ТҮРКІСТАН ТҰРҒЫНДАР МЕН САЯХАТШЫЛАР ҮШІН ЖАЙЛЫ ҚАЛАҒА АЙНАЛДЫ

0
56

Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тұрғындармен есептік кездесуі өтті. Маңызды кездесуде өңір басшысы облыстық әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сонымен бірге Түркістан қаласын дамыту жолындағы бастамаларды, жүзеге асқан жобаларды да атап өтті. Сөз жоқ, бес жылда Түркістан адам танымастай өзгерді. Инфрақұрылымы қалыптасып, тұрғындарға, саяхатшыларға жайлы қалаға айналды.

БЕРІЛГЕН УӘДЕЛЕР ОРЫНДАЛДЫ

Биыл алғашқы жартыжылдықта Дархан Сатыбалды тұрғындармен кездескен болатын. Сол жүздесуде маңызды мәселелер көтерілді. Тұрғындардың ұсыныстары, пікірлері, өтініштері тыңдалды. Мәселелер бақылауға алынып, уәделер орындалды.

– Қаламыз соңғы 5 жылда өзінің дамуының жаңа дәуіріне қадам басты, ауқымды жұмыстар атқарылды. Әрине, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – жергілікті биліктің басты міндеті. Бірақ, сіздердің ой-пікірлеріңізді есту, қаланы әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Алдыңғы есепті кездесуді сіздермен биыл ақпан айында өткізген болатынбыз, сол кезде қаланың маңызды 11 мәселесі көтерілді. Осы мәселелерді шешу бойыша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 8 мәселе өз шешімін тапты, – деді Дархан Сатыбалды.

Шешілген мәселелерге тоқталсақ, «Бекзат» мөлтек ауданында ойын алаңшасын салуға қаржы қарастырылып (33,5 млн. теңге), нысан пайдалануға берілген. Осы шағын аудандағы Зерделі көшесінің тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында қазылған көшелер реттеліп, тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар жол белгілерін көбейтуді сұраған болатын. Жыл басынан бері 1200 жол белгісі қажеттілікке байланысты орнатылды. Қосымша жыл соңына дейін 200 дана жол белгісін орнату жоспарлануда.

Тынышқұлов көшесінде айналма жол салынып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көлік қозғалысы қалпына келіп, көлік кептелісі мәселесі шешілді. «Ортақ» мөлтек ауданындағы Аубакиров, Асфендияров, Аманжолов көшелерінің тұрғындары көшелерге түнгі жарықтандыру орнатуды сұраған. Мердігер (Аксемсер-Стройсервис» ЖШС) наурыз айында жұмыстарын бастап, аталған көшелерде жарықтандыру жүйесі толығымен жүргізілді. Шауғар секторына қарасты Тоған – Сүйіліш батыр аралығындағы көшеге асфальт салу үшін 45 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. «Баянауыл» мөлтек ауданынан Жаңа қала аумағына баратын жаңа қоғамдық көлік бағытын ашу бойынша пікір білдірілген. Осы мәселені шешу үшін жаңа №16-шы бағытындағы қоғамдық көлік қатынасы іске қосылды. Бұдан бөлек, қолданыстағы №6-шы қоғамдық көлік бағытының жол жүру сызбасы ұзартылды. Баспана кезегі бойынша сұрақ көтерілген болатын. Жалпы, Түркістан қаласында тұрғын-үй кезегінде 16 мыңнан астам тұрғын бар, бұл мәселе заң аясында кезең-кезеңімен өз шешімін табуда. Биыл кезекте тіркеліп тұрған азаматтарға 676 пәтер берілді (көп балалы отбасыларға – 476 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға – 158 пәтер, ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға – 40 пәтер, апатты болып танылған үйлерде тұрған отбасыларға – 2 пәтер берілді).

Іс-шарадағы қалған 3 сұрақты шешу бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда. Кентау тас жолының оң жағында мектептердің тапшылығы бар. Бұл мәселе «Жайлы мектеп» қанатқақты ұлттық жобасы аясында шешіледі. Қазіргі уақытта болашақ мектептің жері бөлініп, инфрақұрылым жүйелерін өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Келесі жылы бұл мектептің құрылысы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі. Тұрғындар «Сауран» секторынан «Бекзат» секторына өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпірді салып беруді сұраған болатын. Бюджеттің нақтылауында қаражат қарастырылып, мердігер («Әлем-Транс Жол» ЖШС) құрылыс жұмыстарын бастады. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары келесі жылы толығымен аяқталады.

ОБЛЫС ЭКОНОМИКАСЫНДА

ДАМУ БАР

– Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Экономиканың басты көрсеткіші – жалпы өңірлік өнім көлемі 2019 жылдан бері 3 есе өсіп, былтыр 319 млрд. теңгеге жетті. Биылғы 6 ай қорытындысымен бұл көрсеткіш 141 млрд. теңгені құрап отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 есе өсіп, былтыр 200 млрд. теңгеден асты. Биыл жарты жылда 77 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды. Былтыр негізгі капиталға 305 млрд. теңге инвестиция бағытталса, биыл 6 айдың қорытындысымен 84 млрд. теңге инвестиция тартылды, – деген Дархан Сатыбалды өндіріс орындарын ашу негізгі бағыт екенін айтты.

Облыс орталығында шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда, ол үшін әкімдік тарапынан тиісті жағдайлар жасалып отыр. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 80 пайызға өсіп, былтыр 18,5 мыңға жетті. Олармен өндірілген өнім көлемі 201 млрд. теңгені құрады. Биыл Түркістан қаласында қосымша 2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Тұрғындардың орташа жалақысы 58 пайызға өсіп, былтыр 213 мың теңгені құрады (2019 жылмен салыстырғанда, 135 мың теңге). Қала бюджетінің өзіндік кірістері артуда. Соңғы 5 жылда 5 есе артып, былтыр 15 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 11 млрд. теңгені құрады. Бұл түсімдер қаланың әрі қарай дамуына өз септігін тигізуде.

Соңғы 5 жылда қалада жаңа әкімшілік-іскерлік, мәдени-рухани орталықтары, жаңа халықаралық әуежай салынды, Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды. Облыс орталығы болғалы бері шаһарда 163 тұрғын үй салынып, 9397 отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта 4 439 пәтерлі 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде биыл 59 үйді (3 377 пәтер), келесі жылы 7 үйді (1 062 пәтер) пайдалануға беру көзделіп отыр. Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен 2700 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы жұмыстар нәтижесінде талай адам баспаналы болып, Түркістаннан бақытын тапты.

Жаңа үйлердің құрылысымен қатар бұрыннан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып келеді. Атап айтқанда, қаладағы 1-ші, 2-ші, «Отырар» шағын аудандарындағы, Бокин көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылады. Сондай-ақ балаларға арналған спорт алаңшалары орнатылады, парктер, скверлер көгалдандырылады. Түркістан қаласының темір жол вокзалының аумағы да абаттандыру жұмыстарымен қамтылуда.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс аймағын қалыптастыру мақсатында «Жібек жолы», «Дендросаябақ», «Президент» саябағы, Саттарханов, Яссы көшелеренің бойында Желілік саябақтар, «Отбасы», «Денсаулық» саябақтары ашылып, қаланы көгалдандыруға өз септігін тигізді. Жалпы, 237 гектарды құрайтын 30 саябақ, 34 гектарды құрайтын 30 сквер, 60 гектарды құрайтын 29 көше, 121 гектарды құрайтын жасыл алаңдар мен аймақтар көгалдандыру жұмыстарымен қамтылды.

Қазіргі уақытта 11 гектар алаңда жасанды көлі бар саябақтың құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны 5,2 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар «Белсенді демалыс» саябағының, айналма жолдың бойындағы Желілік саябақтың құрылысы, «Парасат» саябағын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

2018 жылы сапалы ауыз сумен тұрғындардың 94,1 пайызы қамтылған болатын, соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 4,8 пайызға артып 98,9 пайызды құрады. Қала аумағында 4 нысанның құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталмақ. Нәтижесінде тұрғындардың 99,5 пайызы таза ауыз сумен қамтылатын болады. Қала аумағында орталықтандырылған кәріз жүйесімен тұрғындардың 32,2 пайызы қамтылған. Биыл 11 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 2 нысан жыл қорытындысымен пайдалануға тапсырылып, қамту деңгейі 36,3 пайызға жетеді.

Бүгінгі таңда табиғи газға 37 мың 657 абонент қосылған, қамту деңгейі 98 пайызды құрап отыр. Қаланың негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды.

– Бірақ атқарылған жұмыстарда тоқтап қалмай, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін қаланы дамыту жұмыстары өз жалғасын табуда. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары салынып жатыр, – деді облыс әкімі.

Түркістанда соңғы 5 жылда білім саласындағы көрсеткіштер едәуір өскен. 2018 жылы жалпы білім беретін мектептер саны 35 болса (33 мемлекеттік, 2 жеке меншік), қазіргі таңда қалада 61 мектеп (34 мемлекеттік, 27 жеке меншік) жұмыс істейді. 5 жыл бұрын қалада 2 жеке меншік мектеп жұмыс істесе, қазір жеке меншік мектептердің саны 27-ге жетті.

Биыл 500 орындық жатақханасы бар 700 орындық мектеп-лицейі 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Төреқұлов көшесінде 300 орындық «Әмір Темір» және Қызылорда тас жолының оң жағынан «Бірлік» мектептерінің құрылысы жүргізілуде. Пайдалануға келесі жылы беріледі. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен облыста «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде, қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында жаңадан 8 мектептің құрылысы жоспарлануда.

Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету үшін жеке қаражат есебінен 620 орынға арналған 2 жатақхананың (ИП «Барболов Г.А. – 120 орындық, «Ижара 24» ЖШС – 500 орындық) құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде.

Денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары бірқатар нысандардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 2019 жылы №3-ші перинаталдық орталыққа 150 төсек орынға арналған қосымша корпус салынды (1,8 млрд. теңге). Сондай-ақ 2021 жылы Түркістан қаласында 200 төсек-орынға арналған модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілді. Облысымыздағы демографиялық көрсеткіштерді ескере отырып, Түркістан қаласында жаңа перзентхана салу бойынша Біріккен Араб Әмірлігімен келіссөздер жүргізіліп (Абу-Даби қорымен), 80 төсектік перзентхана салынатын болды. Сондай-ақ құны 155 млрд. теңгені құрайтын 570 төсек орындық көпсалалы аурухананың құрылысы өз жалғасын табады. Нысанның жобалау-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан салалық сараптаманың қорытындысы күтілуде.

Түркістанда спорт кластері дамып келеді. Заманауи спорт нысандары салынды. Былтыр 11 теннис корты бар Теннис орталығы ашылған болатын. Ол жерде республикалық, халықаралық деңгейдегі турнирлерді өткізуге мүмкіндік бар. Қысқы спорт түрлерін дамыту үшін «Мұз сарайының» құрылысы аяқталды, жақында нысанның ресми ашылуы болады. Ол жерде тұрғындар коньки тебуге мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта ескек есу каналының құрылысы жүріп жатыр. Ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін Түркістан қаласында заманауи ипподром салу көзделген. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сондай-ақ Түркістан қаласында 1 мың балаға арналған шахмат мектебінің құрылысы жүруде. Мұның бәрі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға серпін беретін қадамдар.

 

ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН КӨБЕЙТУГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Облыс әкімі тұрғындармен кездесу барысында басты бағыт – жұмыс орындарын, өндіріс орындарын көбейту екенін айтты. Қалада жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының барлық қосалқы аймақтарының аумағында 340 млрд. теңгеге 64 жоба жүзеге асырылуда.

Оның ішінде Әкімшілік іскерлік орталығының аумағында 313 млрд. теңгеге 50 жоба және Тарихи орталық қосалқы аймағының аумағында 22,6 млрд. теңгеге 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың шеңберінде 4,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта 18 инвестициялық жоба іске асырылған. Қазіргі уақытта қосымша 10 жобаның іске асырылуы пысықталуда. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда тартылған инвестициялардың көлемі 16 млрд. теңгеге жетеді, 1,3 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады.

Бұдан бөлек, Ұлттық жобалар бойынша осы жылы 337 адам жұмыспен (22 тұрақты, 315 уақытша) қамтылды. «Еңбек» бағыты бойынша 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды (1 514 тұрақты, 1 655 уақытша). Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 2 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

Облыс орталығы Түркістан қаласына ауысқалы бері туризм саласы жаңа қарқын алды. Биыл қаңтар-маусым айларында орналастыру орындарының саны 59 бірлікті құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда (50 бірлік) 9 бірлікке артып отыр. Түркістан қаласында былтыр ірі жобалар іске қосылды. Оның ішінде, «Turan Mall», «Turkistan Plaza» ойын-сауық орталықтары ашылды.

Халықаралық әуежайдың рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан былтыр Ыстамбул және Кувейт бағытына тікелей рейстер ашылды. Қазан айында Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласына тікелей рейстер ашылады. Қазіргі уақытта, Мәскеу, Анталья, Тбилиси, Самарқанд қалаларына рейстер ашуға Үкіметке ұсыныс енгізілген.

Шет елдерден және еліміздің аумақтарынан келетін туристердің саны өсуде. Биылғы жылдың 6 айында 123 мыңнан астам турист келген. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға артып отыр (104 119 адам).

– Өздеріңіз көріп отырғандай, барлық салаларда қарқынды жұмыстар атқарылуда. Жалпы, Түркістан қаласын дамыту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке бақылауында. Атап айтқанда, Президентіміз Түркістан қаласына арнайы мәртебе беруді тапсырды. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі тиісті министрліктермен бірлесіп «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасын дайындап жатыр. Жуырда ғана Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысы өтті. Ол жерде Президентіміз: «Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссияны атқара береді» деп атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру жұмысының нақты бағыттарына тоқталды. Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуге, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ерекше назар аударылады, – деген Дархан Сатыбалды тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен бірге жеке қабылдауын өткізіп, елдің өтініші мен пікірін тыңдады. Өзекті мәселелер бақылауға алынды.

Leave a reply