Шымкент Арбаты жанға шуақ сыйлайды

0
47

Қала тұрғындарының көз қуанышына айналған шаһардағы ерекше нысанның бірі әрі Тәуелсіз еліміздің бір жетістігі деп Бейбітшілік көшесінде орналасқан жаңа Арбатты айтуымызға болады. Ол 2018 жылы 1 желтоқсанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ашылған болатын.

Шымшаһарда бұған дейін де Қошқарата өзенінің жағалауы, Бекет батыр көшесі бойынан жаяу жүріп қыдыруға арналған саябақтар ашылған-ды. Десе де, жаңа Арбаттың жөні бөлек. Себебі, бұл саялы мекеннің аумағы кең. Бейбітшілік көшесінің бойындағы Арбаттың ұзындығы – 430 метр, ені 35 метр. Арбатқа осы күндері қай уақытта келсеңіз де адам аяғы үзілген емес.

Демалыс орны қала орталығындағы «Қиял әлемі» саябағы жанынан орын тепкен. Бейбітшілік көшесінің Республика даңғылынан Әл-Фараби алаңына дейінгі бөлігі тұтас демалыс орнына айналып, су бұрқақтары орнатылды. Көпшілік сейіл құратын аймақтағы жаяу жүргіншілер жолы 12 сәулеттік мүсінмен ерекшеленеді. 200-ге жуық сәндік ағаш егіліп, бір бөлігі көгалдандырылды. Арбаттың ортасында граниттен Қазақстанның атлас-картасы жасалды. Ол аймақта көлік қатынасына шектеу қойылып, екі қапталдан велосипедпен серуендеу үшін арнайы веложолақ салынған. Ал Арбаттың екі жағындағы үйлердің қасбеттері көріктендірілді.

Арбаттың басталған тұсынан соңына дейін төбесіне сәулеттік мүсін мен қолшатыр пішіндегі жарық инсталляциялар ілінген. Арбаттың Республика даңғылынан басталатын тұсына арка орнатылған.
Көшенің екі қапталына сәндік плиталар төселіп, 150-ден астам жарық шамы мен орындықтар орнатылған.

Leave a reply