты» жобасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға берілетін несие жөнінде Мансап орталығының мамандарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздейді. Биылғы жылы аталған жоба аясында ауданымыздағы атаулы әлеуметтік көмек алушы 76 азаматқа шағын несие беру жоспарланған. Жоба бойынша микрокредит беру мерзімі 5 жылды құрайды, бұл ретте мал шаруашылығы саласындағы бастамалар үшін 7 жыл кезең көзделген. Максималды сомма – 8 млн 600 мың теңгеге дейін, номиналды сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 2,5%-дан аспайды.
Ал, жастарға арналған шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастар да қатыса алады.
Несиелеу шарттары:Несие сомасы: 5 млн теңгеге дейін, Сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 2,5%, Несие мерзімі: мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін; бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін.
Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған. Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады. Жобаның негізгі мақсаты — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

Жобаның міндеттері:ауыл халқын агробизнеске тарту; ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді жан-жақты қолдау; азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді шешу; азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру; ауылдардың экономикалық әлеуеті мен мамандану бағыттарын анықтау.

13-22 маусым және 11-20 шілде аралығындағы кезеңде Саяси менеджмент академиясы жоба аясында «Табыстарды көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі саласында басшының құзыреттілігін арттыру» тақырыбы бойынша еліміздің барлық ауыл әкімдерін оқытты. Барлығы 2135 ауыл әкімі мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшысы оқытылды. Жоба аясында «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде «Ауыл Аманаты» жобасының мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру бойынша 40 күндік ақпараттық марафон іске қосылды. Мобильді топтар республикамыздың барлық облыстары бойынша 175 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округін аралады. Кездесу барысында мобильді топ мүшелері ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие берудің, лизингтің жаңа мүмкіндіктері және халықтың табысын арттыруға бағытталған басқа да құралдар туралы ақпарат берді, сондай-ақ ауыл азаматтарының сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, оларға нақты жауаптар берді. Бағдарлама аясында жыл сайын еліміздің барлық облыстарына жобаны іске асыруға бюджеттік кредиттер берілетін болады. Жоба 2023 жылы басталып, 2025 жылға дейін жалғасады.

«Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады”-  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Одан бөлек, Сайрам аудандық мансап орталығында 2023 жылдың 27 шілдесінде субсидияланатын жұмыс орындары тақырыбында жиналыс өткізілді. Жиналыс барысында Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексіне сәйкес, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Халықты жұмыспен қамту орталықтары жойылып, «Еңбек мобилділігі орталығы» КММ-нің аудандарда филиалдары ретінде қызмет көрсететін Мансап орталықтарының құрылуына байланысты, субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылардың шілде айындағы еңбек ақылары тамыз айында төленетіні жөнінде жұмыс берушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар ескертіліп, орын алған кемшіліктермен таныстырды. Оның ішінде Жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі. Субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылар тұрақты жұмысқа қабылданғанша жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрады. Осыған сәйкес, бағдарламаға қатысып жүрген азаматтарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіне рұқсат етілмейді. Басқа мекемеден міндетті зейнетақы жарнасының аударылуы. Субсидияланатын жұмыс орындары ол жұмыссыз жүрген азаматтарға мемлекет тарапынан уақытша жұмыс істеуіне жәрдем болып табылады. Егерде ол азамат басқа жұмысқа орналасқан жағдайда Мансап орталығына хабар беріліп, бағдарламаға қатысуы тоқтатылуы қажет. Жұмыс уақытында бағдарламаға қатысушылардың шет елге шығу фактісі орын алуда. Сол себепті, жұмыскерлерді күнделікті қадағалауды сұранамыз. Жұмыскердің ақысыз еңбек демалыста болған уақытын жұмыс істеу табельіне енгізілуі міндеттелді. Жоғарыда айтылған кемшіліктер орын алған жағдайда, жұмыс берушілер тікелей жауапкершілікте болатыны туралы ескертілді.

Leave a reply