Wednesday, December 4

ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ 68%-ҒА ӨСКЕН

0
115

Түркістан облысы көлемінде жыл басынан бері тіркелген жол-көлік оқиғалары өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 68%-ға өскен. ЖКО-да қаза болғандардың саны 16%-ға төмендеген. Жол апаттары Арыс, Бәйдібек, Мақтаарал, Жетісай, Отырар аудандарында өсіп отыр. Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысында 2024 жылдың 5 айында орын алған жол-көлік оқиғаларының жай-күйі баяндалды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңеске құқық қорғау органдарының басшылары, барлық аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.
Дархан Сатыбалды қылмысты төмендету бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе нақты шаралар қабылдауды, осы бағытта жұмысты жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Кеңесте құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында қылмыстарды ашу бойынша кешенді шаралар қабылдай отырып, полиция органдарының жұмысын күшейту, әсіресе өсуі байқалатын қылмыстарға баса назар аудару, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті қорғауға бағытталған азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі айтылды.
Биылғы 5 ай қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтар, жол-көлік оқиғалары туралы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент бастығының міндетін атқарушы Мұхтар Мүсіровтің баяндамасы тыңдалды.
Түркістан облысында қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 7%-ға азайған. Ауыр қылмыстар 15,3%-ға азайған, аса ауыр қылмыстар 9,6%-ға өскен. Ұрлық 38,4% -ға кеміген, тонау – 26,1%, мал ұрлығы – 46,1%, бұзақылық – 25,7%, интернет алаяқтық – 5,3%-ға төмендеген.
Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысында сондай-ақ кедендік бақылау саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу профилактикасы және басқа да маңызды мәселелер қаралды.
Мәжіліс барысында берілген тапсырмалар, айтылған кемшіліктер мен сын-ескертпелер хаттамаға енгізіліп, нәтижелі жұмыстарды атқару міндеті жүктелді.

Leave a reply