Thursday, November 21

АДАЛДЫҚ ҮСТЕМДІК ЕТПЕЙ, ӘДІЛДІК САЛТАНАТ ҚҰРМАЙДЫ

0
185

«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – деген Абай хакім адамзатты бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға шақырған. Бүкіл бабаларымыз адалдық пен әділдікті өсиет еткен. Өмірге келгендегі мақсат өмірді қалай болса солай сүру емес, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты, адал мен арамды, ақ пен қараны ажырата біліп, адамдықтан аттамай адал еңбек етіп, әділдік сақтап, тек өзіңе емес өзгеге де пайдасы тиетін қағидаттарды ұстана білу керек. Атаның емес, адамның баласы болып халықтың батасын алып, ықыласына бөленіп, елге еңбек сіңіру азаматтық борыш. Көбінесе жан бағу деген қарекет табалдырықтан әрі аса алмай жатады. Нағыз ердің санасында ел деген ұғым биік тұруы тиіс.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда ұлттық бренд, идеология, тарих, сана, мәдениет, тәрбие, жалпы ұлттық құндылықтар мен креативті индустрия, саяси талдау, сараптау, шекаралас аймақтарды дамыту, мемлекеттік қызметкерлерді адалдық пен әділдікке жетелейтін қасиеттер мен істерге кеңінен тоқталды. Түсінгенге әділетті әрі адал қоғам жайында терең мағыналы ой айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс»,- деді. Кез-келген бастама адалдық әрі табандылықпен атқарылатын болса, міндетті түрде нәтижелі болады. Әрбір азаматтың ойында тек «мен» деген жеке ұғым емес, бойында «біз» деген ортақ ұстаным болуы тиіс. Сонда бүтін ел өркендеп, тіршілік түзеледі. Еліміздің жарқын болашағы үшін игілікті істерге бастайтын пайдалы азаматтар керек. Нақты мақсатқа жету үшін тиянақты бағыт-бағдар да қажет.

«AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Астанада алғаш рет әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық форумы өткені мәлім. Келелі кеңестің мәнісі тіпті аудандық деңгейдегі депутаттардың имиджін қалыптастыру, сайлаушылармен байланыс орнату, уәделерді орындау сияқты жұмыстар бүге-шүгесіне шейін талқыланды. Әйтпесе бұрын сайлау алдында алашапқын болып, кейін ауылға ат ізін салмайтындар да болған. Тұрғындарға төбе көрсетпейтін әкімдер де бар. Мәселесін шешетін, шағымын тыңдайтын не әкім, не депутатын таппаған соң, халық көшеге, әлеуметтік желіге, тіпті халықаралық ұйымдарға шығып кетті. Заман өзгеріп, өзгергенді көз көріп жатыр. Орнында бар оңалар, енді. Форумның мақсаты Президент айтқандай халыққа адал қызмет етіп, әділетті Қазақстан орнатуға күш салу еді.

Мәжіліс Төрағасы, Партия Төрағасы Ерлан Қошанов:«Біздің – мақсатымыз айқын. Ол – Мемлекет басшысы қолға алған реформаларды аяғына дейін табысты жүзеге асыру. Баршамызды бір миссия – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету миссиясы біріктіреді. Өткен жылы, Партияның сьезінде Мемлекет басшысы: «Мәслихат депутатының төсбелгісі оны халық сайлағанын білдіреді және депутат тек халықтың мүддесі үшін қызмет етуі керек» деген еді. Сондықтан, бізге қойылатын талап та аса жоғары болатынын естен шығармайық. Келесі маңызды мәселе – сайлаушылармен өзара іс-қимыл. Біз не істесек те, сайлаушылардың мүддесі үшін қызмет етеміз. Ол үшін қазірден бастап мәслихаттардың жұмысын түсінікті, ашық негізде жүргізу қажет. Жергілікті жерде бірқатар олқылықтардың бар екені жасырын емес. Азаматтар көбіне әділетсіздік пен немқұрайлы көзқарасқа  шағымданады.

Соның кесірінен адамдар әділет іздеп Астанаға сабылады. Депутаттармен, министрлермен, тіпті Мемлекет басшысымен кездесуді талап етеді. Айналып келгенде, сол проблемалардың көбі сіздердің ықпалдарыңызбен өңірлік деңгейде шешілетін нәрселер.

Сондықтан, барлық проблеманы орталыққа ысырып қоятын әдеттен арылғанымыз жөн деп ойлаймын. Әр өңірде партиялық кеңестер бар екенін де ұмытпаңыздар. Сол кеңестерге әкімдерді, басқа да лауазымды тұлғаларды шақырып, өзекті мәселелерді бірге талқылап, шешуге болады» – деп, ақиқатын айтты.

Биылғы сайлау бұрынғыдан өзгерек өтті. Партия қатарында барлар да, жоқтар да сайлауға түсе алды. Мен де сайлаушылар сенім артып, бірмандатты округтен сайланған депутатпын. Мінбер жоғарылаған сайын міндет көбейе түседі. Мәжіліс мандаты міндетті жауапкершілікті арттырады. Өйткені тек мәселе көтеріп қоймай, ел үшін маңызды құжаттардың қабылдануына атсалысады. Айналасы 3 айда үкіметке 12 депутаттық сауал жолдадым. Көпшілікпен алғашқы сессияда істеген жұмыстың есебімен бөлісуді жөн санадым.

Түркістан еліміздің ірі облыстарының бірі. Жер көлемі жөнінен сай келмесе де, тұрғындар саны жағынан асып түседі. “Көптің уайымы – көп, аздың уайымы – аз” дегендей, бұқараның саны артқан сайын өзекті мәселелері де көбейіп келеді. Оның үстіне әрісі 50-60, берісі 30 жылдан бері тозығы жеткен, жаңалауды қажет ететін дүниелер де жетіп артылады. Әлеуметке керегі сол баяғы мектеп, аурухана, емхана, жол, газ, су, жарық, жұмыс орындары. Сайлау алдында сайлаушылармен кездесіп, базынасын тыңдадық. Енді сол бойынша жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Айналасы 3 айда үкіметке оннан аса депутаттық сауал жолданды. Ауыз толтырып айтарлығы мектеп, ауыз су, газ мәселесінің оң шешімін тапқаны.

Облыста 125 ауылда тіршілік нәрі болмай сатып алса, өзгесінде йоды, тұзы шамадан тыс, одан қалса құрттап кеткен суды ішуге мәжбүр. Құбыр жүргізілсе де, су жеткізілмегендері тағы бар. Мұндай келеңсіздіктер Ордабасы, Отырар, Жетісай, Келес, Қазығұрт, Мақтаарал, Созақ, Түлкібас, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сауран аудандары мен Арыс, Түркістан, Кентау қалаларында белең алған. Құрылыс әлдеқашан аяқталса да, пайдалануға берілмеген. Бұған су көздерін барлау мен жобалық-сметалық құнының дұрыс жасалмауы, мердігерлердің он екіде бір сайманының түгел болмауы, нысанды эксплуатацияға қабылдау кезінде жауапты бөлім басшыларының кемшіліктерге көз жұма қарауы сияқты факторлар бірден-бір себеп. Салғырттықтың салдарынан опық жейтін халық. Судың сапасыздығынан неше түрлі аурулар асқынып кеткен. Сол сияқты Арыстағы Жиделі, Монтайтас, Дермене ауылдық округтеріндегі су құбырлары да, 3-К-1 каналы да, қаланың орталық жылу қазандығы да күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жұмыстарға жалпы 5 млрд теңгеден астам соммаға жоба жасалған. Қаржыландыруды республикалық бюджеттен күтеміз. Осылардың бәрін ескере отырып, ең алғашқы депутаттық сауалдардың бірін  ауыз су тақырыбына арнадым.

Нәтижесінде үкімет 2023-2025 жылдарға арналған арнайы бағдарлама аясында  Түркістан облысына қарасты 113 елді-мекенді ауыз сумен қамтамасыз етіп, 204 ауылда тозығы жеткен су құбырларын жаңалайтынын жеткізді. Биыл 66 нысанның құрылысы жүргізіледі. Оған бюджет есебінен 17,4 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда қалаларға – 3,2 млрд теңгеге – 12, ауылдарға – 14,2 млрд теңгеге – 54 жобаның жұмысы атқарылады. Оның ішінде, 46 нысан ағымдағы жылы аяқталса, қалған 20 нысан алдағы жылы пайдалануға беріледі. Қазір аудан, қала әкімдіктерімен жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстар аудандық немесе сумен жабдықтау мекемелерінің инвестициялық бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады деп күтілуде. Сондай-ақ, сумен жабдықтау нысандарын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру бойынша әр тоқсан сайын ауыз су сынамалары облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқарманың зертханаларында тексеріледі. Жалпы алғанда, Түркістан  тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жалғасын тауып, үкіметтің бақылауында болады. Келешекте үкімет ауыз су тапшылығы мен кіріптарлықты болдырмаудың жолдарын қарастыру қажет.

Жаз маусымында туындайтын тағы бір проблема – ағын су. Оңтүстікте жыл сайын миллион гектардың айналасында егін салынады. Оның жартысына жуығы суармалы. 30 пайызы Жетісай, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Десе де ағын су тапшылығы ала жаздай титықтап шығады. Жылыжайы көп Сарыағашта да осындай жағдай. Өзбекстаннан Сырдария өзені арқылы егіс алқаптарына тарайтын «Достық» трансшекаралық магистральді каналында механикалық тазарту жүргізу керек. Осының кесірінен су көлемі 3 есеге азайып кеткен. Су құмға сіңіп кетпесін деп өңірдегі магистральді каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру, суармалы жерлерге мелиоративтік мониторингті күшейту, ағын суды үнемдеу технологиясын енгізу үкіметке ұсынылды.

Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасы бекітілгені белгілі. Өткен жылы елімізде 11 миллион 600 мыңдай абонент газбен қамтамасыз етілген. Ал, Түркістанда 368 ауыл азаматтары көгілдір отынға жарымай келеді. Облысты түгел табиғи газбен қамтуға 75 млрд 200 млн теңге қажет екенін де үкіметке жеткіздім. Сондай-ақ, 2022 жылы газдандыру бойынша 584 млн теңге қаралып мемлекеттік сатып алу байқауы өткізілгенімен, 2023 жылы бюджетті нақтылау кезінде қаржыландыру белгісіз себептермен қысқартылған Арыс қаласына қарасты Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, Аққала елді-мекендеріндегі жағдайды да көтердім. Үкіметке депутаттық сауал жолдап, облыс бойынша жауабын алдық. Арыста аты аталған ауылдар 2024-2026 жылдары газдандырылмақ. Ал, облыста биыл 6,9 млрд теңгеге осы бағытта 22 жоба іске асырылады.

Түркістандықтардың қарасы 2 миллионнан асады. Жыл сайын 40 мыңдай нәресте дүние есігін ашады. Бұл дегеніміз әр жаңа оқу жылында 40 мың бала мектеп табалдырығын аттайды деген сөз. Осыдан-ақ, білім ошақтарының қажеттілігін байқаймыз. Өңірдегі мектеп мәселесін шешу бойынша депутаттық сауал жолдаған соң, бұл мақсатқа Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен 344 млрд 600 млн теңге бөлінді. Бұйырса 2024-2025 жылдары 63 мектеп пайдалануға беріледі. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылы 29 мектептің құрылысын бастап 2024 жылы, ал 34 мектептің құрылысы  2024 жылы басталса 2025 жылы аяқталады. Яғни, 2023 жылға – 54,6 млрд, 2024 жылға – 116,8 млрд, 2025 жылға – 173,2 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, “Білім инфрақұрылымын қолдау қоры” есебінен өңірдегі 11 мектептің құрылысын аяқтау үшін 11,6 млрд теңге, бұдан бөлек ағымдағы жылы жалпы сипаттағы трансферттер аясында 37 білім ұясының құрылысына 22,6 млрд теңге берілді. Қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы мен мектептердің дер кезінде пайдалануға берілуін қадағалауда ұстаймыз. Бұлайша 344 млрд 600 млн теңгенің бірден бөлінуі бұрын соңды болмаған жаңалық. Осының арқасында облыста мектеп салу ісі басталды. Айта кету керек, ал әзірге ауыл арасында қатынап оқитын оқушыларды тасымалдау үшін арнайы автобустар аудандарға үлестірілді.

Адам көбейген сайын әрбір ауылда амбулаториялық пункт ашып, жалпы тәжірибелі дәрігерлерді тартып, бір-бір жедел жәрдем көлігінің қажеттілігі туындап жатыр. Өйткені жүкті әйелдер мен ауыр сырқаттанған науқастарды аудан орталығы тұрмақ, ауылдық округтің өзіне жеткізудің өзі мұң боп жатқан жерлер жетерлік. Оның үстіне жоғарыда айтылған сапасыз ауыз су тұтынатын ауылдарда ішек, бауыр, бүйрек аурулары асқынып, көп салалық аурухана салуды қолға бөлу күн тәртібінде тұр. Мысалы шардаралықтар сол санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін Шардара су қоймасының суын ішіп отыр. 60 мыңнан астам тұрғыны бар Арыста бір мезгілде 500 науқас қабылдайтын емхана ғимаратының құрылысына қажетті 3,2 млрд теңге де бөлінетін болды. Бұл жөніндегі депутаттық сауалға Қаржы министрлігі 2024-2026 жылдарға бағытталған лимиттер негізінде қаржыландырылатынын хабарлады.

Инфляция мен девальвацияның салқыны тимеген сала қалмаған шығар. Әсіресе сауда-саттық, өндіріспен айналысатындардың сан соғып жатқаны жасырын емес. Теңгенің құлдырап, доллардың өсуі валюта алыпсатарларының оң жамбасына келгенімен былайғы жұртты титықтатып жіберді. Олардың қатарында тек тұрмысы төмен бұқара, жұмыссыздар емес  ірілі-ұсақты бизнес өкілдері де бар. Мысалы мақташылар шаш етектен шығынға батты. Жылда егін мен жиын-терім науқанында жанар-жағар май бағасының шарықтап шыға келетініне бәрі наразы. Дәл осы уақытта зауыттар да қолдан тапшылық жасап, монополистердің ойына келгенін істейтінін айтып, ұлардай шулайтын бір жұрт. Былтыр мақташылар да, жылыжай өсірушілер де банкрот болды. Бірін баға қысса, бірін қыстың қытымыр аязы қысты. Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігі пәленбай жылдан бері мақта сортының сапасыздығын сылтауратудан жаңылмайды екен. Бізге берген жауаптарында да алға тартқан желеудің бірі осы. Кеңінен тарқатсақ, Түркістан облысындағы жалпы егіс алқабының 70 пайызын мақта шаруашылығы құрайды. Сол себепті түстікті «ақ алтынның» отаны санайды. Алайда, біздің өлкеде мақта жіп иіріп, мата тоқитын, киім тігетін ірі өндіріс жоқ. Мақта өсірілетін аумақта 1 миллионнан аса адам өмір сүреді. Олардың көбе осы шаруашылықпен күн көреді. Соңғы жылдары өнімге сұраныстың азаюы бағаның төмендеуіне әкеп соқты. Сөйтіп өткен жылы бұл сала құлдырап, соның салдарынан мақта сапасы да төмендеп кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі түріктің қымбат  тұқымын ұсынып, тиімсіз іске күш салған. Жергілікті шаруалардың қалтасына сай келмеген соң, сатып ала алмаған. Мақташыларға өткізілген өнім көлеміне қарай субсидия беруді қайта жандандыру және элиталық шитті өзімізде өсіру керек. Өзектілігін жоғалтпағаны мақтаны әрі қарай өңдеу ісінің жолға қойылмағаны. Ал, көршілес Өзбекстанның әр облысында бірнеше тоқыма-тігін фабрикасының барын естен шығармаған абзал. Онда тіпті 22 кілем фабрикасы болса, бізде екеу-ақ. Сол себепті олардың жеңіл өнеркәсібінің шаңына ілесе алмай келеміз. Киім тігу жағынан Қырғыздардан оза алмай жатқанымыз қынжылтады. Бұл да бір депутаттық сауалға себеп болды. Құзырлы министрлікке мақтаның сапасын жақсарту, жаһандық нарықта бәсекелестікті арттыру үшін элиталық тұқымды тиімді бағада сату, шаруалардың шығынын ішінара жабу үшін дайын өнімнің әр тоннасына субсидия төлеу, мақта өнімдерін өңдейтін тоқыма-тігін фабрикаларын ашу ұсынылды. Олар түрік ғалымдарымен бірлесіп мақтаның заманауи сорттарын дайындау технологиясының енгізілетінін, субсидиялау жүйесінің жетілдіріп,  ашықтықты қамтамасыз етіп жатқанын айтты. Шымкентте мақта талшығының 40 пайызын өңдейтін 4 кәсіпорынның істеп тұрғанын, ал,  Облыста 2025 жылға дейін тоқыма-тігінмен айналысатын 3 ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылатынын айтты. Бұдан бөлек Өзбекстандық серіктестермен бірлесіп тоқыма кластері құрылады.

Түркістан жылыжай көкөнісін өсіру бойынша еліміздің жетекші өңірлерінің бірі, республика жылыжайларының 67%ы тиесілі. Өкінішке орай, қаңтарда жауған қалың қарға шыдас бере алмаған. Себебі жылыжайлардың 94%-ы шаруалардың өз күшімен салынған жеңіл құрылыстар екен. Жылыжайларды стандартқа сай жаңа технологиямен салу үшін қожалықтарға мемлекет тарапынан төмен пайыздық ұзақ мерзімді несиелер бөлу керек. Мәліметке қарағанда, алдыңғы жылға қарағанда былтыр жылыжайда қызанақ пен қияр өсіру 71,8 мың тоннаға төмендеген. Отандық көкөніс өндірушілердің аздығынан Қазақстан нарығын импорт басып, экспорт көлемінен 10 пайызға асып кеткен.

Негізі облыс көлемінде ірі индустриялық өндірістер жоқ, жергілікті жұртшылық негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен айналысады. Мемлекеттен жылыжай өндірісіне төмен 5 пайыздан аспайтын ұзақ мерзімді несиелер мен гектарлық субсидиялар бөліп, нақты көмек көрсетілгенде ғана жылыжай өндірісі өркендейді әрі бәсекелестікке бейімделеді. Әлемде ауылшаруашылығымен байыған мемлекеттер баршылық. Оларда шаруашылықтардың дамуына қолайлы жағдай жасайды. Мысалы, Еуропаның құлпынай өсіретін жылыжайларын тамашалауға туристер ағылып жатады. Агро бизнестен АҚШ жерін де, жағдайын да, ақшасын да аямайды. Ал, біздің үкімет тұрақты нормативтер негізінде нақты қожалықтарға ғана қомақты көмек көрсете алады да. Ұсақ шаруашылықтар игіліктерге жетпей жатады. Үкімет «Кең дала», «Агробизнес» әмбебап несиелендіру бағдарламасының аясында жылыжайлардың мәселесін шешетінін мәлімдеді.

Түркітілдес мемлекеттер Кеңесінің Саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда түркі елдерінің бірлескен арнайы экономикалық аймағын құруды тапсырған еді. Бұл облыс үшін игілігі мол іс. Мемлекет басшысының бастамасын ТМҰ  қатысушылары да қолдап, Самарқан қаласында өткен Саммитте «TURAN» АЭА тұжырымдамасы бекітілді. Осыған сәйкес Түркістандағы қолданыстағы «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын мен «TURAN» АЭА-ның аумағын қосу көзделген-ді. Өйткені ТМҰ-ға мүше мемлекет бизнесмендеріне ерекше мәртебе беріліп, өңдеу өнеркәсібіне қатысты барлық қызмет түрлеріне рұқсат етіледі. Индустриялық алаң халықаралық деңгейде болғандықтан бизнестің өсіп-дамуына жайлы жағдай жасалады. Олар тіпті даулы мәселелерді шешуде халықаралық сотқа жүгіне алады. Рухани астанада туризммен қатар экономикалық дамуға да жол ашу керек. Осыған байланысты «TURAN» АЭА- құру мен оның қызметін атқару бойынша «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» және «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Президенттің бұл жөніндегі тапсырмасына екі жылдан асып барады. Алайда елеусіз-ескерусіз қалғандай, әлі күнге нақты ешкім білек сыбана кіріспеді.  Қандай жоба іске асса да, көпшіліктің кәдесіне жараса игілін ел көреді деп бұны да депутаттық сауал етіп жолдадым.

Үндістанның медицинасы да, фармацевтикасы да күн сайын дамып жатыр. Қазір әлемдік аренада алда келеді. Ол жақта рак ауруларын емдеуге ерекше ден қойған. Үндістанның клиникаларында әр пациентке дәрігердің нұсқаулығымен жеке дара препараттар дайындап беретін фармацевтикалық орталықтары жұмыс істейді. Біздің елден бауыр цирозы, асқазан жарасы, өкпе құрты дертін асқындырып барғандар сауығып оралып жатыр. Бұл медицинаның мықтылығы мен дәрі-дәрмектің дұрыс әрі сапасының дәлелі. Ал, сол Үндістан фармацевтикасына  қажетті шикізат жан-жақтан жеткізіліп жатыр. Оның арасында контрабандалық жолмен Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Қытай асып жатқан Қазақстанның сасық кеурегі мен қызыл миясы бар. Елімізде сасық кеуректің оннан аса түрі өседі. Бізде елеусіз және құнсыз болғанымен шет елдерде үлкен сұранысқа ие. Өнімнің келісі 100-150 долларға бағаланады. Сасық кеурек 5 жылда бір гүлдеп, 10 жыл өмір  сүреді. Қызыл мия да сол шамалас. Сасық кеурек онкологиялық ауруларға таптырмас ем болғандықтан сұраныстан түспейді. Іргедегі Өзбекстан мен Тәжікстан бұл өсімдікті өздерінде өсіруге кірісті. Косметикалық, парфюмериялық өнімдер шығаратын елдерде қажетті гүлдердің плантациясы болады. Біз қолда бар алтынның қадірін білмей, дермене, мия, кеуректің тамырымен қопарып тонналап тонап жатқандардан қорғай алмай жүрміз. Керек десеңіз қызыл мия «Қызыл кітапқа» да енбеген.

Үшеуі де дәрілік өсімдіктер тізбегіне жатады. Сасық кеуректі теруге рұқсат берілмеген. Дермене жусаны тұқымы құрып бара жатқан бағалы дәрілік өсімдік. Заңда олардың популяциялары мен қауымдастықтарының жойылуына жол берілмейтіні, қатаң белгіленген тәртіпте қорғалатыны жазылғанымен, қоршалып та, қорғалып жатқан жоқ. Мияны “Қазақстанның қызыл кітабына” енгізу, осы үш дәрілік өсімдіктердің қорларын анықтауды, өңдеуге және өндіруге дайындауды, шикізатын экспорттауға тиым салуды, тұқымын сақтау және көбейту шараларын күшейтуді, фармацевтикалық мақсатта қолдану үшін Оңтүстік өңірде арнайы плантациялар салуды үкіметке тапсырдық.

Табиғат байлығын қорғау дегеннен шығады. Семей орманы резерваты өртенгенде не атқарушы билік, не сол ағаш, тау, тасты, дәрілік өсімдіктерді ұрлайтындарда жауапкершілік пен жанашырлықтың жоғын, салғырттықтың көбін байқадық. Бұл салада да реттейтін мәселе өте көп екен. Апатты жағдай орнамаса, төтенше жағдайлар мен орман шаруашылығының, табиғи парктердің ақиқаты ашылмас еді. Статистикалық мәліметке сенсек, Қазақстанда жылына әртүрлі себептермен 12 мың өрт орын алады екен. Соңғы 3 жылда 33 мыңдай апаттан 207 983 адам зардап шегіп, 4 кісі опат болған. Жылына 400-дей отандасымыздан көз жазып жатыр екенбіз. Төтенше жағдайлар қызметінде өрт сөндіру көліктері, авиациялық тікұшақтар, апаттарды барлау құрылғылары мен құрылымдары жетіспейді. Осының кесірінен мыңдаған гектар орман өртеніп кеткен.  Шын мәнінде көптеген құрылымдардың құрылымын қайта қарап, реттеу қажет сияқты. Өйткені қазіргідей жаз маусымында кез-келген аймақтан апат орын алған аумаққа қосымша күш тартудың өзі қауіпті. Неге десеңіздер, абайсызда өрт шығатын болса әр өңірдің өз қызметі өздеріне қажет боп қалуы бек мүмкін. Сол себепті әр облыстың өрт сөндіру қызметі сақадай сай болуы тиіс. Алапат өрт кезінде 51 техника мен 190 адамның күші күресуге жетпейді. Бізге белгілісі, өрт сөндірушілердің күні ескі көліктерді жөндеумен өтіп жатыр екен. Сол сияқты көп жылдар бойы құтқарушы қызметкерлердің еңбегі еленбей, бұл салада да жемқорлық белең алған. Осыларды ескере отырып техникалық базаны жаңалауға, қызметкерлер санын көбейтуге ден қою қажет.

Ормандарда өрт бақылау мұнаралары жоқтың қасы. Өткен 5 жылда ен далада 500 от тұтанып, 1,5 млн гектар жер жанып кеткен. Ал, құзырлы министрліктің есептеуінше төтенше жағдайлар қызметінің 73 пайызы қажетті техникалар мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бес қаруы сай болса да, өртеніп кеткенше отты ауыздықтауға қауқарсыз ба? Бұл есептің барлығына жіті тексеру жүргізу керек.

Әлемде суы мен нуы көп елдер баршылық. Әсіресе мұхит немесе теңіз жағалауында, орман айналасында, тау етегінде тұратын жерлерде арнайы құтқару қызметі күндіз-түні қауіпсіздікті күзетеді. Және де заманауи техникамен жабдықталған. Барлық облыстарда, аудан, қаладарда, ауылдық округтер мен елді-мекендерді өрт сөндіру техникасымен қамтамасыз ету, орманшылардың штатын кеңейтіп, жалақысын көтеруді, оларды орман аумағын өрттен бақылап жүретін дрондармен қамтамасыз етуді, бұқара демалысқа жиі баратын ормандар мен ірі өзен-көлдердің басында арнайы құтқару қызметін құруды, әуеден бақылау үшін арнайы тікұшақтардың санын көбейту, орман, тауларға апаратын жолдар салуды, барын сапалы етіп жөндеуді үкіметке сауал етіп дер кезінде жолдадым.

Сайлау алдында сайлаушылармен кездесу барысында ең көп айтылған мәселе жұмыссыздық пен зейнет жасын төмендету. Абай хакім қырық екінші қара сөзінде: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» – деген. Көптеген жобаларға қыруар қаржы бөлінгенімен, іске аспай қалған. Соның кесірінен жұмыссыздық жойылмай жатыр. Ауылдарда жұмыс орындарын көптеп ашылуын қолға алу керек. Қазір кей әкімдіктер мыңдаған адамның жұмыспен қамтылатынын жарнамалап, қисынға келмейтін іспен айналысуда. Және жұмыс істеудің кері осы екен деп қара жұмысшылар мен мектеп мұғалімдерін, дәрігерлерді алпыстан асқанша жұмысқа жегіп қоюға да болмайды. Зейнет жасын 55-ке дейін түсіру қалың бұқараның талабы. Өзекті мәселені үкіметке жолдап, депутаттық сауалға жауап күтіп жүрміз.

Министрліктердің көптеген сауалдарға салғырт қарауы депутаттардың наразылығын тудыруда. Үкіметтің де, үкімет мүшелерінің де, аймақ әкімдерінің де кандидатурасын мақұлдайтын депутаттар. Әртүрлі деңгейдегі атқарушы билікті халықтың мәселесіне ат үстінде отырып алып, жүрдім-бардым қарауына жол берілмейді. Онсыз да министрлер мен әкімдерге сенуден қалған сайлаушылар тек депутаттарға иек артып отыр. Менің өзіме күніне қанша адам ауылдың проблемасын айтып жатады. Депутат болудағы мақсатым да халықтың қалаулысы деген абыройлы атақтың атын ақтау, сенімнің үдесінен шығу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай әділетті Қазақстан орнату үшін азаматтарға адалдық керек. Елге адал және әділ қызмет етуден басқа бөтен ой жоқ. Адалдық үстемдік етпей, әділдік салтанат құрмайтынын ұмытпаған жөн.

Қайрат БАЛАБИЕВ,

ҚР Парламенті Мәжілісің депутаты.

 

Leave a reply