Wednesday, December 4

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз кәсібін ашты

0
119

Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында түрлі бағдарламалар мен ұлттық жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл салаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша көңіл бөліп, жыл сайынғы Жолдауында тиісті тапсырмалар беріп келеді.

Бизнес бастаймын дейтін азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау көп. Айталық  «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында берілетін қайтарымсыз грант.

Бүгінде Түркістан қаласында грант алып, өз ісін жүргізіп отырған жандар жетерлік. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Олар ешкімге алақан жаймай, керісінше өзгелерде жұмыс ұсынып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Осындай тұрғынның бірі Еркебұлан қала орталығынан шағын компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашқан. Жалғыз емес өзі секілді тағы екі азаматпен бірлесіп, осы кәсіпті жүргізіп отыр.  Әкесі телефон жөндеу шебері болған ол мектеп жасынан бастап түрлі техникаға қызыққан. Отбасының қолдауымен көпсалалы колледжде компьютерлік білімін жетілдіреді. Кәсіпкерлікке алғаш 2015 жылы Кентау қаласында қадам басқан.

«Кәсіпті алғаш бастаған кезде досым екеуміз ортадан қаржы шығарып қажетті техника, компьютерлерді сатып алдық. Бизнесімізді одан әрі кеңейту мақсатында қаладағы арнайы мамандарға жүгінген болатынбыз. Өз бизнес жоспарымызды көрсеткен соң  биыл 1 миллион 225 200  теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып алдық.   Ол қаражатқа компьютерлік курс оқытатын орталық ашуды көздеп отырмыз»,- дейді кәсіпкер.

Еркебұлан алғашында құжат көшірмесін жасау, фотоға түсіруден бастаған. Уақыт өте келе электронды порталтан кілт ашу, бейнемонтаж жасау жұмысын меңгеріп, қызмет көрсету аясын кеңейте түседі.

Айта кетейік, биылғы жылдан бастап қайтарымсыз грант мөлшері ұлғайтылған болатын. Былтыр кәсіп ашқысы келетін жандарға  550 мың теңге берілсе, қазір 400 АЕК жеткен. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті іске қосу және дамыту болып табылатын өтеусіз берілген бастапқы капитал.

Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін қажет:

– Порталда тіркелу;

– грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

– бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

– өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты Жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады:

– тіркелген жұмыссыздар;

– жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін);

– бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

– мүгедектігі бар адамдар;

– қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;

– өңіраралық қоныс аударушылар

– аз қамтылған отбасы мүшелері;

– көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);

– мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);

– асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;

– жастар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Түркістан қаласының «Халықты жұмыспен қамту орталығының» директоры Ақмарал Пернебекқызының

мәлімдеуінше, шаһарда жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 6912 тұрғын қамтылған.

Атап айтсақ, 843 адам қоғамдық жұмыс орындарына, 125 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 501 тұрғын «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа жолданды. Ал тұрақты жұмыс орындарына 3271 азамат, алғашқы жұмыс орнына 35 тұрғын орналасты.

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік қайтарымсыз грант 190 тұрғынға тағайындалды. Қазіргі таңда жұмыспен қамту шаралары бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Leave a reply