АРНАЙЫ ЖАСАҚ ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ 2 БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР ТАБЫСТАЛДЫ

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бүгін Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халықаралық деңгейде ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижеге қол жеткізген полиция қызметкері — Айнұр Қабылқызын қабылдап, 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады.
Дубай қаласында өткен халықаралық «SWAT Challenge» чемпионатында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі құрамындағы «Томирис» командасының сапында өнер көрсеткен Түркістан облысы Полиция департаментінің арнайы жасақ инспекторы Айнұр Қабылқызы үздік нәтижеге қол жеткізіп, жүлделі ІІ орынды иеленген болатын.
Отан алдындағы абыройлы қызметі мен батылдығы үшін Айнұр Қабылқызы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Батыр қыздың бұл жетістігі ескерусіз қалмай, Түркістан қаласының әкімі әкімдік пен қала тұрғындары атынан өз алғысын білдіріп, облыс әкімінің атынан 2 бөлмелі жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады.
Сонымен қатар, Айнұр Қабылқызының ата-анасы — Қабыл Атынбекұлы мен Шолпан Аманбайқызы да елге лайықты ұрпақ тәрбиелегендері үшін қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.