ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ…

0
52

«Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек»- бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы Үкімет отырысындағы сөзі. Одан бері не өзгерді? Бұл сөздердің облыс орталығына айналғанына биыл 5 жыл толған киелі Түркістанға әсері қандай болды? Саралап көрейік.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды апталық мәжілісте: «Жол өте маңызды сала. Өңірдің экономикасының дамуына тікелей әсер етеді» — деген болатын. Шынында да жол сапасының жақсаруы қай өңірдің бөлмасын өркендеуінің көрінісі. Сол себепті де, аталған салаға бей-жай қарауға болмайды. Қасиетті Түркістанның жаңарған жолдары да ақтарып айтуға, ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай.

Сын мен міннің толастамай қарша борап тұрған осы бір кезеңінде экономиканың күре тамырына баланатын жол жөндеудің жүйелі іске айналуы басты назардан түспеуі қажет. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жуырда өткен БАҚ өкілдерімен кездесуінде 2023 жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға баратын және соларға қосалқы жатқан, жалпы 42 шақырымды 43 көшеге аяқжол құрылысын жоспарланғанын айтып, ол мақсаттың бүгінгі күні 16,7 шақырымға жететін 22 көшесінде құрылыс жұмыстары аяқталғанын жеткізген еді. Сондай-ақ, шаһар басшысы қала аумағына қарасты топырақ жолдардың үлесін азайтып, тас төселген көшелердің санын да, сапасын да арттыруды басты назарға алған. Қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстардың да күн санап күшейіп келе жатқанын жасырмады. Қазіргі таңда экономикалық 6 секторға бөлінген Түркістанда ақпан айынан бері тас төсеу жұмыстары басталып кеткен көрінеді. Тұрақты жұмыстардың арқасында 65 көшенің көзделген межесі орындалып, 56 шақырым жерге тас төселіп үлгерген. Биылғы жылғы жоспарға сәйкес, орташа жөндеу жұмыстары 65,7 шақырымға жететін 48 көшеге жүргізілмек. Осы жұмыстардың нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар қатарын 47,2 пайызға дейін көтеруге ниетті.

Сапалы жол салу тек біздің елді алаңдатқан мәселе емес. Жол сапасы жаһан елдерінің жанды жерлерінің бірі деуге болады. Әлемнің алпауыт елдерінің өзінде бұл мәселе түйткілді болып табылады. Дегенмен, көш басына алшаң басып аттанған елдер қатарын негізінен Еуропалық мемлекеттер толықтырып тұрғанына ешкім таңдана қоймас. Тау мен тасы талай істің тоқырай тоқтауына сеп болса да, амалын тауып автокөлік жүргізушілерінің арман мекеніне айналған елдің бірі – Нидерланд. Өзен көлдің көптігі, жазық жердің жоқтығы қызғалдақтар елінің жол жөндеу мамандары үшін аса үлкен мәселе емес секілді. Тіпті, сапалы жол үшін ақы алудан да бас тартқан бұл ел. Қытымыр табиғаты қитыққа тиіп, қара жерден қар жапқан жері басым Финляндияда бұл көштің басында орналасқан. Бұл елдегі жолдың жақсы болуы үшін коммуналдық мекемелер ғана емес, жеке меншік компаниялар да жауапты. Құрылысы күрделі істің жүргізілуі үшін ерекше технология қолданылады екен. Әлемдік экономикалық форумның тізімінде біздің ел 141 елдің ішінде 93-орынға жайғасқан. 2019 жылдан бері кері кету процесін бастан өткеріп жатқан біздің жолдардың сапасы сын көтермейтіні ай сайын айтылып та, жыл сайын жазылып та жатқанын жасыра алмаймыз. Мамандар еліміздегі 12 мың шақырым Республикалық маңызы бар жолдың қайта құрылысты қажет ететінін айтып отыр. Мемлекеттік деңгейдегі мәселенің май шаммен қаралып, қарқынын күшейтпесек болмасы анық. Бағасы қымбат, сапасы жұмбақ жолдардың құрылысын қолға алмасқа болмайды-ау, сірә. 2022 жылдың жазында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да қозғалған еді бұл мәселе.

«Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайды. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды»- деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

«Жол мұраты — жету» деген сөздің астарына үңіліп, мағынасын ұғыну бүгінгі күннің талабы. Даналығы дараланған, көрегендігі көсемдігінен көрінген бабаларымыз тар жол, тайғақ кешкен уақытында тас жолды армандамаған да болар. Бірақ, бүгінгі талап басқа. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» дейтін сөз бүгінде «Дамимын десең – жолыңды түзе» деп алмастыруға әбден лайық. Біздің қасиеті құмға сіңген, тарихы алтынмен таңбаланған Түркістанның да жол саласы, жол сапасы кейінге шегеруге болмайтын мәселе деуге толықтай негіз бар. Жоспары жүйеге жіктеліп, жолдары реттеліп келе жатқан түрленген қаламыздың әлеуеті арта берсе деген ниет біздікі. Ұлы Жібек жолының бойында, күллі түркінің ойында орналасқан шаһар жолдарының сапасына қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков ерекше көңіл бөлуін жалғастырып келеді. Халықпен өткен әр кездесуінде елдің мұң-мұқтажын тыңдап, жедел жөндеуді талап ететін көшелерді түртіп алып, тиісті мамандарға талап пен тапсырма қатар қойылуда. Жауаптылар да өзіне артылған міндетке бей-жай қарамаса, ай сайын ажары кіріп, күн санап көркемденген киелі мекеннің болашағы баянды, келешегі кемел боларына күмән жоқ.

Leave a reply