Шымкент: Ескі үйдің орнына көпқабатты баспана бой көтереді

0
49

Әл-Фараби ауданындағы Қошқарата өзеніне жақын жердегі тозығы жеткен жеке үйлер сүрілуде. Бекетті, Ремесленный, Таң тұры, Әлімқұлов көшелеріндегі баспаналардың жаңаратынына тұрғындар дән риза.

Жуырда атыраулық «SDN Construction» компаниясы ескі баспаналарды сатып алып, 4 га жерге тұрғын үй кешенінің құрылысын бастады. Сөйтіп, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірге 12 қабатты «Medina», «SDN Village» тұрғын үйлері бой көтеріп жатыр.
Осылайша өзен маңындағы сапасы сын көтермейтін жекеменшіктегі 113 үй жойылмақшы.
Аудан әкімі Рашид Мыңбаевтың айтуынша, 1-кезеңде тозығы жеткен – 36, 2- кезеңде 50 үй сатып алынған. Ал 27 үйдің тұрғындарымен келіссөздер жалғасуда. Жоба толық іске асқанда көпқабатты үйлер салынып, 250 пәтер пайдалануға беріледі.

Жоба қала архитектурасына айтарлықтай серпін береді деп күтілуде. Қазір кешеннің бірінші қабатының құрылысы аяқталып, екінші қабатына кірісті. Мұнан бөлек, жаңа кешен толығымен абаттандырылады. Қалалық тұрғын үй басқармасы тарапынан құрылыс компаниясына Ә.Жылқышиев көшесіндегі ескірген 2 қабатты үйге реновация жобасы (Реновация – ескі, тозығы жеткен, өмір сүруге қауіпті үйлерді бұзып, орнына заманауи жаңа тұрғын үй салу процесі) ұсынылған.

Аудан әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімі мамандарының сөзінше, реновация жобасын жасауға қарсы тұрғындар да бар. Мәселен, Әлімқұлов, Володарский көшесі бойындағы баспана иелері келісім бермеген. Себебі біреулері сатып алынатын қаражат құнына келіспесе, 50 жылдан астам тұрып келе жатқан қарияларға ескі үйде өмір сүру ыңғайлы көрінеді. Ал тозығы жетіп, қабырғалары қаусаған 2 қабатты үйлерде небәрі 16 пәтер иесі тұрады.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған