ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ТАРТЫЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНА ТИЕСІЛІ

0
22

Ежелден түркі тілдес халықтардың орталығы болған Түркістан алдағы уақытта да мәдени-тарихи және рухани орталықтарының бірі болып қала бермек. Орталық Азияның ежелгі қалаларының бірін жаңғырту және оның рухани және сауда орталығы ретіндегі маңыздылығын арттыру мақсатындағы жұмыстар жалғасуда.

Түркістан облысының бәсекелестік артықшылығы ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолайлы климаттық жағдайлар болып табылады. Облыс ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны бойынша елімізде жетекші орында.

Қоңыржай континенталды климат, құнарлы жерлердің едәуір үлесімен қатар орташа жылдық жоғары температура «жасыл технологияларды» енгізе отырып, шаруашылық қызметті жүргізуге ықпал етеді.

Қазіргі таңда Түркістан облысы инвестиция салу үшін өте тиімді аймақ саналады. Өңір стратегиялық маңызды әрі, бизнесті жүргізіп, инвесторлардың құқықтарын қорғау мен инвестициялық ынталандыру үшін де өте қолайлы аймақ. Түркістан облысы бойынша былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 660 млрд 253 млн теңгеге жетті. Инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп саласына (27,7%) тиесілі. Кейін жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға (19,5%), сондай-ақ өнер, ойын-сауық және демалыс саласына – (12,7%) тиесілі.

2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн 859 млрд теңгеге жетті. Нақты көлем индексі бойынша облыс республикада 8-орынды иемденді. Жалпы өңірлік өнімнің құрылымында ауыл, орман өсіру және  балық шаруашылығының үлесі – 19%, өнеркәсіп – 14,7%, білім беру 14,4%, көлік және қоймалау – 11,6% алып отыр. Сонымен қатар, Түркістан облысы бойынша былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 707 млрд 802 млн теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 3,6%-ға артқан. Сондай-ақ, ҚР бойынша жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің 10,1%-ы Түркістан облысына тиесілі.

2022 жылы Түркістан облысы бойынша жалпы сомасы 71,7 млрд.теңге болатын 13 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 1040 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде шетелдік компанияның қатысуымен жалпы сомасы 12,5 млрд. теңге болатын жоба аясында 40 жұмыс орны құрылмақ. Жоспарланған жобалардың басым бағыттары ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Жасыл экономика», химия өнеркәсібі құрылысын атап өтуге болады.

Ауылшаруашылығы саласына тоқталар болсақ, бүгінгі таңда халықты жоғары сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру аясында итальяндық Rota Guido технологиясы бойынша 1200 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасын салу жобасы іске асырылуда. Сүт-тауар фермасын жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан Агро XXI» ЖШС базасында 1000 га алқапта жаңбырлатып суару жүйелерін қолдана отырып, жем-шөп дақылдарын өсіру бойынша жобаны іске асыру басталды. Жоба аясында 18 бірлік жаңбыр жаудыратын машина орнатылып, 26 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Инвестиция көлемі 6,4 млрд.теңге. Тұрақты жұмыс орны – 17.

Сондай-ақ, «Тurkistan Fruit» ЖШС 400 га алқапта бау-бақша шаруашылығы саласындағы көрсеткіш алаңын салу және ұйымдастыру, тікелей сығылатын шырындар өндірісін ұйымдастыра отырып, жеміс сақтау қоймасын салу құрылысы бойынша жобаны іске асыруда. Инвестиция сомасы – 8,533 млрд.теңге. Қуаттылығы – жылына 9 000 тонна қара өрік өңдеу.

«Жасыл экономика» бағыты бойынша энергия көздері саласында «ARM Wind» ЖШС (Италия) шетелдік инвестордың қатысуымен  жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында қуаты 50 мВт күн электр станциясының жұмысы биыл басталмақ. Инвестиция сомасы – 12,5 млрд. теңге. Естеріңізге сала кетейік, «ARM WIND» – Қазақстан Республикасындағы ірі шетелдік инвестор болып табылатын ENI (Италия) Халықаралық энергетика компаниясының еншілес ұйымы.

Химия өнеркәсібі саласында Ордабасы ауданындағы «Standart Petroleum & Co» ЖШС көмір-химия комбинатының құрылысы жүргізіліп, І кезеңі бойынша іске қосылу жоспарлануда. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 95 млрд.теңге. Екі кезеңде жүзеге асырылып, 1 000-нан астам жұмыс орны болмақ. І кезек бойынша 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, инвестиция көлемі  24 млрд. теңгені құрайды. Қуаттылығы 500 мың тонна.

«Каратау ТрансСервис» ЖШС мұнай және мұнай өнімдерін қайта өңдеу зауыты. Инвестиция құны 11 млрд. теңге. Тұрақты түрде 112 адамды жұмыспен қамтымақ. Қуаттылығы жылына 50 мың тоннаны құрайды.

Қайта өңдеу өнеркәсібі саласы бойынша облысымызда бірнеше зауыт өз жұмысын бастамақ. Атап айтар болсақ, кірпіш зауыты «Almaty NS-Group» ЖШС. Инвестиция құны 1,700 млрд. теңге. Жұмыс орны – 50.

«RZN» ЖШС – автоклавты бетоннан газоблок өңдіру зауыты. Жобаның жалпы соммасы 1,5 млрд. теңге. Жұмыс орны – 55.

Сонымен қатар, темірбетон өндірісі бойынша «ТемірБетон» ЖШС. Жоба құны 1,2 млрд. теңге. 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Түркістан облысы қысқа мерзім ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Облыстың үлкен перспективаларын ескере отырып, «Turkistan Invest» өкілдері Түркістан облысының экономикасына инвестиция салуға шешім қабылдаған отандық және шетелдік инвесторларға көмек көрсету жұмыстарын жүргізеді. Компания аймақ инвесторларына жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетеді.

 

Leave a reply