Шымкентте алдағы бес жылда 85 мектеп бой көтереді

0
46

Шымшаһарда 2025 жылға дейін 40 мектеп жеке инвестор есебінен салынады. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов инвестор есебінен салынып жатқан жекеменшік мектептердің құрылысымен танысу барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, бес жылда салынатын мектептердің 33-і мемлекет есебінен, 12-сі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде болса, 40 мектепті жеке инвесторлар салады екен.

Әкім аралау барысында дендросаябақ жанында салынып жатқан 450 орындық мектепті және Арғынбеков көшесіндегі 1000 балаға шақталған жекеменшік білім ордасының құрылысымен танысты, деп хабарлайды Infonews Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жүргізіліп жатқан әрбір құрылыстың сапалы атқарылуы адам өмірінің қауіпсіздігімен байланысты екенін айтқан қала басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды бақылау қашан да назардан түспеу керектігін ескертті. Сонымен қатар, әкім білім саласының инфрақұрылымын шешу мақсатында өткен жылы 5 жылдық жоспар жасалынғанын айтты.

Айта кетейік, тәуелсіздік жылдары шаһарда 98 мектеп бой көтерген. Сала мамандарының айтуынша, бұл білім сапасының артуына, оқушылардың бәсекеге қабілетті болуына зор ықпал еткен.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған