ТҮРКІСТАН: ЛОКОМОТИВ ДЕПОСЫ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

0
63

default

Түркістан локомотив депосы көктемгі комиссиялық тексеру қорытындысы бойынша өңірде жеңімпаз атанды. Бұл туралы Түркістан локомотив депосының директоры Мақсат Танкеев хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан локомотив депосында 280 адам қызмет етеді. Олардың 150-і машинистер болса, 130-ы машинистің көмекшілері. Түркістан локомотив депосының еңбеккерлері Арыс пен Шиелі станциясы аралығында жүктер мен жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етеді. Машинистер соңғы үлгідегі заманауи тепловоздармен қамтамасыз етілген. Локомотивтерді жазғы жұмысқа дайындық барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ- ның эксплуатациялық локомотивті деполарында көктемгі комиссиялық тексеру қорытындысы шығарылды.

Жыл сайынғы іс-шараның мақсаты — жазғы тасымалдаулар кезінде локомотив шаруашылығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Бұл пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелік шаралардың бірі. Бұған дейінгі комиссиялық тексерулер коронавирустық инфекция бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдайда өткізілді. Сондықтан жұмысшыларды қорғау мақсатында арнайы шаралар қабылданды. Теміржолшылар маска, қолғаптар киіп жұмыс істеді. Локомотивтерде, депоның барлық үй-жайларында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Жиналыстар, кездесулер барынша қысқартылып, техникалық сабақтар онлайн-режимінде өткізіліп келді.

Ендігі жерде жазғы тасымалдаулар кезінде жол қауіпсіздігі шараларын барынша сақтаудың мүмкіндіктері қарастырылды. Комиссиялық тексеру кезінде пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін локомотивтердің барлық тораптарының, тетіктерінің, құрылғыларының сенімділігі, жарамдылығы және жұмысқа қабілеттілігі тексерілді. Локомотивтердің өртке қарсы жағдайына, арнайы құрал-саймандарының болуына ерекше назар аударылды. Жабдықтар тиісті мәдени және санитариялық-гигиеналық жағдайға келтірілді. Локомотивті деполарда тексеру жүргізу үшін арнайы комиссиялар құрылды.

— Біз сапарға шығар алдында машинистердің денсаулығын тексеріп қана қоймай, оның отбасылық жағдайын да қадағалап, үйінде проблемалық мәселе болмауын да ескереміз. Деподағы жиынға әйелдерін де шақырып, сапарға шыққан күйеулерінің көңіл күйлерінің жайлы да тыныш болуына барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Себебі, қазіргі «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздары мен оны тартатын «Эволюшн» тепловоздарының қуаты күшті болғандықтан барынша сақтық шараларын жасаған жөн. Арыс пен Шиелі аралығындағы теміржол өткелдері күзетілетіндігіне қарамастан оқыс оқиғалардың алдын алып отырған жөн, — деді М.Танкеев.

Түркістан өңіріндегі теміржол саласының болашағы туралы Мақсат Тәнкеевтен сұрап білдік.

— Әзірге «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның теміржол бөлімшесі Шымкент қаласында орналасқан. Қазір барлығымыз желілі линк және тағы басқа да электронды пошталармен хат-хабар алмасып, тапсырмалар беріп отырамыз. Өндірістік есебімізді Шымкентке барып беріп отырамыз.

Біз өзіміздің әріптесіміз қарапайым отбасынан шыққан қазақ тілін судай білетін машинистің көмекшісі болып жұмыс атқарған Геннадий Шиповскихті мақтан етеміз. Ол біздің мамандыққа жасалған үлкен құрмет. Оны біз мақтан етеміз. Оның қазақ басшыларын қарата айтқан: «Елбасы қазақ-қазақпен қазақша сөйлессін деген тапсырмасын неге орындамайсыздар» деп Парламент Мәжілісіне есеп беруге келген министрлер мен жауапты лауазымды тұлғаларға қарата айтқан сөзіне риза болдық. Бұрын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның мүддесін көздейтін Парламентте Сенатта және Мәжілісте кемі төрт депутатымыз болатын. Біз солар арқылы теміржолшылардың талап, арыздарын, аманаттарын қанағаттандыратынбыз. Қазір ол жоқ. Тек бір ғана депутатымыз бар. Бірақ Гена жігерлі, үнемі жаңа бастамашылықтарды қолдап жүреді», — дейді депо директоры.

Түркістанның облыс орталығы атанғанына төрт жыл болса да әлі күнге дейін облыстық мекемелер көшіп келген жоқ. Мұны теміржолшылар күтіп жүр. Соңғы кезде Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты Ресейге салынған санциялардың теміржолмен халықаралық жүк тасымалдауына да едәуір қиыншылықтарға душар етуде.

— Бізге қалалық, облыстық «Аманат» партиясының мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары келіп өздерінің атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндайды. Бірақ, олар теміржолшылардың ішкі өндірістік жағдайларын жете білмейді. Соған байланысты аздаған түсінбеушіліктер туындайды. «Аманат» партиясының бастауыш партия ұйымының арнайы бөлмесі де бар. Осында отырып, көптеген әлеуметтік мәселелерді талқылаймыз,-дейді М. Танкеев.

Тамыздың алғашқы жексенбісі теміржолшылардың төл мерекесі. Соған байланысты атқарылмақшы іс-шараларды сұрап білдік.

— Төл мерекемізге теміржолшы ардагерлерімізді шақырып, барынша сый құрмет көрсетеміз. Бізде басқа салаларда жоқ дәстүр бар. Ол атасы, әкесі, балалары теміржолшы болып келе жатқан отбасылық династиялар бар. Соларды марапаттаймыз. Халыққа қызметімізді жақсарта түсу үшін, сол тәжірибелі ата-әжелеріміздің, өзімізден кейінгі буынға дұрыс үлгі-тәжірибе қалдыратындай етіп, үлкендердің ақыл-кеңестерін тыңдап отырамыз. Сол кезде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның ең жоғарғы атағы «Құрметті теміржолшы» одан кейін «Адал еңбегі үшін» медалі «Кәсіби үздік маман», «Үздік маман» төсбелгілерінің иелері анықталады. Ол атақтардан үміткерлердің тізімін түгендеп, тиісті басшылықтарға жібердік. Олардың арасында ұзақ жылдары еш сөгіс алмай, қызметін мүлтіксіз таза атқарғандары таңдалды. Жалпы машинистер өте жауапты мамандық иелері», — деп түйіндеді сөзін депо директоры.

— Көктемгі комиссиялық тексерістен жеңімпаз атанған екенсіздер. Құтты болсын! Жол қауіпсіздігі шараларын сақтау барысында түркістандықтарға не айтасыздар?

— Комиссиялық байқау жылына екі рет өткізіледі. Көктемгі және күзгі байқау. Күзгі байқау қысқы маусымда атқарылатын жұмыстарға қатысты болса, көктемгі комиссиялық байқау жазғы қарбалас шаққа әзірлік ретінде жүргізіледі. Бөлімше басшысы Аманкелді Арысбаев комиссиялық байқау тобын өзі басқарып келіп, барлық дайындық мәселелерін пысықтайды. Қызмет көрсету сапасын бағалайды. Локомотивтеріміздің тазалығын, жөндеу сапасын тұрақты қадағалап отырады. 2014 жылға дейін екі ТЭЭ-10 деген екі тепловоз болған. Қазір барлығын жаңартып «Эволюшн» тепловоздарымен алмастырдық. Оның жөндеу жұмыстары «Дженерал Электрик» базасында атқарылады.

— Қазір енді комиссия қорытындысымен Шымкент бөлімшесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталып отырмыз. Барлық әріптестеріме алғысымды айтамын. Келе жатқан теміржолшылардың төл мерекесін лайықты еңбек көрсеткіштерімен қарсы аламыз деген ойдамын.

Түркістандықтарға айтарым, жасыратыны жоқ адамды пойыздың басып кету жағдайлары орын алып жатыр. Малды басып кету оқиғалары да кездеседі. Теміржол бойындағы тығыз орналасқан елді-мекендердің тұрғындарымен қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша алдын алу жұмыстарын тұрақты жасап, түсіндірудеміз. Теміржол –қауіпті аймақ. Арнайы аспа көпір арқылы ғана өтіңіздер деп айтамыз. Қазіргі жастар теміржолдан кесіп өтіп бара жатқанда да, құлақтарына құлаққап киіп алып, музыка тыңдап келіп қалған локомотивті байқамай қалатын оқиғалары да елімізде жиі кездеседі. Осыны есте ұстаңыздар дегім келеді.

Алдағы жылдары Президенттің тікелей тапсырмасына байланысты Самарқан-Түркістан жүрдек пойызының жолы салынады. Түркістаннан заманауи үлгідегі теміржол вокзалы салынады. Соған сәйкес, түркістандықтар да түркі дүниесінің төрі ретінде өзіміздің мәртебемізге сай ізетті де ілтипатты, тәртіпті сақтайтын ұрпақ тәрбиелейік дегім келеді,-дейді Түркістан локомотив депосының директоры Мақсат Танкеев.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған