СУБҰРҚАҚТАР ТҮРКІСТАННЫҢ СӘНІНЕ АЙНАЛДЫ

0
51

Жаз басталысымен қала тұрғындары саябақтарға сән беретін субұрқақтарды саялайтыны жасырын емес. Субұрқақтар қаланың ауа райын жақсартуға да оң серпін беріп, аптап ыстықта қалалық климатты тұрақты салқындататыны анық. Сәулет өнерінің ерекше құбылысы ретінде қарасақ, туристердің қызығушылығын оятуда аталған ескерткіштердің маңызы зор.

Атап айтсақ, күні бүгінге дейін Лас-Вегастағы, Дубайдағы және Барселонадағы әр тамшысы жүрекке сазды әуен сыйлайтын субұрқақтар әлем жұртының жанарын жаулап, туристерге тамаша әсер сыйлауда. 2009 жылдың 8 мамырында Дубай қаласында ашылған әлемдегі ең үлкен субұрқақ іске қосылғалы бері оны тамашалауға миллиондаған турист келген деседі. Осы секілді шаһар шырайын келтіретін сәнді субұрқақтар Түркістанда да аз емес. Киелі шаһар саябақтар мен субұрқақтар саны бойынша республикада алғашқы қатардан орын алады.

Түркістан қаласы аумағындағы «Жасыл Түркістан» КММ-не қарасты саябақ, гүлбақтар мен көшелерде орналасқан жалпы 92 субұрқақ бар. Қазіргі таңда екі субұрқақ жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етуде. Атап айтсақ, қаланың адамдар көп шоғырланатын Рәміздер алаңы мен Абылай хан көшесіндегі субұрқақтардың жөндеу жұмыстары толығымен аяқталса, алдағы уақыттарда халық игілігіне қайта беріледі деп күтілуде. Ал жауапты мамандардың айтуынша, қалған субұрқақтардың жағдайы жақсы және орташа деңгейде. Ірілі-ұсақты орналасқан таңғажайып туындылардың жаз айларындағы күтімі мен қауіпсіздігі де тұрғындар тарапынан жиі қозғалатын тақырып екені рас. Қалаға көрік беретін ерекше туындыларды күтіп ұстау жұмыстары нысандарды күтіп-ұстаушы мекеме тарапынан жүргізіліп келеді.

Тынымсыз және тоқтаусыз жұмыс істейтін бұл субұрқақтарды күтіп ұстау бірнеше кезеңдерге бөлінеді. Дәлірек айтсақ, оларды қысқы кезеңге дайындап, сақтау бағытындағы шаралар, субұрқақтарды қайта ашу, іске қосу шаралары, сонымен қатар, жаз маусымында жұмыс істейтін субұрқақтарға қызмет көрсету шаралары. Бұның барлығы жыл бойы атқарылатын ауқымды жұмыстар десек болады.

— Субұрқақтарды күтіп ұстаудың алғашқы сатысы, яғни, қыстық кезеңнен шығарылуы консервация деп аталады. Консервация уақыты 1 наурыз бен 31 наурыз аралығын құрайды. Бұл кезеңде тазалық жұмыстары жүргізіліп, сорғыларға жөндеу жұмыстары жасалады. 1 сәуір мен 31 қазанға дейін субұрқақтар тұрақты түрде сағат 9:00-ден кешкі 23:00, кейбір субұрқақтар 00:00-ге дейін жұмыс жасайды. 1 қарашадан бастап субұрқақтар өшіріліп, қыстық кезеңге дайындық басталады. Субұрқақтың керекті бөлшектері жиналып, жылы жерге қойылады, – дейді «Жасыл Түркістан» КММ инженері Ерсұлтан Ортай. Оның айтуынша, субұрқақтар іске қосылмай тұрып жауапты жұмысшы бірінші тазалығына кіріседі. Содан соң су деңгейін тексеріп, жетпеген жағдайда су құюмен айналысады. Расымен де, алдағы шілденің шіліңгірінде Түркістан климаты айтарлықтай ыстық болатындықтан су қатты буланып, азаюына алып келеді. Мысалға алатын болсақ, мәдени-рухани орталық аумағындағы 30-дан астам субұрқақ бар. Олардағы су деңгейі төмендемес үшін мамандар үнемі бақылау жүргізіп отыруы қажет. Сол мақсатта сұбұрқақтар үшін арнайы ұңғымалар қазылып, бүгінде қалаға қолайлы ауа райын ұстау мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, судың мөлдірлігін сақтау да айтарлықтай жауаптылықты талап ететін жұмыс. Мысалы, суды қоқыстардан залалсыздандыру үшін бірнеше арнайы өнімдер қосылады. Атап айтсақ, суды тазалауға флокулянт, ал жасылданбас үшін арнайы дихлор мен алгецид қолданылады.

Жаз айларында тұрғындарды саябақтан жиі көреміз. Олар да шаһарда субұрқақтарының көбеюін қалайды. Тұрғындар субұрқақтар құрғамай, уақытылы іске қосылса, қала сәнін келтіретінін айтады.

— Фонтандар үнемі тынбай ағып тұрса, қаламыздың көркі. Бұл бізді қуантады. Жалпы субұрқақ кез келген жерге көрік бере алады. Қаламыздағы субұрқақ санын көбейтсек, барша тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлай алатын едік. Қазір адамдар кешке қарай сыртқа шығып, субұрқақты тамашалап серігіп қалары сөзсіз. Жалпы қаладағы барлық субұрқақ өзінше бір әдемі. Маған ең қатты ұнайтыны Гүлдер саябағындағы «сазды субұрқақ». «Сазды субұрқақта» үстіміз су болып, бала-шағамызбен ойнағанның өзі жағымды әсер қалдырады, — дейді қала тұрғыны Еркін Убайдуллаев.

Әрине, балаларға субұрқақтар үлкен қуаныш. Алайда, саябақтағы, қоғамдық жерлердегі тыныштықты, қауіпсіздікті сақтау да маңызды. Олай дейтініміз, балалар субұрқақтарда шомылғаннан кейін ондағы су тез ластанатыны жасырын емес. Жауапты мамандардың сөзіне сай, кесте бойынша жүргізілетін тазалық жұмыстары кезінде су жиі жаңартылып тұрады. Қазіргі таңда басқа қалаларда субұрқақтағы тоққа түскен адамдар саны артқан. Түркістан қаласында бұл мәселеге жіті назар аударылып, тексеру жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Субұрқақтарға жазғы маусымда суға түсу жиілейтіні себепті тазалығы мен қауіпсіздігі басты назарға алынады. Әсіресе, әуезді фонтандардағы тоқ кернеулігі жоғары. Мұндай субұрқақтарға жақындағанда абай болуға шақырады мамандар. Мысалы, арнайы қорғаныстық ажырату құрылғылары автоматтары (УЗО) қаламыздағы әр субұрқаққа қойылған. Егер электр жүйелерінен қауіптілік туындаса, автоматты түрде істен шығады.

Жоғарыда атап өткендей, Түркістан қаласындағы тамаша сәулет өнерінің туындыларына жататын сәнді субұрқақтардың ерекшелігі – олардың жаңа технологиямен жабдықталуы. Олай дейтініміз, суға өздігінен фильтрация жасалып, керекті химиялық дәрілер мен қоспалардың мөлшерін өзі ала алады. Сондай-ақ, субұрқақтарға арнайы бағдарламалар жазылғанын да ескерген жөн. Бір мезетте қосылып, шоу бағдарламалар ойнауда, әр тетіктің өз қызметін мүлтіксіз уақытылы атқаруында осы бағдарламалардың айрықша үлесі бар.

Мақала жазу барысында түркістандықтар мен қала қонақтарының қарасы қалың болатын «Гүлдер саябағы», әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан саябақтағы субұрқақтарды бірнеше күн бойы бақылаған едік. Жастар мен балалар демалысының, отбасылық көңіл-күйдің шырайын кіргізетін бұл туындылардың қауіпсіздігі мен тазалығына көңіл толып, көз сүйсінеді. Осында жиналған жұрттың да күндіз ыстықтан сергіп, кешке серуендеуге сеп болатын субұрқақтарды ұнататынын аңғардық. Сондай-ақ, мамандар алдағы уақытта қаламызға жайлылық сыйлайтын субұрқақтарда сақтық шараларын сақтап, суға шомылу кезінде абай болуға шақырды.

Leave a reply