ӘКІМ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ХАЛЫҚПЕН 96 РЕТ КЕЗДЕСТІ

0
61

Алдын-ала бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков халықпен кездесу шараларын тұрақты түрде өткізіп келеді. Шаһардағы шағын аудандарда жоспарлы кездесулер өткен апта тағы да өз жалғасын тапты. Тақырыпта көрсеткеніміздей осы жыл ішінде әкім тұрғындармен 96 рет кездесіпті. Нәтиже қандай? Басшылардың халықпен жиі кездесулерінен нендей мәселелер шешімін тауып жатыр? Осындай сауалдар төңірегінде Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге жүгініп, сараптап көрелік. Айтпақшы кездесулер төңірегінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында да ой бөлісіп отыр. Мақаламызға әкімнің де желідегі жазбаларын арқау еттік.

«ЕЛДІҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ — ОРТАҚ МАҚТАНЫШЫМЫЗ, ЕЛДЕГІ ОЛҚЫЛЫҚ — ОРТАҚ КЕМШІЛІГІМІЗ»

«Отырар» секторында жыл басынан бері 159 мәселе көтеріліп, оның 137 орындалды, 9 мәселенің жұмыстары осы жылы толық аяқталады, 13 мәселе бойынша заңдылығы түсіндірілді.

Бүгінгі таңда:

«Отырар» секторында 13 трансформатор ауыстырылып, осы жылдың соңына дейін 15 дана трансформатор ауыстыру жоспарлануда.

«Отырар» ықшам ауданындағы (Шнос) көпқабатты 36 үйдің табиғи газбен қамтылуы бойынша 2 160 пәтерге газ трубасы тартылып, газ плиталары үлестірілуде.

Қ.А.Яссауи даңғылы бойынан және М-32 көшесі аллея мен желілік саябақтары ашылды. «Отырар» ықшам ауданында 1-10 үйлер ауласы қайта ретке келтіріліп, балалар ойын алаңшалары жаңартылды, 1-10 үйлер күрделі жөндеуден өтті.

Тазалық бойынша «Отырар» ықшам ауданында ИП «Taza-Like» жұмысқа тартылып, қазіргі таңда 70 көшенің тазалығын қамтамасыз етуде.

12 көше қайта қалпына келтірілді.

11 аялдама орнатылды (Қ.А.Ясауи даңғылы, Жаңа қала 9 — 11 көше, Б.Саттарханов көшелері).

2023 жылы 788 отбасыға пәтер кілті табысталып, 2024 жылға 1 200 пәтер кілттерін үлестіру жоспарлануда.

Отырар секторында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде асфальттанған көше саны – 85-ке жетті. 28 көшеге тас төселіп, жарықтандырылған көше саны 113-ті құрады. 85 көшеде аяқжол және жаңа аялдамалардың саны – 44 данаға жетті.

Ауыз су, кәріз жүйелері және электр жарығымен 113 көше толығымен қамтылған.

Жеке тұрғын үй саны 5 320, оның 4 962 тұрғын үйлері табиғи газбен қамтылған.

Көп қабатты тұрғын үй саны — 158, 9 763 пәтер, оның 4 307 пәтері орталық жылумен қамтылса, 5 456 пәтер табиғи газ жүйесіне қосылған.

Тұрғындар көтерген кей мәселелердің қаржы талап етуіне байланысты, қаланың даму жоспарына енгізіліп, жүйелі түрде атқарылатын болады. Бұл бойынша сектор тарапынан тұрақты түрде түсіндіру шаралары жалғасады.

Қала әкімі кездесу барысында қоғамдық бақылаудың маңызы туралы тағы атап өтті:

— Қаладағы игі істер — баршамыздың ортақ жетістігіміз. Сол секілді, кемшіліктер мен олқылықтар да — бәрімізге ортақ. Мен үнемі қоғамдық бақылау — яғни жұмыстардың атқарылуына жергілікті тұрғындар тарапынан ерікті қадағалау болуы қажеттігін айтып келемін. Сіздер бізге көмекші болыңыздар, — деп, белсенді азаматтарға алғысын жеткізді.

 

«ТІРЛІГІМІЗ БІРЛІГІМІЗГЕ САЙ ІЛГЕРІЛЕЙДІ»

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Шауғар» секторының тұрғындарымен бас қосып, басты мәселелер жайын талқылады.

— Барлық бөлім басшыларынан бүгін аяқталуына мүмкіндігі бар жұмыстарды ертеңге қалдырмау талап етіледі. Әрі жыл басынан бері берілген тапсырмалардың заңға сәйкес жүзеге асуы тұрақты бақылауымда. Өздеріңізге белгілі, кей мәселелердің шешімі уақыт пен қаржыны қажет етеді. Бұл жағдайға түсіністік танытып, сабыр сақтағандарыңызға алғысымды білдіремін, — деп бастады өз сөзін шаһар басшысы.

«Шауғар» секторында жыл ішінде өткен кездесулер нәтижесінде 140 мәселе көтеріліп, оның 132 орындалған.

«Яссы» және «Шауғар» мөлтек аудандарының су құбыры желілерін қайта құру жұмыстары аяқталып, 2 455 абонент ауыз сумен қамтылды.

«Шауғар» ықшам ауданында, «Ортақ» тұрғын алабын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысының 2-кезеңі және «Ортақ» тұрғын алабының кәріздік желісін салу құрылысының 1-кезеңі жүзеге асты.

Б.Саттарханов даңғылы, Кенесары көшесі, І және ІІ мөлтек аудандарында, ОТП-3-те 10-0,4 кВ кабель желілері жүргізіліп, 53 трансформатордың 53 орнатылды. ХҚТУ, «Яссы», «Шауғар» тұрғын алқабын электрмен жабдықтау құрылысы (трансформатор – 15 дана, абонент саны –1 242) және Түркістан қаласының Тәуке хан даңғылы, Қазыбек би, М.Абенов, Төле би, Н. Төреқұлов, Н. Тыныштығұлов көшелері бойында 10-0,4 кВ кабель желілері тартылды. Жалпы 45 дана трансформатор орнатылып, 5 822 абонент сапалы электр қуатымен қамтылды.

2023 жылы «Шауғар» секторында 2 ойын алаңшасы салынып, тұрғындарға пайдалануға берілген.

«Шауғар» тұрғын алабында 177 көшенің 7 көшесіне — асфальт, 24 көшесіне тас төселді. 14,6 шақырым құрайтын 13 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол салынды. 83,4 шақырым құрайтын 49 көше жарықтандырылды.

Тұрғындардың өтініші бойынша №5 қоғамдық көліктің бағыты өзгеріп, Н.Төреқұлов көшесі 3-ші тұйық көшесімен жүре бастады.

Атқарылған тірліктерге бағасын берген көпшілік күрмеулі мәселелерді көтеріп, ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді.

Нұрбол Әбдісаттарұлы өз кезегінде қоғам белсенділерінің еңбегіне ерекше ризашылығын жеткізді.

— Бөліп жаратын ештеңе жоқ. Қаладағы құбылыстарға әрбіріміз үлкен жауапкершілікпен және жанашырлықпен қарасақ, бірлігімізге сай тірлігіміз де ілгерілейді, — деп сөзін түйіндеді.

Осындай кезекті басқосулардың жалғасы «Сауран» секторында жыл ішінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков тұрғындармен 13 рет кездесу өткізді.

Нәтижесінде көтерілген 177 мәселе тіркеліп, бүгінде оның 168-і орындалды, 5 мәселенің заңдылығы түсіндіріліп, 4 мәселе қаржы қажет етуіне байланысты 2024 жылдың жоспарына енгізілді.

Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі бойынша 1-2 мөлтек аудандарында көше жарықшам бағаналары қойылып, жарық берілді.

«СМП-313», Көктем көшесі және Б.Майлин көшесінің 3 тұйығына 3 жаңа трансформатор қойылып, Баянауыл елдімекені Ұлы дала көшесінде электр бағаналары ауыстырылды.

«ТГЖД» аумағында, Тәуке хан көшесі бойында, Тыныштығұлов, 1-2 мөлтек аудан, Кенесары көшелерінде және Мақтазауыт аумағында 70 көшеге ауыз су жүргізілді.

Жауын суы жиналатын жерлердің бірқатарына 17 дренаж орнатылды. Тұрғындардың сұранысымен 3 жерге жаңа ойын алаңшалары мен футбол алаңы салынды.

Жангельдин көшесінің құрылысы жүруде, нысан келесі жылға өтпелі.

12 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді. №7 қоғамдық көлік бағыты Мақтазауыт аумағына дейін ұзартылып, арақашықтық уақыты реттелді. Сектор аумағында 6 жаңа аялдама орнатылды. Көпқабатты 12 тұрғын үй кондоминимум бойынша ағымдағы жөндеуден өтуде, жұмыстар аяқталуға таяды.

Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде асфальттанған көше саны – 45-ке жетті. 105 көшеге тас төселіп, жарықтандырылған көше саны 156-ны құрады. Аяқжол төселген көше — 130-ға, және жаңа аялдамалардың саны – 52-ге жетті.

156 көше ауыз су, газ және электр жүйесімен толық қамтылған. Кәріз жүйесі 1/2 мөлтек ауданында және 5 көшеде іске қосылды.

Тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, кезегін күткен мәселелер жайын сұрады. Сонымен қатар, көше камераларының жарамдылығын тескеру, олардың санын көбейту ұсынылды. Кей тұрғындар бүтінді бүлдіруге құмарлардың ешқандай ескертуге құлақ аспайтынына шағымданды.

— Азаматтық жауапкершілікке құрметім бөлек. Жанашырлық үшін рахмет сіздерге. Қазақ ежелден есерін де, тентегін де ел болып түзеген халық қой. Сіздер жастарға үлгі болудан, оларды тәрбиелеуден шаршамаңыздар. Ал, шектен шыққандарын заң тәрбиелейді, — деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.

Кездесу қорытындысымен хаттама түзіліп, тапсырма жоспары әзірленді.

Осылайша ретіне қарай өткен кездесулерде тұрғындар коммуналды шаруашылық саласына қатысты сауалдарын көптеп ұсынды. Сонымен бірге, әлеуметтік мәселе төңірегінде де айтылған ұсыныстар болды. Бұл өз кезегінде атап өткеніміздей тиісті салалардың тарапынан өз шешімін таппақ. Себебі, шаһар басшысы жауапты мамандардың жүйелі түрде жұмыс жүргізуі үшін тапсырмалар берген болатын.

Енді қала әкімінің аталған кездесулерден кейінгі айтқан пікірлеріне ойыссақ. Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде: «Секторлардағы кездесу барысында жеке мәселелері бар тұрғындарды арнайы қабылдадым. Қабылдауымда болған 26 азаматтың мәселелері салалар бойынша реттеліп, тиісті тапсырмалар берілді.

Тұрғын үй қатынастары, жер құжаттарын заңдастыру бойынша құқықтық кеңес берілді. Ал, құрылыс сапасы, инфрақұрылым, жол салаларына қатысты өтініштер зерделеніп, өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Жыл басынан бері жеке қабылдауыма түрлі мәселемен 158 азамат келіп, өтініштерін жеткізген. Қабылдаулардың қорытындысымен 196 тапсырма берілді. Орындалуы бақылаудан түскен емес.

Барлық мәселенің заңдылығын саралау — бір азаматтың өтінішін орындауда көптің құқығына нұқсан келмейтініне көз жеткізу, бір адамның пайдасы деп мың адамның зардап шегуіне жол бермеу.

Заң алдында бәріміз теңбіз. Әр шешімді жеті рет өлшейтініміздің басты себебі де – осы»,-деп пікір қалдырған. Шаһар басшысының сөзінен түйгеніміз әрбір істің шешімін табу үшін оның өзектілігі мен төңірегіндегілерге пайдалылығын зерделеу керектігіне мән берілген. Әрине, мұндай қадам өз кезегінде өміршең болатынын ескерсек, алдағы уақытта мәселелердің байыппен шешілуіне сабырмен қарау керек деген байлам жасауға болады.

Сонымен бірге, осы апта басында шаһар басшысы халықпен кездесулерге байланысты желіде тағы да пікір қалдырды. Нұрбол Тұрашбеков онда былай деген:

«Әлихан Бөкейхановтың: «Жұрт әділ болмай, жұрт ісі оңға баспайды» деген сөзі бар. Әділет туралы айту бөлек, әділ болу басқа. Өткен жұмыс аптасында қала тұрғындарымен кезекті кездесуім өткені жөнінде жазған болатынмын. Бүгін сол кездесулердегі кей мәселелерге тоқталғанды жөн санадым.

Көпқабатты тұрғын үйлерден түскен шағымдардың басым көпшілігі жарық пен жылудың ішкі жүйелері, ауыз су мен кәріздің ішкі құбырларына қатысты. Дегенмен, пәтерлердің барлығы азаматтардың жеке иелігіндегі мүлік екенін ұмытпағанымыз жөн. Жеке тұрғын үй иелері өз баспаналарын қалай күтіп ұстаса, көпқабатты пәтер иелері де үйді ортақ мүлік ретінде қарап, ішкі жүйелерін бақылап, ақау шыққан жағдайда жөндеп отыруы шарт. Мүлік иелерінің ортақ ұйымын құрып, өз баспаналарының жауапкершілігін алу көптеген келеңсіздікті жоятынына сенімдімін. Кейде төленетін қаржы мәселесінде дау туындап жатады. Десек те, кез-келген еңбектің ақысы төленуі қажет, әрі бұл әділ деп білемін.

Жарықшамдардың, орындықтардың бүлінуіне, құдықтарға орнатылған қақпақтардың ұрлануына жол береміз. Өкінішке орай, полицияның «вандализмге» қатысы бар деп анықтаған азаматтарымыздың көпшілігі жастар. Олар сырттан келген жоқ, өзіміздің арамыздан шығып отыр. Өкінішті. Әрине, ата-ана баланы ұрлық жасауға, жаман әдеттерге үйретпейді. Алайда, жасөспірімдер теріс қылықты үлгі етсе, кімді кінәлаймыз? Өзіміз дұрыс бағыт беруге дағдыланғанымыз жөн. Сондықтан тәрбиені әр адам өзінен бастаса, бұл да әділетті деген ойдамын.

Ойын алаңшасынан балаларымызды түнгі сағат 23:00-ден кейін учаскелік инспекторлар мәжбүрлеп қайтарады деген шағым болды. Біз полиция басқармасымен бірлесе отырып бұл жұмысты атқара береміз. Баланың қауіпсіздігі маңызды. Қараңғы түскен соң ол үйінде, ата-анасының қасынан табылуы тиіс. Елдегі түрлі қылмыстар осындай жауапсыздықтың салдарынан орын алатынын ұмытпайық.

Өзге шаруалар өз кезегімен шешімін табады. Секторда өткен кездесулердің нәтижесімен 143 тапсырма беріп, орындалуын бақылауға қойдым. Кей мәселелерді арнайы жеке аралап, зерделедім.

Жұмыс аптасында облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге қала кәсіпкерлерімен кездестік. Кездесу барысында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар бойынша облыс басшысы пікір білдіріп, мүмкіндіктерге тоқталды. Мемлекет басшысының кәсіпкерлік саласын дамытуды көздейтін тапсырмаларын қолданыстағы заңдарға сәйкес жүйелі атқаруды қадағалайтынын жеткізді. Ел игілігіне қызметі мен өнімін ұсынуға ниет білдірген азаматтарға қала әкімдігі тарапынан тиісті қолдауларды ұйымдастыруға біз дайынбыз.

Қаланы көгалдандыру мақсатында жарияланған айлық шаралары да кеңінен жүргізілуде. Әр секторда тұрғындар аумақтарында ағаш егуге тұрақты ат салысса, кеше және бүгін қаламызда еріктілердің қатысуымен ауқымды сенбілік өтті.

Қазақ билерінен қалған даналық бар: «Әділ деп соны айтыңыз – тураны қисық бұрмаса» деген. Тірлігіміздің негізгі түп қазығы қисықты түзетуге емес, түзуді жалғастыруға байлансын деп тілеймін».

Leave a reply

Ақпарат қорғалған