Бүгінде елге еңбегі сіңген, ұлғайған шағында қарапайым ғана қоңыр тіршілік етіп жүрген жандар аз емес. Жуырда Түркістан облысында зейнеттегі шахтер, Еңбек Даңқы орденінің толық кавалері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Дүйсенбай Пайзиев ақсақалдың Кентау қаласында тұратынын білдік.
Сексенге таяған Дүйсенбай қариядан алғаш шахтаға түскен сәтін еске алуын өтіндік.
– Мен 1947 жылы, 24 наурызда қазіргі Түркістан облысы (бұрынғы ОҚО) Түркістан ауданына қарасты Атабай ауылында дүниеге келдім. 12 жасқа толғанда анам қайтыс болып, әкем жаңа отбасын құрып, мен нағашыларымның қолында ержеттім. Еңбекке ерте араластым. 1964 жылы мектеп бітірген соң, Кентау қаласына келдім. Шахтаға жұмысқа тұрамын деген жоспарым сәтсіз шығып, құрылыста жұмыс істеуіме тура келді. Шахтаға жасы 18-ге толғандарды ғана алатындықтан, мені құрылысқа жіберді. 1966 жылы Ащысай полиметаллкомбинатына қарасты Западный кенішіне жұмысқа тұрдым. Алғашқыда маған Ермахан Айдайкиев деген үңгуші (проходчик) жетекші болып, сол кісінің ақыл-кеңесі мен тәжірибесіналдым. Шахтаға түсу алғашқыда қиын болды, бірақ жұмысқа кіргенде алдын ала дайындықтан өттік. Техника қауіпсіздігін сақтауды да үйрендік. Шахтада бір жылда 11-12 адамға дейін қайтыс болады. Ал жарақат алып, дене мүшелері майып болғандар тіпті көп. Біз осының бәрінің куәсі болдық. Біз бәріміз бір шахтада болғандықтан, жанымыз да бір болды. Шахтада әртүрлі ұлт өкілі жұмыс істейтін, ұлтқа ешқашан бөлінбегенбіз. Сыйластықта адами фактор басым болатын. Бәріміз бір адамдай жұмыс істейміз, бірге демалысты өткіземіз. Қайғы мен қуанышты бірге бөлісеміз. Қалада кітапханалар, «Спутник», «Дружба» деген кинотеатрлар жұмыс істейтін. Демалатын кеншілер профилакториясы, эксковатор зауытының профилакториясы, Созақта комбинаттың профилакториясы болды. Кеңес Одағының қай жерінде демалғың келсе, сонда жолдама берілетін.
Осы орайда айта кетейік, Дүйсенбай Пайзиев 18 жасында шахтаға үңгуші болып жұмысқа кіріп, зейнетке шыққанша осы жұмысты істеген. Үңгуші мамандығы ең ауыр жұмыстың қатарында. Біз сол себепті Дүйсенбай ақсақалдан неліктен дәл осы кәсіпті таңдағанын сұрадық. Бұл туралы кеншінің өзі былай деп еске алды:
–Үңгушілер мен бұрғылаушылардың жұмысы қол күшін қажет етеді, сондықтан күнделікті қауіп-қатерге толы болады және еңбекақысы да жер астындағы жұмыстардың ішіндегі ең жоғарысы. Мысалы, электровоз машинисінің жалақысы орташа алғанда 150-170 сом болса, үңгушінің айлығы 250-300 сомды құрады, – деп бастады ол әңгімесін. – Өзім жұмыс істеп, ең алғаш айлық алған күнім есімнен кетпейді. Сонда өзімді бақытты сезіндім. Өмірге сеніммен қарай бастадым. Өмірден түйгенім, әйтеуір диплом үшін оқуға болмайды, маман ретінде қалыптасу қажет екен.
Жер астына жұмысқа кірген азаматты жер бетінде де талай қызықтар мен сәттіліктер күтіп тұрады. Жалындаған жастық шағында спортпен, оның ішінде бокспен айналысады. Жаспын демей, ерте бас құрап, отбасылы болады. Кентау эксковатор зауытының профилакториясында медбике болып қызмет ететін Бейбітай Қадірсізоваға үйленеді. Үңгуші бола жүріп, бокспен айналысқан ол қалаішілік жарыстарда талай топ жарады. Ал 1970 жылы Өскемен қаласында өткен республикалық спартакиадаға қатысып, жергілікті бокс мамандарының көзіне түседі. Сондағы жаттықтырушылардың «жұмысыңды таста, бокспен айналыс. Институтқа оқуға түсіріп, пәтер алып береміз» деген ұсынысын келіншегіне айтады. Өмірлік серігі «Кентаудағы кәрі ата-анамды тастап кете алмаймын» деген соң, шахтадағы жұмысын жалғастыра береді. Себебі жастайынан жетімдіктің дәмін татқан Дүйсенбай үшін отбасы бірінші орында еді. Уақыт өте келе бокстан қол үзіп, шахтадағы жұмысына түпкілікті ден қойыпты. Осы орайда естеліктерімен бөлісіп отырған кейіпкеріміз:
«Содан кейін аз уақытта 10-15 жыл жұмыс істеген тәжірибелі мамандармен бірдей көрсеткіштерге қол жеткізіп, 6-разрядты проходшыға айналдым» деп жылы жымиды.
Осы кезде әңгімені ол кісінің марапаттарына бұрдық.
–Иә, марапаттан кенде болмадым. Соның ішінде мен үшін ең қадірлісі – Еңбек Даңқы ордені. Кентау қаласындағы Еңбек Даңқы орденінің толық кавалері атағына ие болған көзі тірі жалғыз ардагермін. Кеңестік кезеңде Еңбек даңқы орденінің толық кавалері Социалистік Еңбек Ері деген атақпен тең бағаланатын.
Оқырман үшін Д.Пайзиевтің мұндай дәрежеге қалай жеткені қызық болар деп ойлап, оны да сұрадым. 1975 жылы Е.Калемистовтың бригадасы Металлургтер күніне орай Ащысай полиметалл комбинатында бүкілодақтық рекорд орнатпақшы болады. Сөйтіп, рекорд орнатуы тиіс 42 адамнан құралған бригаданың құрамына Дүйсенбай Пайзиев те шақырылады. Осы жылы тамыз айында 31 күннің ішінде 1651,3 погон метр көлбеу кен қабаттарын жедел бұрғылаудан өткізіп, бүкілодақтық рекорд орнатылады.
–Еңбек өнімділігі бір ауысымда адам басына шаққанда 18,3 текше метр кеннен келді. Бұл сол кезде одақ бойынша орташа көрсеткіштен 5 есеге көп еді. Еңбектегі осы табысым үшін бригада құрамындағы басқалармен бірге мен де 1 және 2 дәрежелі Еңбек даңқы орденін иелендім. Ал 3 дәрежелі Еңбек даңқы орденін 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шығар кезде алдым. Еңбек даңқы орденінің толық кавалері атануым – Ащысай полиметалл комбинатында қызмет еткен 20 жылдық еңбегімнің өтеуі деп білемін. Бүкілодақтық рекорд орнатушылар бригадасының құрамында болуымның арқасында атағым аспандап шыға келді. Көп уақыт өтпей, облыстық кеңестің депутаты болдым, Қазақстан Коммунистік партиясының съезіне қатыстым. Кеңестер Одағы тұсында Ащысай полиметалл комбинаты «шахтерлер ұстаханасы» деп аталатын. Біздің кен қазу ісінде қол жеткен табыстарымыз бен тәжірибемізді үйрену үшін одақ қана емес, шетелден мамандар келетін. Бірде Кентауға Финляндия елінен келген қонақтардың бірі, біздің белуардан су кешіп жүріп, қарапайым техникалық қондырғының көмегімен кен қопарып жүргенімізді көріп: «Сіздердің мынау жанкешті еңбектеріңіз үшін орден емес, әрқайсыңызға ескерткіш тұрғызса да артық емес» дегені бар.
Сөйтіп, 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан кеншінің сыртқы өмірде тіршілігі мүлде басқа арнаға бұрылады. 1988 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына жалпыға бірдей тең және төте сайлау өткізіледі. Кентау қаласынан үш азамат сайлауға түсіп, жергілікті халықтың қолдауына Дүйсенбай Пайзиев ие болады. Кентау, Түркістан, Арыс қалаларының. Созақ, Отырар, Бәйдібек, т.б. жеті ауданның атынан сайлаудың екінші кезеңінде де жақсы нәтиже көрсетеді.
– Аталған аудандағы сайлаушылармен күнде жүздесу ұйымдастырамыз. Сайлауға түскен қарсыластарым халықпен кездесуінде бәрін істеймін деп, уәдені үйіп-төгіп беріп жүр. Мен қолымнан келеді-ау деген шаруаларды ғана істей алатынымды айтып жүрдім. Содан бұл жолы да сайлауда жеңіп шығып, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайландым. Заң шығару және қылмыспен күресу комитетінің тұрақты мүшесі ретінде жұмыс істедім.
Қарапайым шахтердің КСРО Жоғары Кеңесіне депутат болып сайлануы шынымен ерекше жағдай еді. Енді қазақ азаматының Кремльде отырып атқарған қызметтеріне тоқталуды жөн көріп отырмыз. Депутат Дүйсенбай Пайзиев 1991 жылдары қазақ жастарының әскери қызметін тек Қазақстан аумағында ғана өтеу жөнінде шешім қабылдаттырады. Сонымен қатар әйелдердің босанғаннан кейінгі үш жыл еңбек өтілі мен ақшасын сақтай отырып, демалысқа шығуын көтереді. Бұл туралы Д.Пайзиевтің өз аузымен айтқызсақ.
– Менде бағдарлама, платформа болды. Сәбилі болған әйелді үш жыл үйінде отырып, еңбек өтілін, ақшасын сақтауға ұсыныс жасадым. Оны қалай іске асырғанымның өзі қызық. Ол кезде Терешкова Кеңес Одағы Әйелдер кеңесінің төрайымы болатын. Ол да депутат. Терешковадан кейін Әйелдер кеңесінің төрайымы Пухова болды. Съезде мәселені көтеру үшін міндетті түрде төрайым сөйлеу керек. Содан Пуховамен сөйлестім. Ол маған «көк қағазға 15 республика қол қойсын, кем дегенде 25 адам болсын» деді. Әсіресе, орыстар жағына жақын елдердің қолдауы керек болды. Ал оларға барсам «бала туып не керек?» дейді ғой. Сөйтіп, мен өзіме жақын адамдарды ортаға салып жүріп, тізімдегі 25 адамның қолын жинап келдім. Сосын Пухова шығып сөз сөйлеп, шешім қабылданып, бұл мәселе шешілді.