ТАҒЫЛЫМЫ ТЕРЕҢ РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

0
64

Шаһардағы «Ұлы Дала Елі» орталығында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Өзгерісті-өзіңнен баста!» атты рухани кеш болып өтті.

Қала тұрғындары мен жастардың руханиятын көтеруді мақсат еткен алқалы жиында айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, даңқты боксшы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыгүл Шойбекова, қаланың бас имамы Мұхамеджан Жұмадуллаев, Уфа қаласында өткен жастар арасында әйелдер күресінен әлем чемпионы Нилуфар Раимова кездесудің басты қонақтары қатарында болды. Сонымен бірге шараға қала әкімінің орынбасары Әлия Шалхарова, сондай-ақ шаһар тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған қонақтар тағылымды ойларын, жеңісті де жемісті өмір жолдары мен белесті бағындырудың және еңбектің маңызы туралы тереңнен толғады. Сөз арасы әуелеген ән, мың бұралған бимен өрілді. Соңы сұрақ-жауапқа ұласып, тәрбиелі ақылдар мен түйткілді мәселелер хақында жақсы әңгімелер айтылды.

«Осындай тамаша кешті ұйымдастырудың маңызы мен мәні зор. Түркістанды әлемге, республикаға танытып жүрген ерен жүйріктердің өмір жолы, биік жетістіктері жастарымызға шабыт берері даусыз. Қала жұртшылығы көптеп қатысса тамаша рухани кеш болар еді. Өкінішке орай елдегі індеттің өршуіне байланысты баршасын шақыру мүмкін болмады. Келешекте мыңдаған көрермен жинап осындай керемет салиқалы кеш ұйымдастырсақ маңызы мен берерінің көп болары анық», – деген ойымен бөлісті Әлия Богданқызы.

Үмітбек БАҒДАТ.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған