ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

0
108

Түркістан қаласы облыс орталығы болғанына биыл бес жыл толып отыр. Осы аз ғана уақытта рухани шаһар адам танымастай өзгерді. Жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер бой көтерді. Қоныстанушылар саны артты. Халық саны көбейген тұста тазалық мәселесі күрделене түседі. Алайда, бұл мәселе қала әкімдігінің күн тәртібінен түскен емес. Қарт қалаға табан тіреген турист назары тазалығына ауары анық. Осы ретте түркістандық тазалықшылар табан аудармай еңбек етуде. Біз бұл жолғы жазбамызға «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС арқау етпекпіз.

«Түркістан жарық-тазалық» ЖШС 1998 жылы іргесі қаланған халыққа қызмет көрсету орталығы. Бүгінгі таңда мекемеде жалпы саны 315 қызметкер жұмыс атқарады. Мекемеде тазалық жұмысына арналған 48 автокөлік бар. Қала бойынша мекеме 168 көшенің тазалығына жауапты. Сондай-ақ, 6 дана көше жуатын автомеханикамен қоса 20 дана қоқыс таситын автокөлік тіркелген.

Мекеме қызметкері, жеке және заңды тұлғалар секторының меңгерушісі Салтанат Сәрсенбекқызының айтуынша, қала тазалығы бойынша 260 жұмысшы қызмет етеді. Жаз айларында жұмыс уақыты таңғы 07:00 мен кешкі 19:00 аралығына дейін жалғасады. Дегенмен еңбек адамдарының бір айлық табыс көрсеткіші ерлерге 166 896 тг болса, әйел адамдарға 153 915 тг-ні құрайды. Ал 156 көше «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС – ға бекітілген.

— Бүгінде Түркістан қаламыздың облыс орталығы болып көркейіп, туристік аймаққа айналуына байланысты қала тұрғындарына тазалық бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Телеарна мен баспасөз беттеріне де жариялап отырамыз. Алайда, қазіргі таңда тазалық қоғамның маңызды мәселесіне айналып отыр. Осыған байланысты тұрғындардан арыз-шағымдар жиі түсуде. Дегенмен, қала тазалығы барлық адамды толғандыратын мәселе болуға тиіс. Айналаны ластамауға қоғам болып жұмылсақ, таза мекенде өмір сүреріміз сөзсіз. Тұрғындар тарапынан көтерілген шағымдар аясында мекеме қызметкерлері тиянақты жұмыс атқарып келеді.

Байқасаңыздар, адамдардың басым бөлігі әлі тәтті ұйқыда жатқанда мекеме жұмысшылары таңмен жарысып, бірі көше бойын сыпырса, енді бірі көшені таза сумен жуып шығады, ал енді біреулері газон шөптерін қырқып, гүлдер мен талдарды суарып жатады. Еңбек адамдарының жұмысы көзге көрінбегенімен, оның артында қаншама күш пен шыдамды топ бар екенін ұмытпауымыз керек. Жаз мезгілі де келді. Түркі жұртының астанасы Түркістанға рухани азық іздеп келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты қаланың таза болуы маңызды рөл атқарады. Сырт көз әрине сыншы ғой, қаламызға нашар көзқарас қалыптасқанын ешкім де қаламайды. Тазалық көбінесе мәдениеттілікпен өлшеніп жатады. Сол себепті қоғам болып тазалық шараларын ұдайы ұстануға тиіспіз. Сонымен бірге, тұрғындар да қала тазалығына үлес қосса екен деген өтінішіміз бар,- дейді Салтанат Сәрсенбекқызы.

Жалпы «Түркiстан жарық-тазалық» ЖШС мекемесiнің негізгі мақсаты 4 бағыттан тұрады. Олар – қаланың тазалығын сақтау, түнгi мезгiлде жарықшамдардың үздiксiз жанып тұруын қадағалау (сынған болса жаңалау), қаланың абаттануы мен аяқ жолдардың тазалығын сақтау (қыста қардан тазарту) және зираттарды таза ұстау болып табылады. Дей тұрғанмен тазалықты сақтау тек тазалықшылардың ғана міндеті емес, бұл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін жадымызда ұстауымыз шарт.

Мекеменің мақтан тұтарлық тұсы 2-ші, 3-ші санаттағы мүгедектігі бар адамдарды толықтай жұмыспен қамтып келеді. Бүгінде жұмыссыздықпен тіркеліп, нәпақа тауып отырған жандар қатары көбейген. «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мекемесі 2020 жылдан бастап, жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыс орнатқан. 40 тазалықшы жұмыссыздық арқылы тіркеліп, жұмыс істеуде.

Leave a reply