Шымкентте «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті

0
49

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» тақырыбымен «дөңгелек үстел» мәжілісі өткізілді.

Жиынның мақсаты мен мазмұны жөнінде ақпар берген мекеме басшысы Е.Байқонақов, нәубет жылдары халқымыз бастан өткерген қайғы-қасірет ешқашан ұмытылмайтынын, тарихымызда болған мұндай ауыр күндер ауызбіршілігімізді, өзара татулығымызды арттыруға қызмет етуі керек екендігін атап өтті.

Жиын барысында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі С.Карибаев, осы кафедраның оқытушысы, магистр А.Джалилов, аталмыш университеттің «Рухани жаңғыру» орталығының менеджері, «Қазақтану» республикалық ғылыми журналының техникалық редакторы Ш.Торгаутова, Шымкент қаласы түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Б.Байрам хабарламалар жасап, сталиндік репрессиямен келген ұлт трагедиясы, тоталитарлық жүйенің ақтауға келмейтін қасіреті және қолдан жасалған ашаршылықтан зардабы жөніндегі ғылыми ізденістердің нәтижесін баяндады. Депортацияға ұшыраған тұтас халықтардың басына түскен ауыртпалықтар жөнінде мағлұматтар кеңінен қозғалды.

Айта кету керек, Кеңес Одағы аумағында болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі болды. Сол кездерде Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған ашаршылық 7 млн. адамның өмірін жалмады. Қазақ сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі болатын.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған