Таяуда тегін кәсіптік оқыту курстары басталады

0
55
Шымкентте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 1 бағыты бойынша 3 айлық кәсіптік оқыту курстары маусым айының соңында басталады деп жоспарлануда.
Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн қабылдауында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшылығына азаматтардың арнайы білім алып, жұмыспен қамтылуын қадағалауды тапсырды. Өйткені, қабылдауда болған бірқатар азаматтардың өтініштері жұмысқа орналасу және атаулы әлеуметтік көмек мәселелеріне байланысты болды.
Биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 30-дан астам тиісті мамандықтар тізбесі бекітілді. Олар — дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрик,тас қалаушы, кран машинисті,визажист,шаштараз шебері, аспаз және т.б. мамандықтар. Қатысушыларға ай сайын 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді.
Тегін оқу курстарына қатысу үшін жергілікті мекенжай бойынша Жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарды тапсыру қажет. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың басталуы туралы мамандар алдын ала арнайы хабарлайтын болады. Оқу мерзімі — үш ай. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Дәріс беру аптасына 6 күн, 6 сағаттан жүргізіледі.Тәмамдаған соң арнайы сертификат беріледі.
Жалпы, жыл соңына дейін 2500-ден астам азаматты оқуға жолдау жоспарлануда. Былтыр 2000-ға жуық адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды бітіріп, нәтижесінде 1590 адам жұмыспен қамтылған.
Қабылдауда сондай-ақ, баспана мәселесіне қатысты 10-ға жуық азаматтың өтініші тындалды. Өкінішке қарай, кейбірі тұрғын үй кезегіне мүлдем тіркелмеген болса, бірі жақында ғана кезекке тұрған. Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана белгіленген тәртіппен кезек арқылы беріледі. Сонымен қатар, жеңілдетілген несие бағдарламалары негізінде тұрғын үймен қамту мүмкіндіктерін қарастыруға болады. Бұл ретте Ерғали Дәулетбекұлы әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді.

Leave a reply