«ӘРБІР ДЕПУТАТТЫҢ МІНДЕТІ – ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ»

0
57

Түркістан қалалық мәслихатының жетінші шақырылымының жаңа құрамы өз жұмысын бастап кетті. Мәслихаттың жұмыс қарқыны жаман емес. Әкімдікпен тізе қосып атқарып жатқан тірліктерінен бөлек бас партияның ел алдындағы сайлауалды бағдарламасының орындалу барысында да жариялы жұмыс атқарып жатыр. Жергілікті халық қалаулыларының ынтымағы жарасып тұрғанын да аңғаруға болады. Осы ретте елдің игілігі жолында бел шеше қызмет етуге кіріскен мәслихат депутаттарымен «Депутат мінбері» айдарының аясында дәстүрлі сұхбатымызды бастаған болатынбыз. Соның жалғасы ретінде қалалық мәслихаттың хатшысы Мақсат Асылбекұлы Таңғатаровты сөзге тарттық. Мемлекеттік қызметте еңбек жолын шыңдаған, қаламыздағы білікті қаржыгермен болған әңгімеге назар салыңыздар.

– Мақсат Асылбекұлы, өзіңізді түркістандықтар жергілікті биліктің білікті қызметкері ретінде таниды. Енді сол қызметіңізді депутат, әрі мәслихаттың хатшысы ретінде жалғастырып отырсыз. Айырмашылық бар ма?

– Әрине, айырмашылық бар. Бірақ, екі құрылым болып көрінгенімен түпкі мақсаты – халыққа қызмет көрсету. Сондықтан халық аманатын орындау жолында әкімдікпен тізе қосып жұмыс жасай береміз. Осы ретте менің мәслихат хатшысы ретіндегі жауапкершілікті міндетті атқаруыма ұсыныс беріп, сенім артып, дауыс берген әріптестеріме рақметімді айтамын.

Иә, менің негізгі қызметім мемлекеттік органдарда өрбіді. Әуелі білім саласында, одан соң әкімшілік жүйеде яғни, қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімін басқардым, одан соң қала әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Бұл менің жаныма жақын сала.

Ал, қалалық мәслихаттағы қызметім депутат ретінде шаһардағы мәселелерді пысықтауға, тиісті бағыттарға көзделген жобаларды іске асыруға бақылау жасап, әріптестеріммен бірге ел ішінде мәселелердің оңтайлы шешілуі үшін атсалыса беретін боламыз.

– Қала тұрғындарының сенімін арқалап, оны іске асыру қызметіне кіріскендеріңізге көп бола қойған жоқ. «Nur Otan» партиясына артылған сенімді ақтаудың жауапкершілігі ауыр екенін білеміз. Жұмысты қай бағыттан бастап жатырсыздар?

– Бұл науқанның жаңа форматта өткенін білесіздер. Оның үстіне «Nur Otan» партиясы саяси додаға қосатын үміткерлерін алдымен өз ішінде праймериз арқылы іріктеді. Міне, осының барлығы сайлаушылардың сенімін ақтау жолында жауапкершілікті қадам. Осындай мақсатта «Nur Otan» партиясы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру, адамдардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасауды көздеп отыр.

Бүгінде барлық азаматтар партиядан нақты мәселелерді шешуді және бастамаларды ілгерілетуді күтуде. Соған орай, партиямыздың қала аумағында іске асыратын жобалары шеңберінде арнайы жеті басым бағыт таңдалды. Олар:

Экономикалық тұрақты қала.

Ыңғайлы қала.

Әлеуметтік қызметке бағдарланған қала.

Жастарға арналған қала.

Тарих пен мәдениетті дамыту.

Ашық және есеп беретін жергілікті органдар.

Қауіпсіз қала.

Тұрғындарды мазалайтын дәл осы мәселелер «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы қаланы дамытудың 7 басым бағыттарының негізі етіп айқындалған. Оның басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын барынша жақсарту үшін жағдай жасау. Бүгінгі таңда Түркістан қалалық мәслихатының жұмыс жүйесі осы бағыттарға негізделген десем болады және аталмыш бағыттарды іске асыруға күш салып жатырмыз.

– Иә, бірсыпыра жұмыстарыңызды әлеуметтік желілерден көріп отырмыз. Насихат жұмыстарын да қолға алғандайсыздар?

– Партиямыз басымдық беріп отырған бағыттардың бір тармағы осы екенін атап өттім ғой. «Ашық және есеп беретін органдар» деген. Сондықтан ашықтықты өзімізден бастауды жөн көрдік. Желіде тікелей байланысқа шығып, одан бөлек мәслихат депутаттарын көпшілік жұрт жақсы танып, оның немен айналысатынын білуі үшін әрбір халық қалаулысын таныстырып жатырмыз. Тұрақты комиссияның отырыстарындағы күн тәртібі, көтерілген мәселелер, талқылаулармен желі қолданушылары хабардар болғаны жөн. Сол себепті сайлаушыларымыздың алдында ашықтыққа жол ашып отырмыз. Оның нәтижесі де жоқ емес. Қазіргі күні сондай жарияланымдарға тұрғындар пікір білдіріп, бірі қолдау көрсетсе, келесілері қаланың әрбір аумағындағы орын алған мәселелерді жеткізеді. Оған өз ішімізде арнайы талдау жасап, өзектілігіне қарай орын алған мәселелерді шешуге атсалысып келеміз және осы бағытта жұмысымызды одан әрі жалғастыра беретін боламыз.

– Жетінші шақырылымдағы халық қалаулыларының құрамы жасарды деп жатырмыз. Дегенмен тәжірибесі толысқан және депутаттық мандатын жалғастырып жатқан азаматтар бар. Осы ретте түрлі көзқарастардың бір арнаға тоғысуында келіспеушіліктер туындап жатпай ма?

– Түркістан қалалық мәслихатында 16 депутат болса, соның 31,25 пайызы 35 жасқа дейінгі, одан жоғары жастағылар 68,75 пайызды құрайды. Сонымен бірге, олар төрт комиссия бойынша жұмыс жүргізеді. Атап айтсам, бірінші: Бюджет, экономикалық және әлеуметтік даму, нарықтық қатынастарды жүзеге асыру мәселелері. Екінші: Әкімшілік аумақтық орналастыру, құрылыс және коммуналдық қызмет көрсету салаларын, депутаттық өкілдік және этика ұйымдық-құқықтық қызметті қамтамасыз ету. Үшінші: Әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, ғылым, мәдениет, жастар ісі, туризм-спорт, тарихи мұраларды қорғау. Төртінші: Табиғат қорғау мен экологиялық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы.

Енді тәжірибе мәселесінде жастардың құрамын құралақан дей алмаймын. Осы күнге дейін әр салада халықпен тығыз жұмыс жасап келе жатқан азаматтар. Ал, мәслихатта келіспеушілік, пікір алмасулар секілді депутаттар арасында мәселе туындауы заңдылық. Қарауымызға түрлі мәселер ұсынылады. Оған барлығымыз бірауыздан қолдау көрсетіп отыра берсек болмайды ғой. Осындай жағдайда депутаттар арасында өзара қарамақайшылықтар туындайды. Әркім өз көзқарасын білдіруі керек. Ұсынылған мәселенің оңтайлы шешілуі үшін талқыға салынуы керек. Осы тұрғыдан қарағанда жұмыс барысында халық қалаулылары арасында келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Ал, мәслихаттың ортақ мәселесінде депутаттардың ынтымақ-бірлігі мығым деп сеніммен айта аламын. «Бірлік бар жерде – тірлік бар», – дейді дана халқымыз. Қала тұрғындары еліміздің жарқын болашағы үшін бізге сенім білдіріп отыр. Осындай жауапкершілік жүгі ауыр аманатты іске асыру үшін «Nur Otan» партиясы ел алдында уәде берді. Ендеше, партия өкілдері ретінде сенім үдесінен шығу үшін әрқайсымыз әр жаққа тартпай жұмыс жасауымыз қажет екенін халық қалаулылары терең сезінеді. Сол жолда жауапкершілікпен халық сенімін ақтауға барын салады.

– Бүгінгі таңда қалалық мәслихаттағы депутаттар қандай партияның өкілдері?

– Депутаттық корпуста қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін азаматтар бар. Қаладағы барлық маңызды мәселелер мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралады, келелі кеңестер де осында өтеді. Жалпы, қала мәслихаты депутаттарының басым көпшілігі «Nur Otan» партиясының мүшесі. Ал, депутат А.Мансуров Қазақстанның «Ақ Жол» Демократиялық партиясының мүшесі.

– Мақсат Асылбекұлы! Сіздің өнегелі отбасыдан шыққан азамат екеніңізді көпшілік жұрт біледі. Осыдан көп жыл өтпей әкеңіз Асылбек Таңғатаров ағамыз бастаған әулет облысымызда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды. «Әке көрген оқ жонар…» дегендей әке мен баланың еңбек жолында ұқсастықтар байқалады?

– Иә, отбасымызда төрт ұлмыз. Мен үшіншісімін. Бәріміз асқар тау әкеге қарап өстік. Ағаларым мен інім де өз жолдарымен тіршілік кешіп келеді. Әркімнің өз тағдыр жолы бар. Менің ата-анама елге қызмет ету бақыты бұйырған шығар. Шүкір, сол қызметтерінде абырой биігінен көрінді. Ендеше, маған да ата-анам жасаған ел алдындағы қызметті жалғастыру маңдайыма жазылған болар.

Шынында еңбек жолыма қарасам араға ширек ғасыр салып әкемнің ізін басып келе жатқандаймын. Тәуелсіздік алған жылдарда яғни, 1993 жылы әкем Асылбек әкімнің орынбасары қызметіне тағайындалыпты. Араға бір жыл салып 1994 жылы ҚР жоғары Кеңесі мен облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттарын сайлауы өтіп, осы жылы бірінші шақырылымдағы Түркістан қаласының мәслихат хатшысы болып сайланған.

Міне, айта берсем осылай сабақтасып кете береді. Мен де қызмет сатысында әкем секілді қадам жасап келе жатырмын. Қала әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Сол кезде қызметтік бөлмеме (әкімдіктің бұрынғы ғимараты) көзкөрген ағаларымыз келіп, «бұл бөлмеде сенің әкең отырып қызмет атқарған» деп ұқсастықтардың кеңседегі бөлмеге дейін сай келетін айтып еді.

Әрине, ұқсастық бола беруі мүмкін. Мен үшін ең бастысы өз Отаныма аянбай қызмет ету міндеті бірінші орында. Әке жолын жалғастыру бір әулеттің ішіндегі сәйкестік және мәртебе деп санағанымызбен халыққа қалтқысыз қызмет ету үлкен жауапкершілік деп есептеймін. Сол мақсатта уақытпен санаспай еңбек етуге әзірмін.

– Қызметіңізге мол табыс тілейміз. Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:

Мәлік ДӘУЛЕТОВ.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған