Шымкенттегі «Тәуелсіздік» саябағы – бірлік пен отаншылдықтың ордасы

0
46

Тәуелсіздік саябағы – бұл жергілікті тұрғындардың ғана емес, қала қонақтарының да сүйікті демалыс орны.

Тәуелсіздік саябағының салтанатты ашылуы 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Оның жалпы аумағы 82 мың шаршы метрді құрайды. Қалалық саябақтың орталық кіре берісі ерекше аркамен безендірілген. Саябақтан күн сайын су ағысын заманауи және классикалық ұлттық музыканың сүйемелдеуімен орындайтын ерекше субұрқақты көруге болады. Ал, орталығында Қазақстан халқының «Бірлік» монументі орнатылған, ол ҚР-дағы 137 түрлі ұлттарды бейнелейтін 137 металл элементтерден құрылған. Сонымен қатар, ел өмірінің Тәуелсіздік кезеңіндегі жарқын оқиғалар бейнеленген гранит тақталарын, үлкен ту алаңын көруге болады.

«Тәуелсіздік» саябағы 2014 жылы мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылды. Саябақ шымшаһардың ең биік жеріне орын тепкен. Әрі бұл жер қаланың тарихи-рухани бастау алған жері саналады.

Аумағы 8 гектардан астам жерді құрайтын саябақта ұлтаралық татулықты білдіретін «Ел бірлігі» монументі мен аллея бойындағы граниттен жасалған 21 тақтайша бар. Ал, «Отан ана» сәулеттік монументі дархан даламыздың кеңдігін және халқымыздың татулығы мен бейбітшілігін бейнелейді.

Рәміздер алаңында орын тепкен 25 метрлік найзалардың ортасында көлемі 128 шаршы метрді құрайтын өңірдегі ең үлкен көк туымыз желбіреп тұр. Шаһар тұрғындары сәулет өнерінің жетістігі саналатын саябақты Тәуелсіздіктің жемісі деп бағалайды.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған