Ануарбек Ахметов: «ТҰТЫНУШЫЛАР ГАЗОБЛОКТЫҢ ТИІМДІЛІГІН ТҮСІНІП КЕЛЕДІ»

0
60

 

Түркістанда экологиялық газобетонды жылу блоктарын шығару өндірісі ашылып, нарыққа жол тартқанына көп болған жоқ. Нарықта зор сұранысқа ие, газоблок атауымен белгілі бұл құрылыс материалын шығаратын өндіріс орны – «Euro Blok Producktion» деп аталады. Біз осы өндіріс мекемесі басшысы Ахметов Ануарбек Алиакпарұлымен тілдескен едік.

– Ануарбек Алиакпарұлы, газоблок өндірісі Түркістанда жаңа басталған өндіріс деп естиміз. Бұл кәсіппен қай кезден айналысып келесіз?

 

– Бұрын Түркістан өңірінде бұл газоблок өндірісі болмаған. Алматыда, Шымкентте тағы басқа да қалаларда бұл өндіріс жүйелі жолға қойылған, ірі цехтар да бар. Түркістанға тұңғыш біз алып келдік. Газоблокты 2013 жылдан бастап шығарамыз. «Euro Blok Producktion» кәсіпорыны 2019 жылы құрылды, осы жылы индустриалды аймаққа қоныстанып, өндірісті жүйелі, кешенді түрде жүргізіп жатырмыз.

 

– Жалпы бұл қандай құрылыс материалы, құрамы қандай? Біздегі құрылыстарда негізіне шлакоблок қарқын алған еді. Бұның тиімділігі неде? Күйген кірпіштен, шлакоблоктан не айырмашылығы бар? Әлде арзан ба?

 

– Жалпы газоблок деген немістердің технологиясы. Өзінің қосылатын бірнеше қоспалары бар. Рецептін өзіміз шығардық. Астанада армиированный ірі газоблок зауыты бар. Астанадағы рецепті алып келген едік бірақ, ол біздің Түркістанның климатына сай келмеді. Бұл материалдың құрамы өте талғампаз: оған қосылатын суы да, құмы да өте маңызды. Сондықтан мейлінше таза карьерден алынған шикізаттарды қолданамыз. Қолданылып жатқан шикізаттың барлығы да сертификатталған, цементтің де жоғары сұрыптысын қолданамыз. «Шымкентцемент» зауытының ең жоғары сұрыпты «Гейдельберг» маркалы цементін қосамыз. Цементтің маркасы, сапасы төмен болса, газоблоктың сапасы да төмен болады. Соңғы кезде тұтынушылар бұл материалдың сапасын, басқа материалдарға қарағанда тиімділігін түсіне бастады. Есептеп қарағанда газоблок (күйген) кірпішке қарағанда 40 %-ке артық жылу ұстайды. Ал, шлакоблоктан қарағанда әлдеқайда тиімді. Шлакоблок қыста жылу ұстамайды, жазда ыстық тартады. Тұрғындар құрылыс материалдарынан үнемдегенімен, жылуға көп шығын кететінін түсінді. Бұған шлакаблоктай іші-сыртынан қалың сылақ жүргізудің, жылытушы материалдармен қаптаудың қажеті жоқ. Былай қарағанда бірден тегіс сылақ жасап, обойыңызды немесе эмульсия жағып кетуге болатын дайын өнім. Әрі басқа құрылыс материалдарымен салыстырғанда экологиялық жағынан да сапасы жақсы. Осының бәрін есептеп қарағанда, соңғы нәтижеде неміс технологиясының жемісі газоблоктың тиімді екенін көпшілік түсіне бастады, сондықтан да бұл өнімге нарықта сұраныс жақсы жүріп жатыр.

 

– Технологияны қайдан алдыңыздар? Жалпы, өндіріс жолға қойылды ма, қанша адам жұмыс істейді цехта?

 

– Технологияны ірі кәсіпорындардан көріп, өзіміз жасап үйрендік. Жоғарыда айттым ғой, рецепті жергілікті жердің жағдайына, бейімдеп жасап өзіміз шығардық. Цехтағы құрылғылар мен станоктарды «Алтайстроймаш» деген белгілі компания Ресейден алдырғанбыз. Өндірісте бүгінде 10 адам тұрақты жұмыс істейді. Бұл өзі көп қол күшін талап етпейтін толық автоматтандырылған өндіріс. Сол себепті аз ғана адам еңбек етеді, олардың өзі екі ауысыммен жұмыс істейді.

 

– Өндіріс көлемі қандай: күніне немесе айына қанша газоблок шығарасыздар? Қай аймақтарға сатылып жатыр өнімдеріңіз?

 

– Бізде күніне 26 куб шығарамыз, яғни 800 дана көлемінде өнім шығады цехтан. Негізінен қалаға, Жаңа қала құрылысына, Түркістан облысының барлық аймақтарына тарайды. Қызылорда облысынан да клиенттер бар: Жаңақорған, Шиелі аудандарынан тұрақты клиенттер бар. Жаңақорғанның Манап ауылында 2 қабатты балабақша соғуға, тағы сол ауданнан мектеп, тағы басқа құрылыс нысандарына біздің газоблокты алып салған құрылыс мекемелері болды.

 

– Осы өндірісті, бизнесті бастарда мемлекеттен қолдау болды ма? Жалпы қандай мәселелер бар?

 

– Мемлекеттен қолдау болды, алғашқы кезде. Осы индустриалды аймақтан орын берді. Мұнда бір жақсысы инфрақұрылым мәселесі толыққанды шешілген: жол, су, электр энергиясы, газ жеткізілген. Теміржол тұйығы мен кәріз жүйесіне қосылғалы жатыр. Осының бәрі кәсіпкердің игілігіне қызмет жасап тұр, мұның өзі біз үшін үлкен демеу. Біздің несібемізге қарай соңғы жылдары қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Индустриалды аймақ әкімдігі құрылысшыларға біздің өнімдерді ұсынады. Қаладағы құрылыс компанияларының тоқсан пайызға жуығы біздің клиенттер десек артық айтқандық емес. Осы жағынан да индустриалды аймақта орналасуымыз бізге тиімді болды.

Негізгі мәселе – нарықтың тұрақтылығында. Өнім өндіруші шикізат нарығына тәуелді. Жанар-жағармай, электр энергиясы, әсіресе цементтің бағасы тұрақты болса дейміз. Бірақ, олар біздің қолымыздағы дүние емес. Цементтің бағасы бір жылда төрт-бес ретке дейін көтеріліп, ойнап тұр. Мұның бәрі бізді ойландыратын мәселелер. Айта берсек, табылады…

 

– Бәсекелестер көп пе, аз ба?

 

– Нарықтың заңы ғой бәсекелестік. Бәсеке болған жерде сапа болады. Қанша бәсеке болғанымен, тіршіліктің күре тамыры, тіні – құрылыс десек, құрылыс бар жерде баршамызға алушы, клиент жетеді деп ойлаймын. Оның үстіне біздің «Euro Blok Producktion» өнімі жай үй іргесінде ашылған (тіркелмеген) ұсақ-түйек өндіріс емес. Өнімдеріміз тиісті мекемелерден сертификаттаудан өткен, стандартқа сай, сапалы өнім. Шикізат құны көтерілгенімен бағаны осыдан екі жыл бұрынғы бағада ұстап тұрмыз. Кубы – 21000 теңге. Мемлекетке уақытылы салығымызды төлеп, жұмысшылардың жалақысын кешіктірмей, зейнетақы қоры мен МӘМС жүйесіне тиісті аударымдарын аударып отырған мекеме болғандықтан бәсекелестік жағынан аса қауіптенбейміз.

 

– Алдағы уақытта қандай жоспарлар бар?

 

– Алдағы уақытта өнімнің ассортиментін көбейту жоспарда бар. Өнімдердің пеноблок, полистрол блок деген түрлерін қоссақ деген жоспарымыз бар. Пена полистрол блок газоблоктан да жылуды жақсы ұстайтын, өте тиімді құрылыс материалы соны өндіруді зерттеп жатырмыз, бұйыртса келесі жылы шығарсақ дейміз.

 

– Әңгімеңізге рахмет, кәсіптеріңізге табыс тілейміз.

 

Сұхбаттасқан:

Әтіргүл ТӘШІМ.

Leave a reply