ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖҰМЫС ЖҮЙЕСІ

0
93

Мемлекет басшысы еңбек және жұмыспен қамту мәселелері бойынша жауапты мамандармен кездесу өткізген болатын. Жиын барысында қозғалған мәселелердің бірі халықты тұрақты жұмыспен қамту екенін атап өтті.

— Біздегі құрылып жатқан жұмыс орындарының көбі қысқа мерзімге бейімделген. Мұндай әдіспен халықты тиімді жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін емес, еңбек нарығын уақытша ғана тұрақтандырады. Сондықтан, біз ең алдымен маман жетіспейтін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету, ақпараттық технологиялар салаларында тұрақты жұмыс орындарын ашуымыз қажет, — деді Президент.

Екінші міндет – Жұмыспен қамтудың жаңа қалыптары.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық технологиялық трендтер еңбек нарығының кең көлемде трансформациялануына әкелетінін айтты.

– Қазіргі кезде еңбек шарты, кәсіподақ, еңбек демалысы сияқты ұғымдар өзгеріске ұшырауда. Фрилансерлердің, аут-сиафферлердің және басқаларының саны көбеюде. Осыған байланысты нормативтік реттеулерді қайта қарау қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Халықты жұмыспен қамту орталығы қандай міндеттерді атқарады? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды? Осы және басқа да сұрақтармен шаһарымыздың халықты жұмыспен қамту орталығында болып, Мансап орталығы атаулы әлеуметтік көмек бөлімінің кеңесшісі Дария Жұманқызымен тілдесіп қайттық.

 

– Орталықтың негізгі жұмысымен таныстырып кетсеңіз…

– Ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексі өз күшіне енді. Яғни, елімізде еңбек мобильді орталықтары құрылып, халықты жұмыспен қамту орталықтары мен мансап орталықтары филиал ретінде қайта қызметін бастады. Біздің орталықтың басты мақсаты — тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен тұрақты жұмыспен қамту бағытында жұмыстарды күшейту және көрсетілген қызметтерді толық цифрландыру бойынша жұмыстарды атқару болып табылады.

 

– Статистикаға көз жүгірте кетсек, жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды?

– Бізде мансап орталығы ашылғаннан бері яғни бірінші шілдеден бастап төрт ай ішінде 6537 адамды жұмыспен қамтыдық. Атап айтар болсақ, жастар практикасымен 561 адамды, қоғамдық жұмыс орындарына 1254 адамды, әлеуметтік жұмыс орындарына 201 адамды, мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындары бойынша 1 адамды, алғашқы жұмыс орындары бойынша 102 адамды, тұрақты бос жұмыс орындары бойынша 3856 адамды, күміс жас жобасы бойынша 175 адамды және жаңа жұмыс орындары бойынша 387 адамды жұмыс орындарына орналастырдық.

 

– Жалпы, орталыққа көбіне қай мамандық иелері жұмыс іздеп келеді?

– Нақты мына салаға маман жетпей жатыр деп кесіп айту қиындық тудырады әрине. Себебі, үлкен мамандық иелері біреуі зейнетақыға шықса, екіншісі ізінен ілесіп келіп жатады ғой. Мысалы, кез-келген жағдайда медицина саласының мамандарын алып қарауға болады. Олар жоғары оқу орындарын бітіре салысымен жұмыс іздеп әуре болмайды. Себебі, бұл мамандыққа қазіргі таңда сұраныс артпаса кемімейді. Сондықтан, әр мамандықтың атқаратын өзіндік жұмысы мен қоғамда үлкен рөлі бар. Мейлі ол көше сыпырушы болсын немесе ұстаз болсын. Кез-келген мамандық иесінің қоғамда өзіндік орыны бар екенін ұмытпауымыз керек.

 

– Электронды еңбек биржасы enbek.kz-тің тигізіп жатқан көмегі қандай?

– Жалпы электронды үкімет порталының оның ішінде нақты enbek.kz-ті айтатын болсақ электронды еңбек биржасының ең тиімді тұсы ол — әкімшілік шығындарды жою деп санаймын. Дәлірек айтсақ, соның әсерінен жұмыс берушілермен мансап орталықтарының арасындағы бос жұмыс орындары жайлы мәліметтерді екі жақ тікелей бір-біріне ұсыну міндеттелмей, яғни ол онлайн түрде электронды еңбек биржасындағы жеке кабинет арқылы жасалатын болды. Бұның арқасында электронды биржа іске қосылғаннан кейін мансап орталықтары мен жұмыс берушілердің арасында тығыз байланыс орнап, екі жаққа да тиімді іс болды деп ойлаймын. Тағы бір айта кететін жағдай, кез-келген мекемеде болсын, кеңседе болсын қағаз бастылықтан арыламыз. Сонымен қатар, қазіргі таңда қатты белең алып тұрған жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің бірі деп айтып өтер едім. Жоғарыда айтылған мәселенің барлығы электронды биржаның іске қосылуының оң тұстары деп айтуға болады.

 

– Келушілерге тұрақты жұмыс тауып бере алмаған жағдайда не істейсіздер?

– Біздің салада яғни, enbek.kz-те, мансап орталықтарында біздің көмегімізге жүгініп келген әрбір жұмыссыз адамға үш түрлі жұмыс орынын ұсына аламыз. Себебі, қазіргі таңда қаламыз күн өте дамып жатыр, өсіп жатыр ғой. Сондықтан жұмыс ұсынушылардың да саны аз емес. Сол жұмыс ұсынушылар мен жұмыс сұраушылардың мәліметін бір арнаға тоғыстырып, жұмыс сұраушының қай маман иесі екенін анықтай отыра сол арнаға жіберіп отырамыз.

 

– Жалпы, қай мамандыққа сұраныс көп?

– Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының цифрландыру бағытында жүріп жатқан жұмыстар бойынша бізде қазіргі таңда ІТ мамандарына, компьютерлік қызмет көрсету саласындағы мамандарға көптеп сұраныс келіп жатады.

 

– Арнайы білімді талап ететін мамандықтар бар ма?

– Барлық салада бітірген оқу орының мен мамандығыңа қарап алары бәрімізге аян. Ал егер, жоғары білімі немесе орта білімі болмайтын болса біз ол азаматтарды тек қоғамдық орындарға ғана жібере аламыз. Яғни, ол жерде ешқандай білімді қажет етпейді. Тағы бір саламыз әлеуметтік сала. Бірақ, ол жерге тек арнайы мамандарды ғана жібере аламыз.

 

– Кәсіптік оқуды бастап, бірақ орта жолдан тастап кеткен жандар кездесе ме? Оларға қандай шара қолданылады?

– Кәсіптік оқыту бойынша бізде үш айлық қысқа мерзімді оқу мүмкіндіктері бар. Бұл бағыт бойынша біздің жылдық жоспарда 56 адам бекітілген болса, қазіргі таңда біздің оқуымыз қараша айының бірінен бастап адамдарды жоғарыда айтқан қысқа мерзімді оқуға орналастырамыз. Бізде бұл жерде үш мамандық бойынша оқытылады. Олар, аспазшы, қонақ үй қызметкері және шаштаразшы мамандықтарында оқуға мүмкіндіктері бар. Жоғарыда аталып өткен оқу түрлерінің барлығы Республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Сондай-ақ, 22000 теңге көлемінде шәкіртақы да қарастырылған. Егер қысқа мерзімді оқуды бастап болып, аяқтамай тастап кетсе, біздер міндетті түрде берілген шәкіртақыны қайта алатын боламыз! Ал егер расымен де оқуларын аяқтап мамандықтарын жетік меңгерсе, ол азаматтарды жұмысқа орналастыру өз мойнымызда болады.

 

– Жаңа мемлекеттік бағдарламалардың қоғамға тигізіп жатқан пайдасы қандай?

– Еліміздің Президентінің бастауымен биыл жастарға жеңілдетілген, яғни 2,5 пайызбен 5 милион теңге көлемінде несие беру жоспарланды. Бұл жоспар бойынша біздің шаһарымызда 38 адамға шағын несие беру жоспарланған. Бүгінгі таңда конкурстық комиссиядан 38 үміткердің бизнес жобалары қаралып, 29 азаматқа шағын несие беру шешімі шығарылған. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға өздерінің жаңа бизнес идеяларын арттыру үшін 1 миллион 380 мың теңге көлемінде гранттар беру көзделді. Жоспар бойынша қаламызда 150 адамға аталған қаражат тағайындалды. Тиісінше, жоспар толығымен орындалып 150 адам грант иегері атанған болатын. Осы айтып отырған жобалардың барлығы өзін жеке кәсіпкер ретінде көретін тұрғын-дарға үлкен көмек деп ойлаймын. Сондай-ақ, осы аталған гранттарды бағы жанып жеңіп жатса, тек ақшаға ғана кенелмейді ғой. Яғни, еліміздің экономикасының дамуына да үлкен үлес қосады деген ойдамын.

 

Leave a reply