САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ЖАҢА ЛОГОТИПІ БЕКІТІЛДІ

0
114
Сайрам ауданы әкімдігіне аудандық қоғамдық кеңес пен аудандық ардагерлер ұйымынан ауданның логотипін өзгерту бойынша ұсыныс түскен болатын.
Себебі, өткен ғасырдың соңғы жылдарында бекітілген логотип кейінгі жылдары өзектілігін жоғалтқан. Оның бір белгісі он жыл бұрынғы Шымкент қаласының бас жоспарының өзгеріп, Сайрам ауданының бірнеше елді мекені қала аумағына өтіп кеткен еді. Соның ішінде бабтар жері саналатын әрі Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибрагим ата мен анасы Қарашаш ана жатқан жер – Сайрам ауылы бар (қазіргі таңда Шымкент қаласындағы Сайрам алқабы).
Аталған ұсыныс бойынша жауапты сала қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Суретшілер, архитекторлар, дизайнерлер және қарапайым тұрғындардан жалпы саны 30-дан астам ұсыныс түсті.
Ұйымдастырушылар тарапын бірнеше рет комиссия отырысы өтті. Ұсыныстар жан-жақты талқыланды. Толықтырулар мен өзгертулер енгізілді.
Нәтижесінде, комиссия бір қорытындыға келіп, логотип аудандық мәслихатпен бекітілді.
Логотип авторы белгілі дизайнер, суретші, өз саласы бойынша бойынша 20 жылдық тәжірибесі бар Нұрбек Тұрапбеков.
ЖАҢА ЛОГОТИПКЕ МІНЕЗДЕМЕ:
Сайрам ауданының жаңа үлгідегі логотипі – ұлттық құндылықтар мен тарихи деректерге негізделген нақышта жасалған.
Логотиптің аты шартты түрде «Көне Сайрамнан – Жаңарған Сайрамға» деп алынды. Онда көк аспан астындағы шаңырақ бейнеленген.
Аудан аты – тарихи мекен ретінде барша əлем жұртына əйгіленіп, латын əріптерімен өрнектелген.
Ондағы қиық өрнек – өлкеміздегі тарихи орындардың бірі Ханқорғанды, қазақ хандығының таңбасын бейнелеген көрініс боп табылады.
«М» əрпіне жалғасқан ирек сызық – ауданымыздағы Арыс және Ақсу өзендерінің белгісі.
Киелі шаңырақ – ынтымағы мен бірлігі жарасқан əр түрлі этнос өкілдері мекенінің айғағы.
Ашық аспан, көк түс – бейбіт өмір, тыныш заман белгісі.
«Сайрам ауданы» логотипі төмендегі талаптарға сай екендігі ескерілді:
— Сайрам ауданына тән ерекшеліктерді көрсетуі;
— Тәжірибелік тұрғыдан логотип қарапайым көрінуі және ақ-қара түсті болғанда өз сапасын жоғалтпауы;
— Логотиптің жинақы, есте жақсы сақталатын, түсі жақсы көрінетін болуы;
— Шығармашылық жұмыстарды бағалау кезінде көркемдік ойдың шеберлігіне, идеялық мақсатқа және графикалық талғамға ерекше мән берілді;
— Логотип таңдау кезінде байқаудың комиссия мүшелері тарапынан Логотиптің мағынасы – Стилі – Ерекшелігі – Креативтілігі сынды критерийлерді ескерілді.

Leave a reply