Серіктестіктегі серпіліс

0
19
Елімізде уран өндіретін аймақтардың қатарында Түркістан өңірі де бар. Облыс аумағында «Қаз-
атомөнеркәсіп» ҰАК-ға қарасты бірнеше кәсіпорын ел қазынасына қомақты қаржы түсіретін уран өндірісімен айналысады. Солардың бірі – Созақ ауданында орналасқан «Оңтүстік тау-химиялық компаниясы» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Серіктестікке әлемдік уран өндірісінде тәжірибесі мол «Uranium One Rotterdam B.V.» (Ураниум Уан Роттердам Би.Ви.) және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрылтайшылық етеді. 2014 жылы іске қосылып, өзінің өндірістік қызметін «Ақдала» және «Оңтүстік Ыңғай» кен орындарында жүзеге асырып келеді.
Аталған кен орындарында табиғи уран 500-600 метр тереңдікте жатыр. Бірақ, ол жер асты шахтасынан немесе карьерден тау жыныстарын қопарып алғандай етіп шығарылмайды. Барлық жұмыс бұрғылау тәсілімен жүргізіледі. Арнайы құбырлар салынған ұңғыма арқылы тереңдікке күкірт қышқылы айдалады. Қазіргі геотехнологиялық жүйе бойынша тереңдікте пайда болған ерітінділер ұңғымалар арқылы жоғары көтеріледі. Осылайша қоршаған ортаға зиян келтірмес үшін барлық жұмыстар тереңдікте жүргізіледі. Сол себепті де, ауаны ластайтын шаң-тозаң, химиялық түзінділер жер бетіне көтерілмейді. Бұл әдіс көптеген дамыған елдерде қолданылады.
Бұған қажетті құбырлар қышқыл заттарға төзімді полиэтилен, поливинил-хлорид, сондай-ақ, тотықпайтын болат материалдардан жасалады. Осы құбыр арқылы көтерілген уран ерітінділері қалыбын бұзбайды. Содан кейін арнаулы ыдыстарға салынып, өңдеуге жөнелтіледі. Жұртшылық арасында күкірт қышқылын уран өндірісінде қолданудың қоршаған ортаға зардабы бар деген әңгіме де айтылып қалады.
– Біздің тәжірибемізде ондай жоқ. Күкірт қышқылы арнайы құтыға құйылып, теміржол арқылы жеткізіледі. Одан соң ол герметикалық цистерналарға құйылып, елді мекендерден тысқары жатқан жолдармен тасымалданады. Ал, сілтілендіру әрекеті тек жер астында жүреді. Өйткені, жер астындағы өнім сумен дайындалады. Ерітіндіні сору мен құю циклында да тепе-теңдік сақталады. Серіктестікке қарайтын кеніштердің іші, сыртындағы бұрғылау ұңғыларының суы уақытында сорылып алынады. Содан зертханаларға жіберіліп, тексеріліп тұрады. Соның химиялық қорытындысы бойынша осы күнге дейін судың қышқылдануы мен уранның көбеюі байқалған жоқ, – дейді серіктестіктің бас директоры Александр Пыльной.
Оның айтуынша, серіктестікте жұмысшылар еңбегі, қоршаған ортаны қорғау, радиациялық және өнеркәсіптік қауіпсіздігі мәселелері басты назарда. Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау ісіне қомақты қаржы бөлінеді. Қолданыстағы ұңғымалар геофизикалық зерттеулерден өтіп, техникалық ақауы барлары жөндеуден өткізіледі. Жалпы, уран өндірісі бүгінде жаңа сатыға көтерілген. Соның арқасында қоршаған ортаның ластануы, кеніштерге жақын орналасқан ауыл тұрғындарының денсаулығына зиян келмейді деп айтуға болады.
– Қазіргі уақытта «Оңтүстік Ыңғай» кенішінің процестерін басқарудың автоматтандырылған жүйесін жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Осы жобаны іске асыру қызметкерлерге жабдықты қашықтықтан және автоматтандырылған режимде басқару мүмкіндігімен қоса технологиялық қайта бөлу параметрлерінің жай-күйі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Екінші үлкен жобалардың бірі – «Оңтүстік Ыңғай» кенішіндегі дайын өнімді тасымалдайтын контейнерлерге тиеу торабын жаңғырту. Осы жобаны іске асыру қол еңбегінен толықтай дерлік арылуға, дайын өнімді тиеу үрдісін автоматтандыруға, учаскедегі экологиялық жағдайды жақсартуға, учаскенің жұмыс персоналына зиянды факторлардың әсерін азайтуға мүмкіндік береді, – дейді серіктестік басшысы.
Ал, «Ақдала» кенішінде цифрлық технологияларды енгізу бағытында «SMART ГТП» жобасының бірінші кезеңі сәтті іске асырылды. Соның нәтижесінде 2019 жылы  «ОТХК» БК» ЖШС-і «Үнемді өндіріс» қағидаттарын қолдану бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ-ның үздік кәсіпорын номинациясын иеленіп, «Өнертапқыштық қызмет бойынша үздік кәсіпорын» болып танылды. 2020 жылы серіктестік «Қаз-атомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорындарындағы тиімді идеялардың екінші форумы аясында «Өзгерістер адамдары» номинациясында 1-ші орынға ие болды. Қазір серіктестік Қазақстан Республикасының 3 патентіне иелік етеді.
Серіктестіктің ауданда өтетін көптеген іс-шараларға көмек қолын созып келе жатқанын да атап өту керек. Ұжымның ұйымшылдығын нығайту мақсатында үнемі әлеуметтік бастамаларға қолдау білдіріп корпоративтік мерекелік бағдарламалар, спорттық жарыстар, балаларды жазғы сауықтыру демалыс орындарына жіберу, қиын жағдайға тап болған жұмысшыларға қаржылай көмектесу, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды үнемі қамқорлыққа алу, жалғызбасты аналарға қолдау көрсету сияқты іс-шаралар ұйымдастырып тұрады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға жыл сайын бюджетке қомақты қаржы аударып, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге қатысты көптеген іс-шараларға демеушілік жасайды.
Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіпорынның көмегімен Ыбырай ауылында ардагерлер клубы ашылды. Мұнда ауыл ардагерлері бос уақыттарында түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырады. 2020 жылы Түркістан қаласын абаттандыруға, Жартытөбе ауылына қарасты Бабата ауылында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай аллея салуға және балалар алаңын орнатуға көмек көрсетілді. Сонымен қатар, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ ұйымдастырған «Мал-жан аман» қайырымдылық жобасы бойынша ауыл малдары жолдағы көлікке соқтықпас үшін шағылыстыратын белгілер қойылды.
Мұнан бөлек, Қыземшек кентіндегі Л.Бөкенов атындағы жалпы орта мектебіне, зейнеткерлерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тұрмысы төмен отбасыларға, жетім балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржылай көмек көрсетіп тұрады. Оған дәлел, биыл мамыр айында Қыземшек кентіндегі баскетбол алаңшасын күрделі жөндеуден өткізіп, жарық орнатып берді. Маусым айының басында 2 автобус бөліп Л.Бөкенов атындағы жалпы орта мектебінің 60 оқушысын Созақ ауданының тарихи жерлерін саяхаттатып қайтты, сондай-ақ, олардың Өскемен қаласында өткен республикалық баскетбол жарысына қатысуына демеушілік жасады.
Міне, осылайша қазіргідей қиын кезеңде жұмысын тоқтатпай, ел қазынасына қомақты қаржы түсіріп, сонымен қатар қоғамдағы түйткілді мәселелерге үн қатып келе жатқан ұжымдар арасында «Оңтүстік тау-химиялық компаниясының» шоқтығы биік.
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

Leave a reply