Н.ТҰРАШБЕКОВ ШАҺАРДАҒЫ СУЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІН ТЕКСЕРДІ

0
77

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков кезекті аралауды Баялиев пен Рысбеков көшелеріндегі гидрантты жүйелердің жағдайын бақылаудан бастады. Жауапты мамандар Майкотов көшесіндегі көгалдандыру жұмыстарының 3,4,5-ші кезеңдері бойынша баяндады. Қала әкімі жазғы маусымда қала аумағындағы тазалық, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына қадағалауды күшейту мақсатында мобильді топтарға тірлікті тиянақтауды тапсырды.

— Міндетті мінсіз орындау үшін жауапкершілік қажет. Бір адамның жауапсыздығы мың адамға зардабын тигізеді. Нәтиже үшін талап пен міндет үдесінен шығу керек, — деп, бірқатар ескертулер жасады. Кемшіліктерді жою үшін мерзім белгілеп, орындалуын баяндауды орынбасарларына жүктеді.

Айта кетерлігі Түркістан қаласы маңындағы «Жасыл белдеу» аймағын алғашында 7 700 гектарға құру жоспарланса, қазір ол меже 13 629 гектарға жетіп, аталған аймақта көшеттер күтіп-бапталуда.

Қазіргі таңда Түркістан қаласы мен айналасындағы жасыл екпелердің өнімділігі 65-75 пайызды құрап отыр. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев мәлімдеді.

«Бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жеткен. Арық-атыздар қалпына келтіріліп, жасыл желек көптеп егілуде. Оған қоса қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артқан. Бұл – үлкен еңбектің жемісі. Жасыл алқапты көбейту бағытындағы жұмыстар республика бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан кейін екінші болып Түркістанда қолға алынғанын да айта кеткен жөн. Облыс әкімінің қолдауымен 3 жылда орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы мен штаттық бірліктер саны 2 есе ұлғайған. Аталған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда «Казгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген» — деді Қайрат Амангелдіұлы.

Сонымен қатар брифингке қатысқан «Жасыл аймақ» КММ директоры Әбутәліп Құламетов «Жасыл белдеу» аймағы үшін 5 миллионнан астам көшет аталған мекеменің тұқымбағынан алынғанын жеткізді.

Leave a reply