«Бозарық» қосалқы станциясын іске қосу жоспарлануда

0
61

Еліміздегі үшінші мегаполистің энергетика саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Солардың бірі — 160 МВт 220/110/10 кВ «Бозарық» қосалқы станциясы. Құрылысы аяқталуға жақын қалған нысан пайдалануға берілсе, қаланың солтүстік бөлігі сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі деген үміт бар.

«Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы 2016-2021 жылдар аралығына жоспарланған. Жобанның жалпы құны -7,9 млрд теңгені құрайды. Бүгінде мұндағы жұмыстар толығымен аяқталған. Тек станцияны іске қосатын маманды күтіп отырмыз, дейді құрылысқа жауапты мердігер мекеме басшысы.

«Аврора Констракшэн» ЖШС директоры Олег Хегайдың мәлімдеуінше, «Бозарық» қосалқы станциясы іске қосылса қаланың солтүстік бөлігі сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілмек. Атап айтар болсақ, олар — Асар-2, Тұран, Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай, Батыс, Бозарық, Қайнарбұлақ, Шымкент сити мен Достық, Нұрсәт шағынаудандары. Бас-аяғы 10 елді мекенге сапалы жарық жеткізілмек. Нәтижесінде, 250 мыңға жуық абонент қамтылады деп көзделген.

Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқарамсының басшысы Боранбай Булатбековтың айтуынша, қазіргі таңда қаланы сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында 3 қосалқы станцияның құрылысы қатар жүргізілуде. Олар — Бозарық, Ақжар, 1-М-1 станциялары. Егер, үш бірдей нысандағы құрылыс аяқталып, жарық жүйелері тартылып жатқан елдімекендердегі жұмыс тәмәмдалатын болса, миллионды қаланы қуат көзіне қосу көрсеткіші 95 пайыздан 97 пайызға өспек.

Leave a reply