Шымкент: ОҚМПУ ұжымы — тәрбие мен білімнің, руханият пен мәдениеттің қайнар көзі!

0
47

ОҚМПУ ұжымы кеше кешкілік мәдени тынығу, рухани демалысын Оңтүстіктің мәдени қара шаңырағы — Ж.Шанин ат. Шымкент қалалық қазақ академиялық драма театрына арнады. Елуге жуық қызметкерге билет сыйланды. Киелі сахнада жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «АЛАШ» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Мархабат БАЙҒҰТ ағамыздың «Асқаровтың аққайыңдары» саяси-тарихи, биографиялық драмасы талантты режиссер Жұмабек Есімовтың интерпритациясында көрермен назарына ұсынылды. Спектакль, театрға жиылған дүйім жұрттың көңілінен шықты. Оған дәлел көрерменнің ыстық ықыласы, шабытты шапалағы мен «Бравосы». Спектакль соңында шығарылған Шымкент қаласы әкімі — Мұрат Дүйсенбекұлының ЫҚЫЛАС гүлі сахнаға сән сыйлады. Қойылым көрермен назарын еріксіз аударып, залда қою үнсіздік орнады. Тек көрермен залының ана бір, мына бір жерлерінен кейбір тұстарда ұялы телефон шырылдап, иелері қоңырау үнін тез сөндіріп жатты. Анда-санда телеарна өкілдері камера жарықтарын жағып, көрермендерді түсіріп жатты. Актерлер ансамблі керемет жасақталып, бас кейіпкерді (Асанбай Асқаров) сомдаған — ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Шымырқұлов ағамыз қойылымға салмақ қосты. Асекеңдей тұлғаны сомдау үлкен жауапкершілік пен мәртебе. Спектакльде қазақ халқының зарын зарлап, мұңын жоқтаған тарихи тау тұлғалар, КСРО-ның салқын шовинистік саясаты, сатқындық пен жалақорлық, көреалмаушылық, туфли жалағыштық пен екі жүзділік, махаббат пен сүйіспеншілік, сынақ пен кеш те болса оранаған әділдік айқын бейнеленген. Келем, көрем деген көрермен өкінбейді, қайта көп ақпараттан хабардар болып рухтанып қайтатыны сөзсіз.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған