Шымкент: 2025 жылға дейін қаладағы инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешіледі

0
19

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қала күні мерекесіне орай «МЕРЕКЕҢМЕН, ШЫМҚАЛА!» атты салтанатты іс-шара барысында айтты.

– Елбасының тарихи Жарлығына сәйкес, 2018 жылғы 19 маусымда Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала статусына ие болған еді. Одан бері тұп-тура 3 жыл уақыт өтті. Қала күні – өткенді саралап, бүгінді бағалап, ертеңге болжам жасайтын мерейлі мереке. Соңғы 3 жылдың көрсеткіштеріне зер салсақ, бұл көреген шешім қаланың екінші тынысын ашты деп айтуға әбден болады. Біріншіден, қала бюджеті 3,6 есеге өсіп, 131,2 млрд теңгеден биыл 481 млрд теңгеге жетті. Инвестиция көлемі соңғы үш жылда екі есеге жуық өсіп, 214 млрд теңгеден биыл 400 млрд теңгеге жетеді. 2025 жылға дейін қаладағы негізгі инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешіледі. 3 жыл бұрын 402,5 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биыл бір миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарасаңында осындай жетістіктердің берік іргетасын қалаған, Шымқаламызға үнемі қамқорлық көрсетіп отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Шымкент қаласының дамуындағы тарихи рөлін атап өтуіміз қажет. Мемлекет басшысы үшінші мегаполистің қарқынды дамуына қатысты нақты тапсырмалар беріп, биік межелер мен маңызды міндеттерді белгілеп берді. Шымкентті халыққа қолайлы қала ете түсу бағытындағы осынау жасампаз жұмысқа баршаңызды атсалысуға шақырамын. Қаламыздың қарқынды дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін, – деді қала әкімі.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 2 индустриялық («Оңтүстік», «Тассай»), көлік-логистикалық және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы бар. Бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында 72 жоба іске асырылып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Ал «Тассай» индустриалды аймағында жалпы құны 26,3 млрд. теңгелік 17 жоба іске қосылды. Ондағы жұмыс орындары — 1 мыңға жуық.

Биыл ауыл шаруашылығында жалпы құны 24 млрд.теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 931 млн.теңгеге 8 жоба іске қосылып, жаңадан 51 жұмыс орны ашылды. Әкімдік тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түріне мониторинг жүргізуде. Бұл тауарлар келісім-шарттар негізінде белгіленген бағада сатылуда.

Leave a reply