ЖАРҚЫН ЖОБАЛАРДЫ ЖҮРГІЗУГЕ ЖІГЕРІМІЗ ЖЕТЕР МЕ?

0
61

Соңғы мәліметтерге қарағанда Түркістан қаласының аумағы 22,4 мың гектарды қамтиды. Биылғы жылдың тамыз айында халық саны 194774 адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6% артқандығы байқалды. Былтыр қала халқы 187998 болды. Яғни, бір жылдың өзінде 7776 адамға артқан. Қаладағы қазақтар саны – 72,1% құраса, өзбектер – 25,6% қалғаны өзге ұлт өкілдері.

Мұсылман халықтары қала жағдайында болса да, мүмкіндігі болса, көп балалы болуға тырысады. Бұл бір жағынан еліміздегі демографиялық ахуалдың көтерілуіне әсер етіп, болашақ ұрпақтың киелі шаһардың дамуына сүбелі үлес қосуына әкеледі. Алайда, біз осы қаланың қарыштап дамуына, қала тұрғындарының өз дәрежесінде тұрмыстық, әлеуметтік жағдайына шын мәнінде назар аударып отырмыз ба деген мәселеге шынайы түрде тоқталғанды жөн көрдік. Жақында Қазақстанның статистикалық орталығы ел тұрғындарының орташа жалақысы 299 мың теңге деп айды аспанға шығарды. Біздің сараптауымызша, түркістандықтардың орташа жалақысы 100 мың теңгеден аспайды. Бұл жерде қала әкімдігі мен тиісті бөлім басшылары қол қусырып қарап отыр деуге болмайды. Басқа қалаларға қарағанда Түркістанда барлық салада ілгерілеу байқалады.

Әсіресе, халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі атқарылуда. Ұлттық жобаның «Еңбек» бағыты бойынша 6912 адам жұмыспен қамтылды. Аз қамтылған азаматтарға 3727 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Халықты жұмыспен қамту, аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі атқарылуда. Атаулы көмек алатын отбасыларға, 3927 балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары бар себет берілді.

Түркістан қаласында 4 ҰОС ардагеріне 1 миллион теңгеден және 409 тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден қаржылай көмек төленді.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жүйелі түрде әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылуда. Биылғы жылы тоғыз айында 3716 астам мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетілді. Оның ішінде 380 адам протездік-ортопедиялық құралдармен, 400 сурдо – тифлотехникалық құралдармен қамтылды. 285 адамға қол арба әперілді. 304 адамға жеке көмекшілер қызметі бекітілді. 541 адамға шипажайға жолдамалар берілді. 198 адам инватакси қызметімен, 13 адам әлеуметтік такси қызметімен қамтылды.

Бұл қала әкімінің есебінде аталған көрсеткіштер. Алайда, қаланы жаяу аралап көретін болсаңыз базар маңында қайыршылар мен тіленшілер тым көбейген. Әсіресе, үлкен көшелердегі автокөліктердің кептеліп қалатын тұстарында алақан жаюшылар қаптап барады. Бұған өткен жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай амнистия жасалып, абақтыдан шыққандар да қосылған сыңайлы. Бұқаралық ақпарат құралдары көршілес екі мемлекет арасындағы соғыстан баспаналап келгендердердің шамадан тыс көбейіп бара жатқандығын айтып шулауда. Мәселен, Украйнадағы соғыс жағдайына байланысты 8,8 миллион украиналық Еуропаны паналаған. Біздің қаламызға Украина мен Ресейден және басқа жақтан келгендердің саны белгісіз. Әсіресе, киелі қаланы қаңғыбастар мен қайыршылардан құтқаратын кез келді. Олар жертөлелерді паналаса, онда өрт қауіспіздігінің алдын алуды ойластырған жөн. Бұл мәселеге Түркістан қаласының көші –қон полициясы тарапынан қатаң қадағалау, рейдтік шаралар өткізуі керек екендігі даусыз. Себебі, терезе ашық болса, таза ауамен бірге шаң-тозаң да кіретіндігін ескерейік.

 

БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕ ОН БЕС МЫҢДАЙ АДАМ ТҰР

Жақында қала әкімі БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде 14839 азамат тіркелгендігі айтылды. Қазіргі таңда пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің басым бөлігі ипотекамен берілуде. Осыған орай, кезектегі адамдар санын төмендету үшін пәтер берудің жаңа бағдарламасын халыққа ұсыну қажеттігі белгілі болды.

Оның сыртында киелі шаһарда өз алдына жеке үй салып алушылардың кезегінде тұрғандар саны 60 мыңнан асып жығылады. Бұларға «жердің инфрақұрылымы жасалмай берілмейді» деген үлкен сұрақ алдан шығады. Инфрақұрылымды сырттан біреу келіп жасап бере ме деген орынды сұрақ қала тұрғындары тарапынан жиі қойылады. Бұл мәселе әлеуметтік дүмпуге әкеліп соқтыратын аса күрделі мәселеге айналып барады.

Жақында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында «Әкімшілік-іскерлік орталығындағы» көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйі мен құрылыс жұмыстары туралы мәселе талқыланды.

Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 200 мың шаршы метрден асатын 3392 пәтерлі 53 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Тұрғын үй құрылысындағы атқарылып жатқан жұмыстарды Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков баяндады. Қала әкімінің мәлімдеуінше, он айдың ішінде жаңадан салынған 42 көпқабатты үй пайдалануға берілді. Яғни, жыл басынан бері несиемен және кезекте тұрған екі мыңнан астам отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 11 көпқабатты тұрғын үй құрылысы толық аяқталады. Яғни, тағы 725 пәтер пайдалануға беріледі. Сонда, жылына үш мың адам пәтерлі болады дегеннің өзінде бұл процесс бес жылға созылады екен. Бес жылда кезек күтушілер саны көбеймесе, азаймайды.

Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстауды, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын ширатуды тапсырды.

— Пайдалануға берілген үйлер халықтың барлық талабы мен сұранысына сай болуы тиіс. Бұл – өте маңызды. Үйлердің айналасын абаттандыруға да баса мән берілген жөн. Балалар алаңқайларының сапасы мен қауіпсіздігі – басты назарда ұсталынады. Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуына қала әкімі және тиісті басқармалардың басшылары тікелей жауапты, — деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды пайдалануға беріліп жатқан үйлерді тексеріп, анықталған кемшіліктер бойынша облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тарапынан заң аясында шаралар қабылдауды тапсырды.

 

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ДЕР КЕЗІНДЕ БАСТАЛДЫ

Еліміздің мұғалімдерімен ақжолтай жаңалығымен ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қуантты. Оның хабарлауынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде 504 мектеп салынбақ. Бұл көлем елдегі демографиялық өсімді ескеріп жасалып отыр.

Түркістан қалалық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің мәліметіне қарағанда биылғы жылы Төле би №19 және М.Пошанов №21 мектептері күрделі жөндеуден өтті. «Бірлік» шағын ауданында бір жеке мектеп салынуда. Келесі жылы алты мемлекеттік мектеп салу жоспарланып отыр. Әкімшілік іскерлік орталығында 3200 орындық екі мектеп, «Яссы» шағын ауданында 2100 орындық екі мектеп, «Шауғар» шағын ауданында 600 орындық бір мектеп, «Бекзат» мөлтек ауданында заманауи үлгідегі бір мектеп салу жоспарлануда.

Ал, 2024 жылға жоспарда үш мемлекеттік мектеп салынады. Оның ішінде «Яссы» мөлтек ауданында 1200 орындық бір мектеп, «Шауғар» шағын ауданында 600 орындық бір мектеп, әкімшілік-іскерлік орталығында бір екі мың орындық мектеп салу жоспарлануда.

Жалпы, биылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы жариялаған «Жайлы мектеп» бағдарламасы туралы біраз сөз болды. Бірақ егжей-тегжейі айтылмаған. «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жобасының бүге-шігесі енді белгілі болып отыр.

Әдетте, ең озық білім ордалары мегаполистерімізде ғана ашылатыны мәлім. Бірақ ұлттық жобада жаңа сипаттағы жайлы мектептердің ауылда да бой көтеретіні жазылған. Тек ауыл тұрғындарының саны қарқынды өскен, «белсенді дамып келе жатқан, перспективті елді мекен» болуы шарт. Ол білім ошақтарының бәрі заманауи оқу жабдықтарымен жарақтандырылады, зертханаларына дейін болады, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалады.

Жоба аясында қазір 300, 600, 900, 1200, 1500, 2 мың, 2,5 мың білім алушыға арналған орта мектеп құрылысының типтік эскиздік жобалары әзірленеді. Ал, мектептердің құрылысы жаңа жылда басталады.

Оқу-ағарту министрлігі ұлттық жобаның ғаламат ауқымын паш ететін бір көрсеткішті атады: егер бұған дейін мектеп салуға мемлекет 100 млрд теңге қаржыдан бөліп келсе, енді бірден бірнеше триллион теңге бөледі. Яғни, «Samruk-Kazyna Construction» мол ақшаның астында қалғалы тұр. Демек, ақша талан-таражға түсіп, ұстаған жемқордың қолында, тістеген алаяқтың аузында кетпеуі үшін құзырлы органдар, Парламент, қоғам бақылауда ұстағаны маңызды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын дайындадық. Осы жобада біз барлық тәуекелдерді ескердік. Бұл ұлттық жобаның өз ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, біріншіден, ұлттық жоба қаржымен толық қамтамасыз етілді. Бұған дейін республикалық бюджеттен жылына 100 миллиардқа жуық қаражат бөлінсе, енді Мемлекет басшысының қолдауымен бұл ұлттық жобаға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге қарастырылып отыр. Екіншіден, мектеп салуда біркелкі құрылыс нормативтері сақталады, ол үшін жаңа құрылыс нормативтері қабылданды. Мектеп салуда бірізділікті сақтау үшін ол жұмысты ортақ оператор атқаратын болады. Бұл өте маңызды», – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов.

Үшіншіден, оның айтуынша, мемлекеттік мектептерді салғанда тек оның ғимаратын тұрғызумен шектелмей, «ішкі контентіне» баса назар аударылады. Мысалы, ондағы шәкірттер ең озық әдістемелермен оқиды. Оларды су жаңа мектеп автобустары тасуға тиіс.

«Ол мектептердің әрқайсысына баратын жолдар төселеді. Жанында автобус аялдамалары ашылады. Барлық инженерлік инфрақұрылымды да қамтимыз. Себебі, мұның бәрі жайлылық ұғымына кіреді, тиісінше ол мәселелердің бәрі қарастырылады. Бір сөзбен айтсақ, ұлттық жоба 800 мың балаға арнап, жоғары стандарттарға сәйкес заманауи, жайлы мектеп салынады дегенді білдіреді. Оған өте сапалы құрылыс материалдары қолданылады. Балалар үшін тиісті жағдайлар жасалады. Қауіпсіздік жүйелері де енгізілетін болады», – деді министр.

Жаңа мектептерді салуға кем дегенде 2 трлн 606,6 млрд теңге талап етіледі. Оның 1 трлн 960 миллиарды – республикалық бюджеттен алынады. Тағы 646 млрд 535 млн теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Өйткені ондағы мұнай түсімдері болашақ ұрпаққа арналған, ал мектептер дәл сол ұрпаққа қызмет етеді.

Бұл жоба келесі жылы басталады. 2023 жылы – 499 млрд 999,7 млн теңге, 2024 жылы – 1 трлн 38,3 млрд теңге, ал 2025 жылы – 1 трлн 68,2 млрд теңге бөлінеді.

 

ТҮРКІСТАНДА ҮШ АУЫСЫМДЫ ОҚУ ЖҮЙЕСІ ЖОЙЫЛАДЫ

Атап айтқанда, осы ұлттық жоба аясында білім саласы 2025 жылы Қазақстан үш ауысымды оқудан және барлық апатты мектептен толығымен құтылады деп белгіленіп отыр. 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын «Жайлы мектептің» басты мақсаты ретінде «Орта білім беру ұйымдарында оқушы орындарының тапшылығын, үш ауысымды оқытуды және мектептердің апаттылығын жою» деп нақты көрсетілген.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары саны 34 болып отыр. Онда білім нәрімен сусындап жатқан жалпы оқушылар саны 48697-ге жетіп отыр.

Биылғы оқу жылында екі ауысымда 30 мектеп болса, үш ауысымда төрт мектептің балалары оқиды. Олар Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектебі, М.Жұмабаев атындағы №15 жалпы орта мектебі, Изатуллаев атындағы жалпы орта мектебі, №23 жалпы орта мектебі. Оның сыртында қалаға көшіп келушілер мен демографиялық жағдайдың дамуынан үш ауысымға өту қаупі бар үш мектеп кезегін күтулі. Хамза атындағы №2 мектепте орын тапшылығы 183, Ж. Жабаев атындағы №11 мектепте 151, Н. Төреқұлов атындағы №8 мектепте 520-ға жетіп отыр.

Оқу ағарту министрінің мәлімдеуінше, елімізде 2025 жылға қарай 840 мыңнан астам жаңа оқушылық орын ашылады. Ол мектептердің барлығы бірегей архитектуралық стильде тұрғызылады және жаңа құрылыс стандарттарына сай салынады. Олардың бәрі бірдей болмаса да, көпшілігі таза қазақ мектебі болады деп күтіледі. Бұл жаңа мектептердің бәрінің құрылысын бір ұйым үйлестіреді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Президент тапсырмасымен, «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы осы орта білім беру ұйымдары объектілерінің нысаналы құрылысы жөніндегі Бірыңғай оператор ретінде айқындалды.

Оқу-ағарту министрі Жолдауда Мемлекет басшысы жемқорлықтан тәркіленген қаражатты мектеп салуға жұмсауға тапсырма бергенін еске салды. Оның мәліметінше, бұл мәселе бойынша заңнамалық өзгерістер әзірленді, осы бағытта жұмыс қолға алынып жатыр. Ол жақтан да миллиардтар ағындайтыны белгілі болып отыр. Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің хабарлауынша, биылғы 5 ай ішінде 630 миллиард теңгенің заңсыз әкетілген активтері мемлекетке қайтарылды. «Қылмыстық істерді тергеп-тексерудің және монополиясыздандыру жұмыстарының аясында мемлекетке шамамен 595 млрд теңге өтелді. Антикор алыс шет елдерден шамамен 230 млн доллар тұратын зергерлік бұйымдарды қайтара алды», – деп нақтылады ол.

Ел Президенті «тарихи» құрылыс көрігін қыздыратын тағы бір табыс көзін атаған. Мұны Үкімет басшысы Әлихан Смайылов растап отыр. Ол қараша айында коррупционерлерден кәмпескеленген ақша мектеп құрылысына бағыттала бастайтынын жеткізді.   «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, сыбайлас жемқорлардан алынған қаражат мектептер мен оларға қосымша құрылыстар салуға бағытталатын болады. Бүгінгі таңда республика бойынша 100 млрд теңге туралы сөз болып отыр. Қаражат бөлу қараша айында басталады», – деді Премьер-Министр.

 

ЗАМАНАУИ МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫН ӘРБІР ТҰРҒЫН ҚАДАҒАЛАЙ АЛАДЫ

Жалпы, егер билік сөзінде тұрса, бұрын-соңды болмаған кең ауқымды, тарихи құрылысты ғаламторға шыға алатын кез келген азамат бақылай алады.

Оператор 2023 жылдың 1 тоқсанынан кешіктірмей, ақпараттық жүйені – Ақпараттық картаны енгізуге тиіс. Сол арқылы әр мектептің құрылысы барысына мониторинг жүргізіледі. Онда бейнебақылау, фотоесептер, құрылыстың автоматтандырылған мониторингі, инжинирингтік қызметтердің электрондық есебі болады.

Ақпараттық жүйені енгізу арқылы әрбір мектептің құрылыс процесін толық ашық ету жоспарланған. Бұл үшін оператор құрылыс алаңдарының әрқайсысынан онлайн режимінде, тәулік бойы бейнебақылау, трансляция ұсынуы, немесе апта сайынғы негізде құрылыс барысы туралы фотоесептер жариялауы қажет. Орындалған және қалдық жұмыстардың көлемі туралы есеп береді.

Осы алып құрылысқа отандық өнімдер тартылады, қазақстандық үлесті арттыруға мән беріледі. Бірақ отандық өндіруші өз өніміне конструктивті элементтер бойынша – кемінде 60 ай, ал әрлеу материалдары мен жабдықтар бойынша – кемінде 36 ай кепілдік беруі шарт. Егер мектеп құрылысы қымбаттаса, ол тәуекелді Samruk-Kazyna Construction көтереді, яғни сол өтеуі керек.

Мемлекет басшысы мен Үкімет қолдаған «Жайлы мектеп» жобасы еліміздегі оның ішінде киелі шаһардағы жас өскіндер мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына үлкен қолдау болғалы тұр. Бұл мектептердің құрылыс сапасын бақылаудан тыс қалмаңыздар.

Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған