Wednesday, December 4

ОТАНДЫҚ НАРЫҚҚА САПАЛЫ ӨНІМ ҚАЖЕТ

0
146

Кез келген сауда орталығының аумағына жақындай қалсаң «қымбатшылықты» сөз еткен халықты көреміз… Бұны біз шетелден әкелетін өнімнің шығындарымен байланыстыратын едік. Кәсіпорындарға жүргізілген түгендеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Түлкібас ауданында 1 ірі, 3 орта, 22 кіші және 6 қосалқы, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс атқаруда. Оның ішінде: 10 тамақ өнімдерін өндірумен, 7 құрылыс материалдарын өндірумен, 7 кен өндіру саласында және 8 кәсіпорын басқа тауар өндірумен айналысады. Өзгені былай қойғанда біздің аудан тұрғындары «өз өнімімізді» қаншалықты тұтынады? Осы сұраққа жауап алу үшін бірқатар кәсіпорын иелерімен кәсіпкерлермен және тұтынушылармен тілдесіп көрдік.

 

Ауданда отандық өнім көлемін арттыру және осы мақсатта ірі және орта кәсіпорындар сала отырып жұмыссыз азаматтар санын азайту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазір жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп орындарын өз көзімізбен көріп, жай-күйімен танысу үшін алдымен «Стас и К» ЖШС мекемесіне бас сұқтық. Аталған кәсіпорынның бас бухгалтері Гульнара Казакчаева зауыттан шыққан су және газға арналған этиленді труба өнімдері Түркістан, Тараз, Шымкент, Алматы қалаларына тасымалданатынын айтты. 2005 жылдан бастап жұмыс атқарып келе жатқан бұл мекемеде күндізгі және түнгі ауысымда 18 қызметкер жұмыс істейді. Гульнара Шаукатбековна аудан тұрғындары арасында «Стас и К» өнімдеріне сұраныс аз екенін жасырмай, «Труба өндіруге арналған барлық материалдар шетелден әкелінеді, сол себепті сапасы өте жақсы. Күннен-күнге доллар бағасы шарықтап тұрғанда, бұл бізге де әсер етпей қоймады. Ауданымызда біздің өнімдерді тек су мен газ жүргізуге тендерді жеңген кәсіпкерлер қолданады. Оларға сапасының жақсы болғаны керек. Ал өз тұрғын үйлеріне арналған газ бен су трубалары үшін халық бұл өнімді қымбатсынады. Бірақ 1-2 жылда трубалары тесіліп, қайта орнату керек болады»,-деді. Аталған кәсіпорын күніне 7-8 т, ал аптасына 50 тоннадан асатын өнім дайындап, басқа қалаларға тасымалдайды.

Бұл мекеменің жұмысымен танысқан соң, «Майлыкент сүт» ЖШС жолымыз түсті. Мекеме басшысы Саидов Абдихалык Тажибаевич қуана қарсы алып, зауыттың ішкі жұмысымен таныстыра бастады. Мың рет естігенше, бір рет көрген артық деп сүт өнімдерінің қалай дайындалатынын өз көзімізбен көрдік. Мекеме күніне орта есеппен 10 т сүт өнімдерін қабылдап, одан құрт, май, қаймақ, ірімшік секілді 10 түрлі өнім өндіріп шығарады. Бұл тауарлар алдымен өз ауданымыздағы ірі және орта сауда орталықтары мен дүкендерге жеткізіледі, сонымен бірге Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарына тасымалданады. Мекемеге қарасты тоңазытқышы бар, барлық талаптар сақталған 10 көлік бар. Табиғи әрі бұзылуға бейім өнім болғандықтан, діттеген дүкендерге жеткізу үшін барлық жағдай қарастырылған. Сонымен бірге зауыт жанында «Фирмалық дүкен» жұмыс істейді. Жақын маңда тұратын тұрғындар, көрші ауылдың тұтынушылары осы дүкенге арнайы келіп, сүт өнімдерін сатып алады. Абдихалык Тажибаевичтің сөзінше ауданымыздың 60-70%-ы осы зауыттан шыққан сүт өнімдерін қолданады. Сиыр сауатын көп тұрғын сүтті осы зауытқа өткізеді. «Майлыкент сүт» ЖШС ауданымызға пайдалы әрі табиғи өнімдер жеткізумен қатар, 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кей кездері қызметкерлер саны 70-ке жуықтайды. Болашақта зауыт көлемі артып, жұмысшылар санын көбейту де жоспарда бар.

 

Зауыт жұмыстарымен танысқан соң, өзін Болат Балтабайұлы деп таныстырған кісіден ауданымызда шығатын өнімдер туралы, оларға тұтынушылардың көзқарасы жайында сұрадық. Ағамыз тосылмастан, біздің еліміз әлі де сапалы өнімдер өндіруге қауқарсыз. Мен, өзім базардан қандай тауар алсам да қай жақта шығарылғанына мән беремін деп жауап қатты. Тек жеміс-жидек, көкөністі «өзіміздікі ма?» деп сұраймын, несін жасырайын, шетелде жасалған өнім өзіме «бұзылмайтындай» көрінеді деп сөзін аяқтады.

Тағы бірнеше пікір сұрап көрейік деп тағы көшеде жолыққан жандарды сөзге тарттық. Үлкен ала дорбасымен азық-түлік арқалаған Алмакүл апамыз базардан келе жатыр екен. Қолындағы көкөністерді көріп, өз үйінің бақшасы туралы сұрадық. «Балалар жұмыста, өзімнің шамам келмейді. Бұрын өзіміз егіп, жаз бойы азық қып, қалғанын «қыстың қамын жаз ойла» деп қысқа дайындайтынбыз. Қазір бәрін сатып аламыз» деген апамыз балаларының күнкөріс қамы үшін таңнан-кешке дейін жұмыста екенін алға тартты. «Базар қымбат, бірақ бәрі керек заттар. Бұл бағаны тұрақтандыру үшін өкімет бірнәрсе жасау керек қой» деп өзінің назын да білдірді.

Апамыздың сөзінен кейін саудагерлермен сөйлестік. Бірі өнімнің қымбат бағада келетінін айтса, енді бірі жол шығыны мен сатушының еңбек ақысын себеп қылды, ал енді бірі сауда орындарының жалдамалы ақысы қымбат екенін алға тартты. Тұрғындар мен кәсіпкерлердің әртүрлі пікірінен соң, ауданымыздағы осы салаға қатысты мекемелерден мәлімет сұрадық. Жауап төмендегідей…

 

Биыл ауданымызда 1,5 мың га егістік жерге көкөніс егіп, өнім алу жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар сәбіз, пияз, картоп дақылдары бар. «Бір жерден 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 2022 жылға 100 шаруашылық 104 га жерге бірінші өнімін отырғызды. Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, қырыққабат 0,1 мың га, қызанақ 0,35 мың га, қияр 0,1 мың га, сәбіз 0,15 мың га, пияз 0,14 мың га, сарымсақ 0,1 мың га, қызылша 0,2 мың га, баялды 0,12 мың га, болгар бұрышы 0,11 мың га, басқа көкөністер 0,13 мың га аумаққа егілген. Бүгінгі күні қиярдан 0,5 мың т, сарымсақтан 0,3 мың т, басқа да көкеністерден 0,9 мың т өнім алынған. Яғни, көкеніс түрлерінің өнім беру мезгілі әлі болмағандықтан, саудагерлер азықты өзге облыстардан немесе көрші елдерден әкеледі. Газетіміздің өткен сандарында жарияланған сұхбатта аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Керімқұлов аудан тұрғындарына үйіргелік бақша өнімдерін егуді қолға алуды ұсынған. «Егер әр отбасы өзіне қажет өнімді өз бақшасынан шығарса, базарда сұраныс азаяды. Соған сәйкес, тауар бағасы да арзандайды деп ойлаймын»,- деген еді.

 

Аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығының басшылығы өнеркәсіп өнімінің көлемі 2022 жылы жоспарға сәйкес – 16 млрд 500 млн теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 103,5 пайызды құрайды деп күтілуде,-дейді. Өнім көлемі ағымдағы жылдың 5 айында 5 млрд. 831,9 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102,4%-ды құраған.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ауданда жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, жергілікті қамтудың үлесін арттыру, мемлекеттік сатып алу жүйесін бір жолға қою мақсатында есептер әзірленіп, Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасына және Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасына жолдануда.

Сонымен қатар, өнеркәсіп көлемін арттыру үшін екі бағытта жұмыс жасау жолға қойылған. Атап айтсақ, біріншісі – жұмыс істеп тұрған мекемелердің толық қуаттылықта жұмыс жасауына, қайта құрылымдауға қолдау көрсетілсе, екінші бағыт – жаңадан өндіріс орындарын құру мақсатында инвестиция тарту болып табылады.

 

Бүгінгі таңда, «SAS-Tobe Technologies» ЖШС цементтен әкке өту жобасын іске асыру үшін қаржы көзін анықтауға қолдау көрсету жоспарлануда. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан бағдарламаға қатысу үшін ірі кәсіпкерлік субъектіден орта кәсіпкерлік субъекті ретінде тіркеу және «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларына қатыстыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге, «Түлкібас әк зауыты» ЖШС-нің әк зауытын қайта құрылымдау жобасын іске асыру бағытында жұмыстар ұйымдастырылуда. Жұмысы тоқтап тұрған «Байтерек-4» ЖШС, «Арсен Ас» ЖШС, «ЮгПишеПром» мекемелерінің жұмыс істеуіне қолғабыс ету жұмыстары ұйымдастырылуда.

Сонымен бірге, биыл «South Road» ЖШС Састөбе кентінде «Таш-төбе» кен орнын байытып, белсендірілген минералды ұнтақ өндіру жобасын іске асыру жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 557,0 млн теңген Бұл кен орны жаңадан 31 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Және «Beibars Bottlers» ЖШС ауыз су және көптеген хош иістері бар алкогольсіз сусын өндірісінің құрылысы жобасын іске асыруды жоспарлауда. Жобаның жалпы құны 5 млрд 354,0 млн теңгені құрайды, мекемеде жаңадан 55 адамға жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Тұрғындарымыз көбінесе өзімізде бидай бар нан қымбат, қызылша өседі бірақ шекер қымбат, мақта бар бірақ киім қымбат деп жатады. Бірақ өзіміз де көп жағдайда Отандық өнімнен гөрі шетелден әкелген тауарларды қолданып жатамыз. Сол себепті, ең бірінші Отандық өнімді қолдайық, өзіміз тұтынайық. Ал қалғаны уақыт еншісінде… Біз де түрлі жаңа технологияларды игеріп, барлық өнімдер өз елімізді толық қамти алатын күнге жетерміз….

Айман ӘЛМЕН.

 

Leave a reply